«Сопылардың да арнасы ашылады» дейді Досан Кенжетай

8591
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда ҚМБД-ға қарасты «Халық арна» атты жаңа телеарна ашылғаны мәлім. Дәл осы арна ашылып жатқанда, қоғамда діни тақырыптың дауы өршіп тұрған еді. Соған байланысты бұл мақаланы порталда жариялауды кейінге шегерген болатынмыз. Онсыз да "Адырна" порталы қытайдың сойылын соғушы, тәңіршілдер, атеистер дейді дүмшелер. Өкінішке қарай, ел ертеңін сөз еткеннің бәрі дүмшелердің қас жауы болған қоғамға тап келдік. Десек те, қоғам үшін маңызды саналатын бұл тақырыпты айналып өтуді азаматтық және журналистік ұстанымға қайшы санап, назарларыңызға ұсынып отырмыз.  

Қош, сонымен бұл арнаның ерекшелігі неде екен? ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров ҚМБД-ның төл арнасы саналатын «Халық арна» тек діни дүниелер ғана берумен шектелмейтінін айтады. Арнайы баспасөз брифингінде телеарнасының жеке ғимарат, материалдық-техникалық қажеттіліктермен жабдықталғанын және арна  «Отау тв», «ID TV» цифрлық арнасы арқылы елдің түкпір-түкпіріне таратылатынын хабарлады. Діни басқарманың төл арнасы саналғанымен, «Халық арнада» діннен бөлек тәрбиеге қатысты дүниелер де берілетінін Ершат Оңғар мәлімдеді.

ҚР Ата заңында «Қазақстан зайырлы мемлекет» екені тасқа таңба басқандай жазылған. Десек те, Қазақстанды «мұсылмандар елі» деп әр қазақты «мұсылман» санайтындар жоқ емес. Жалпы, діни мәселе ең қауіпті әрі ең нәзік тақырып деп жиі айтамыз. Соған қарамастан, соңғы уақытта қазақ қоғамында дәл осы діни мәселені қоздатып, ел ішіне іріткі салып, аттанға сүрең  қосатын дүмшелер көбейіп барады. Бәлкім, сондай дүмшелер үшін де елімізде тура бағытты көрсететін діни арнаның болғаны қжеттілік шығар, кім білсін. Алайда зайырлы елдің қоғамын дінмен тәрбиелеу қисынға келе қояр ма екен? Жалпы, Қазақстанға «Халық арна» секілді діни арна қажет пе? Осындай сұрақпен бірер азаматымыздың пікірін сұрап, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Facebook әлеуметтік желісінде діни тақырыптарға қатысты еркін пікір білдіріп, сауатты ұстанымын жеткізетін Арман АЛАШ атты азаматымыз: «Аузы дуалы айтары бар ағалар, апайлар көп қой. Сол кісілер салмақты пікір білдірсе дейсің. Бірақ ол кісілер үнсіз, тобырдың талауынан қорқады. Болмаса жаттың идеологиясының Қазаққа пайдасынан зияны көп екенін бәрі көріп біліп отыр ғой. Бізде бәрі кері кетіп жатыр, соңғы кезде елдің болашағына алаңдай бастадым. Ел тізгінін ұстап отырғандар өз пайдасы үшін қоғамды жікке бөліп билеуді ғана ойлайды. Оларға бәрін құдайдан күтіп отыратын, өздерін мазаламайтын ұлт, отан туралы ойланбайтын тобыр пайдалы болып отыр ғой. Бізде не көп, мешіт көп байлар күнәдән құтылады деген ертегіге сеніп мешіт салады, соның орнына білім ошақтарын, кәіп орындарын ашпай ма? Енді мешіт аз болғандай, тағы телеарна ашып жатыр. Ел көзіне түскен әнші, спортшыларды қаржымен дінге тартып, оларға еретін жас буынды дінге тоғытып жатыр.

21-ғасырда орта ғасырдың ертегісіне сену, таза психологиялық ауытқудың белгісі. Біздегі надан ата аналар өзінің баласын жақсы адам болады деп, өздері жетектеп кіргізеді дінге. Сұмдық енді, ұлтымыздың ертеңі адам шошырлық. Ұлтты ойлайтын есі дұрыс адам билікке келіп дұрыстамаса, біздегі надан фанатик дүмшелер өздері ешқашан дұрысталмайды», дейді.

Мәдениеттанушы, ақын Ерболат БАЯТҰЛЫ: «Зайырлы мемлекетте, ашық, демократиялық қоғамда нақты бір діни идеологияны насихаттайтын телеарналардың бірінен кейін бірінің пайда болуы бізді алаңдатуы тиіс. Имандылықты, ізгілікті насихаттауды, уағыздауды желеу етіп, мұндай діни манипуляцияға жол беріп отырған үкіметке қайранмын. Мұның артында өте ықпалды күштердің тұрғаны айтпаса да түсінікті. Қалай айтқанмен де, кез келген дін- идеология. Өркениетке жеткісі келген әрбір ел ең әуелі ғылым- білімге, адамзаттық ортақ құндылықтарға, техникалық прогресске бой ұрса керек- ті. Мен қазіргі Қазақстаннан мұндайды көріп отырғаным жоқ. Мен діни алауыздыққа, ұлтты ішінен ірітушілікке, ұлысты бөлушіліке, ұлттық сананы жадылауға қарсымын. Діннің шырмауында қалған елдің ертең бұлдыр һәм қауіпті».

Философ, ғалым Досай КЕНЖЕТАЙҰЛЫ: «Қажет. Жалпы діни танымды беруде жан жақты методология, принцип, идеялар көптігі керек. Тек қана салафилердің арнасы "Асыл арна" ғана монополиясын жүргізуіне болмайды. Бұдан кейін сопылардың да арнасы ашылады. Ашылуы тиіс. Дінде де плюрализм демокартия болуы тиіс».

P.S Соңғы 30 жылда ҚМБД-ның «Иман» журналы және «Мұнара» газеті тарап келеді.  Дәл қазір ҚМДБ қарасты 21 сайт жұмыс істейді екен. Бұдан бөлек, мүфтияттың жанынан ашылған «Хикмет» телерадиостудиясы бар. Енді мынау «Халық арна» Арна «Отау тв», «ID TV» цифрлық арнасы арқылы елдің түкпір-түкпіріне таратылады екен. Жиырма миллионға жетпейтін халқы бар Қазақстан үшін мынанша діни ақпараттар ағыны тым көп емес пе? Ислам мемлекетінде мұншама ақпараттық насихат жұмысы жүрмейтін шығар, сірә?! «Халық арна» дінді ғана емес, тәрбие, тарихи мәселелерді сөз етеді депті. Сенгім келеді. Өкінішке қарай, басымдық дінге берілетіні даусыз. Таңның атысы, кештің батысы араб тіліндегі сүрелер мен араби дүниелерге негізделген нәрселер көрсетілмесіне кепілдік жоқ. Түптеп келгенде, зайырлы деп заңда бекітілген Қазақстанда діни арнаның тарауына неге жол беріледі деген сұрақ мазалайды мені. Діни білімін арттырғысы келсе, жұрт қарға адым жердегі мешітке барып та ала бермей ме? Қазір бір ауылда екі мешіттен бар кезең ғой. Мектептен мешіті көп елге айналдық емес пе, онсыз да. Енді соны аз көргендей, Телеарнадан да орын беріліпті. Ұлтты сақтап қалғысы келсе, неге қазақы ұғымға, ұстанымға сай телеарналарды көбейтпеске? Демек, діни бағытты ұстану ең алдымен биліктегілерге аса қажет сияқты. Егер билік тарапынан тәйт десе, имам мен молда қазіргідей ділмарсып, дүмшелерің әлеуметтік желіде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығардай көкіп отырмас еді. «Халық арна» ең алдымен билікке халықты тобыр етіп басқару үшін керек телеарна емес пе, қалай ойлайсыз? Ал ең бастысы, тармақталып, жіктелген Ислам дінінің еліміздегі өзге өкілдері «Халық арнадан» кейін расымен, өздерінің арнасын ашылуын талап етуі де мүмкін ғой. Жағдай сол кезде қалай болмақ?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер