Елімізде партиялық жүйенің жұмысы дамып келеді

1595
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңында «Азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi саяси партия деп танылады» делінген. Осы тұрғыда Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері елімізді демократия жолымен дамытудың ең тиімді құралы ретінде көппартиялы жүйе қалыптасты. Соның арқасында саяси партиялар мемлекет пен азаматтық қоғамды байланыстырушы көпірге айналды. Осынау институттың көмегімен мемлекетті басқаруға, мемлекеттік аппараттың қызмет тиімділігін бақылауға азаматтық қоғам да араласа алатын жүйе қалыптасты. Бұл жүйенің қалыптасуына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі зор деуге болады. «Тәуелсіздік алған күннен егеменді Қазақстан Конститциясын қабылдағанға дейін біз дезинтеграциялық процесстерді еңсердік, қазақстандық мемлекеттіліктің іргетасын қаладық, бірпартиялық диктатурадан саяси плюрализмге ауыстық, осылайша демократиялық дамудың негізін қаладық», - деген болатын Елбасы Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында.

Қазіргі таңда елімізде саяси партиялардың еркін қызметіне барлық жағдай жасалған. Қоғамның осынау институтын дамытуға заңдық тұрғыдан да мығым демеу бар. Енді сәл тарихқа тоқталсақ. Ел егемендігін нығайту жолында Қазақстанның саяси партияларының жұмысын заңмен реттеу қажеттілігі туды. Осы мақсатта қабылданған ең алғашқы құжат 1991 жылғы 27 маусымдағы «Қазақ КСР-інің қоғамдық бірлестіктер туралы» заңы еді. Осы құжаттың арқасында бұған дейін заңсыз деп танылып келген түрлі партиялар мен қозғалыстардың қызметі заңдастырылып, ресми құрылым мәртебесіне ие болды. Кейін, 1996 жылы қоғамдық бірлестіктер мен партиялардың рөлі айқындалып, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдары пайда болды. Ол екеуі де жалпыдемократиялық қағидаларға негізделе отырып, елімізде көппартиялы жүйені нығайтуды көздеді. Ал 2002 жылы қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заң Қазақстан Республикасында көппартиялы жүйені қалыптастыру жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтерді десе болады.

Сондай-ақ, саяси партиялардың қызметін реттеуде маңызды құжаттар қатарына Ата заңымыз бен саяси партиялардың бағдарламалық құжаттарын жатқызуға болады. Осы аталған құжаттардың көмегімен елімізде көппартиялы жүйенің қалыптасу тарихымен танысуға болады. Орайы келгенде, олардың демократиялық мемлекеттіліктің нормаларына толық сәйкестікте әзірленгенін айта кеткен жөн.

Жоғарыда айтылғандарды саралай келе, елімізде саяси партиялардың жүйелі жұмысына барлық жағдай жасалғанына көз жеткізуге болады. Бұл жұмыстарды ары қарай тиімді түрде дамыту үшін оған мемлекетпен қатар, халық та қызу атсалысқаны жөн болар. Себебі, халықтың азаматтық белсенділігі артпай, халық пен билік арасындағы дәнекер – партиялық жүйе де орнықты дамымайды. Демек, әр азамат енжарлықтан арылып, мемлекет өмірінде, жарқын болашақ алдындағы өз жауапкершілігін сезінсе, партиялық жүйе арқылы пікірі мен көзқарасын бүркемесіз білдіре алса, демократиялық басқаруға бет бұрған мемлекеттің келешегі де кемел болары сөзсіз.

 

Д.Аманжолұлы,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер