Адамзат жаратылғаннан бері әр түрлі табиғи апаттарды басынан өткеріп, табиғат ананың қаншама сұрапыл, жойқын, бұзушы күштеріне куә болып келеді. Табиғи апаттарға – жер сілкінісін, сел жүруді, қар көшкінін, су тасқынын, қалың қар басуды, қатты дауылды, табиғи өртті жатқызуға болады. Қазақ халқы бұл тізбедегілерді «табиғи апаттар» деп ресми түрде айтпай-ақ, зілзала деп те атаған. Осы зілзалалардың қайсысының болсын табиғатқа да адамға да әкелетін зардабы мен шығыны аз болмайды. Зілзала көбінесе күтпеген жерден болатын болғандықтан, адамдардың қалыпты өмірінің аяқ астынан астаң кестеңін шығарады, материалдық тұрғыдан да зор зардабын тигізеді, тіпті адам өміріне қауіп төндіріп, ажалға да себеп болады. Зілзаланың тек белілі бір елді мекенге ғана емес, тұтастай мемлекетке әкелетін зияны мен шығыны шаш етектен болуы мүмкін. Біздің елдің алып жатқан жер көлемі өте үлкен екені баршаға аян. Осы кей байтақ жерде тау да, жазық та, өзен де, көл де, орман да, шөл дала да бар. Сол себепті де әр түрлі зілзала туу қаупі де жоқ емес. Мысалға алатын болсақ, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Яғни, осы аумақтарда кез-келген уақытта жер сілкінісі болу қаупі бар. Еліміздің таулы аймақтарында сел жүру, қар көшкіні болуы ықтималдығы да басым.
Осы жоғарыда айтылған тосыннан келетін, табиғаттың зілзалаларынан басқа біздің өмірімізде техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар да болып тұрады. Техногендік сипаттағы төтенше жағдай деп – адам қолымен жасалған апаттар мен қирауларды түсінуге болады. Осы техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға – өнеркәсіптерде орын алатын апаттар, көлік (автокөлік, темір жол көліктері, әуе көліктері, су көліктері) авариялары, өрт, жарылыс, күшті әсер ететін улы, радиоактивті, биологиялық жағынан қауіп төндіретін заттарды тарататын апаттар, үйлердің, ғимараттардың қирауы, бөгеттердің (су қоймаларының) жарылуы, электр-энергетика желілерінде, жылу, су құбырларында орын алатын авариялар жатады.
Қандай апат болмасын, кез-келген төтенше жағдайда ең бастысы адам шығыны болмауы әр қашанда басты назарда болады. Әрине, зілзала мен төтенше жағдай кезіндегі материалдық шығынның да қандай елдің болсын экономикасына өз салқынын тигізбей қоймайтыны жасырын емес. Мемлекетті құрайтын қоғам болса, сол қоғамды құрайтын адам өмірін сақтап қалу қай елдің болсын ең басты миссиясы. Ал төтенше жағдай кезінде бұл жауапты іс, әрине төтенше жағдайлар қызметіне жүктеледі.
Төтенше жағдай кезінде құтқарушылар болсын, өрт сөндірушілер болсын, жалпы осы салада қызмет атқаратындардың қай-қайсысы да өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігеді.
Соңғы 25 жылда төтенше жағдай қызметкерлері аз-көп болсын 374 мың адамды құтқарған екен. Бұл дегеніміз 374 мың өмір, бұлардың артындағы миллиондаған жақындарының қуанышы.
Төтенше жағдайлар қызметінің жұмыс атқарған жылдарынан бері төтенше жағдайды жою үшін 1 миллион 353 мың шақыртуларға барған.
Біздің елде жылына орта есеппен 18 мың шамасында табиғи апаттар мен техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелетін болса, оның ішінде 15 мыңы өртке тиесілі екен. Жылына орта есеппен құтқарушылар апат аймағынан 8 мың адамды құтқарса, 20 мыңнан көп адамды эвакуациялайды, 4,5 мыңнан астам зардап шеккендерге дәрігерлік көмек көрсетіледі екен.
Ширек ғасыр көлемінде еліміздің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша елеулі жұмыстар жүргізілуде. Төтенше жағдайлар бойынша заңнаманы қабылдау, төтенше жағдайлардан қорғау үшін жаңа объектілер салу, құтқару және өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын сатып алу, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру, қызмет атқару үшін жағдайларын жақсарту, кәсіби кадрлар даярлау, өрт сөндіру-құтқару спортын, халықаралық ынтымақтастықты дамыту секілді біраз жұмыстар тындырылды.
1,5 мыңнан астам түрлі техника мен 20 мың өрт сөндіру-құтқару жабдығы мен жарақтары сатып алынса, 30-дан астам өрт сөндіру депосы мен құтқару станциялары салынды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде 31 Халықаралық келісім жасалды.
Төтенше жағдай қызметкерлері төтенше жағдайлардың алдын –алу шараларын ұйымдастырып тұрады. Төтенше жағдайдың алдын-алу - күні бұрын жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, олар туындаған жағдайда материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені.
Бүгінгі күні мұндай іс-шаралар еліміздің бірқатар аймақтарында атқарылуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше 2020 жылғы 5-6 қараша аралығында елімізде «Қыс-2020» республикалық штабтық жаттығуы «Қысқы кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындыққа келтіру» тақырыбында өткізілуде.
Оқу-жаттығу басқару органдарының, төтенше жағдайдың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның, азаматтық қорғау қызметтерінің, облыстың қалалары мен аудандарының авариялық-құтқару қызметтері ұйымдарының, күштері мен құралдарының қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға әзірлік деңгейін айқындау және практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында жүргізіледі.
Сөз соңында айтпағымыз, апат айтып келмейтіні рас, дегенмен «сақтансаң сақтаймын» деген де тәмсіл бар.
Адам болжап біле алмайтын, кенеттен келетін зілзаладан бөлек, түрлі құрылғылардың көмегімен құтқару қызметі болжап, біліп отыратын ауа-райының қолайсыздығы туралы әр біреуіміздің ұялы телефонымызға келетін хабарламаға да мән беріп сақ жүргеніміз жөн. Әсіресе қатты аяз бен қарлы бұрқасын болатын қыс мезгілінде бұл ескертулерге селсоқ қарауға болмайды.