Неге орыс кірді де, Түрік бітімгерлері Қарабаққа кірмеді?

6091
Adyrna.kz Telegram

Көкжалдар ақыры жұлып алды. Қолынан да, жолынан да. Кеше осы желі беттерінен "екі ел келісімшарт жасасты, соғыс тоқтап Таулы Қарабаққа Путиннің бітімгерлері кірді" деген ақпаратты көрдім де, "әә, аа... Путиннн???" деп қолымды бір сілтеп өз шаруаларыммен кетіп қалғанмын.

Бірақ со кезде "ол қандай шарт екен" деп шала - шарпы көз жүгірткенде - ақ "Әрмения территориясында Нахичеваннан Әзірбайжанға дәліз ашылады" деген пункты оқып үлгерідім де, осы жайт сол кезде мені елең еткізген еді.

Алайда күні бойы "Ильхам Әлиев өз жеңісін Путинге ұстатып бәрінің еңбегін еш қылды, әсіресе Анадолы түріктеріне обал болды, Ханкендіге таяқ тастам жер қалған еді, тоқтап Қарабақты толық қайтара алмады" деген ойда жүрдім.

Кешке үйге келіп асықпай жаңалықтарды шолып, әлгі келісімшарттың нобайын қарап отырсам.... Қателескен екенмін.

Әлиевтің қуанатын жөні бар екен. Бұл жерде Әзірбайжан мен Түркия рас жеңіпті. Бұл операцияны екеуі өз пайдасына күшті шешкен. Ұтып отыр.

"орыс ұтты, Әзірбайжан мен Түркия ұтылды" деген ағайын да бұл оқиғаға атүсті қарап немесе байыбына бармай қателесті.

Енді бәрін басынан тарқатып айтсақ... Әзірбайжанда өз шекарасынан жырақ Нахичеван деген анклав бар, о жерде жарты миллионға жуық кілең әзірбайжандар тұрады. Бір қызығы ол анклав жан жақтан жауыққан Иранмен, Әрмениямен және бауырлас Түркиямен шектеседі де, ал бұның тап осы Әзірбайжанға ешқандай шығар жолы жоқ қоршауда қалған аймақ еді. (Картада тұр).

Әзірбайжан құрлықта сондай географиясы бар жалғыз ел шығар.

Енді... жаңа шарт бойынша Нахичеваннан Әзірбайжанға Әрмения үстінен жаңа дәліз ашылады.

Оны орыс шекарашылары күзетеді. Ол жол Түркиядан созылып келіп Каспиге бір - ақ тіреледі. Яғни, күнгей Кавказда Түркия + Нахичеван + Әзірбайжан жолы пайда болады. (суретте көкпен бояп көрсетіп қойдым). Бұл керемет. Түркия тіке шығысқа шығады, түркі дүниесіне жол табады.

Қарабақ үшін талас - бүйірдегі Нахичеванмен араны жалғайды. Оғыз бабамыздың ұрпағы бір оқпен екі қоянды атқандай болды бұл жерде.

"Неге орыс кірді де, Түрік бітімгерлері Қарабаққа кірмеді" десеңіз, бітімгерді жанжал ортасына кіргізу үшін халықаралық құқық бойынша жанжалдасушы екі тарап қана өзара ол бітімгерлердің келуіне рұқсатын бере алады. Ол ел бұл жерде Ресей болып отыр.

Ал Түркияны... Бәлкім басқа ғаламшарда Түркия мен Әрмения деген елдер өзара тату шығар.. Бірақ бұл планетада Әрмения деген ел, Түркияға атам заманнан жұлдызы қарсы ел... Ол бұған көнбейді.

Әйткенмен, Әлиев Түркияны орыс бітімгерлерімен бірлесіп ортақ бақылаушы орталық құрады деп жапсырып қойды. Кеше түріктің Хулус Акар (Түркия қорғаныс басшысы), Чавушоғлы (сыртқы істер министрі), тағы арнайы қызмет ұйымы басшысы уже Бакуге сау ете қалды. Олар Әлиевті құттықтап та, жаңа жоспарын талқылап та отыр. Сондықтан түріктер енді Қарабақта орыс пен әрменнің әр қадамын мұқият қадағалап отырады. Бұл фактты орыстың ақпарат құралдары айналып орағытып өтіп, тек "Путин - керемет бітімгерді" шулатып жатыр.

Әзірбайжан шекарасын қалпына келтіреді.

Таулы Қарабақта Әрменияның басқыншы әскері енді жоқ.

Қазіргі жағдай бір ай бұрыңғы жағдайдан айтарлықтай өзгерген.

"Қарабақ орталығы - Ханкенді қаласы бәрібір орыс пен әрменнің қолында қалды" десеңіз... Бұлар оны меніңше Нахичеван дәлізіне айырбастап отыр.

Жалпы, Ханкендіден ары Қарабақтың солтүстігіне қарай Аскеран, Мартакерт деген елді мекендер бағзы заманнан қалың әрмендер отырған жерлер. Ресей, Әлиев әскерін бекер осы жерден тоқтатып отырған жоқ. Ханкенді - Степанакерттен асқан аймақ - Қарабақ әрмендерінің этникалық аумағы.

Баяғыда 80 жылдардың аяғы, Советтің кезі "бөлініп Әрменияға қосыламыз" деп тап осы жердегі қарабақ әрмендері шатақ шығарған. Менің түсінгенім: орыс - түрік бітімгерлері соларды әзірбайжандардан қорғамақшы.

Меніңше, Әлиев Қарабақтағы әзірбайжан елді мекендерінің бәрін түгел қайтарып, ал әрменнің этникалық шағын анклавын орысқа табыстап (Ханкенді - Степанакертті) Нахичеван дәлізіне айырбастап кетті. Бұған Ердоған да басын изеген болуы керек. Ондай ұсыныс бұрын да айтылған болатын. Ердоған сөзсіз бұл жерде әр нәрсені жіті қадағалап темада отыр.

Көңіліне бірдеме жақпаса ол міндетті түрде шатақ шығарар еді, ал ол кешке Путинге звандап алғыс айтқандай болды.

Нахичеван дәлізі Түркия үшін де, Әзірбайжан үшін де өте маңызды жол.

Путиннің бітімгерлерін де, Түріктің бақылаушыларын да бес жылдан соң кері қайтаруға болады. Бірақ олардың қазір бірдеңеге кепіл болғаны да дұрыс шығар. Өйткені сәлден соң ішкі Әзірбайжаннан Бакудің бағдарламасымен атажұртына бұрыңғы Қарабақ әзірбайжандары ағылып қайта оралуы мүмкін.

Олар сонда, бір кезде өз ата - бабаларының зиратын қорлап, мешітін шошқа қораға айналдырған әрмендермен көршілес болады. Міне, сол кезде жағдай қалай болады дегендей....

Соғыс тоқтағанымен халықтар арасындағы өшпенділік қалады ғой. Бітімгер қалқайып тұрса ондай одағай істер бола қоймас....

Келісім шарт көңілден шығады, әйтсе де алаңдататын жайттар баршылық.

Бұл шарт тап осылай орындала ма.... ол да алаңдататын бір мәселе. Ресейдің бір қолымен түзегендей боп екіншісімен былықтыратын әдеті бар екенін күллі әлем біледі. Кезінде "Ресеймен жасасқан шарттың қара бақыр құны жоқ" деп Бисмарк та айтқан болатын..

Тағы бір алаңдайтын нәрсе, күл талқан боп жеңіліп Еревандағы тепсініп жатқан әрмендердің не білгені бар екен.... Оларды осы Путин тоқтата ма, әлде одан ары қоздыра ма? Ол да сәлден соң белгілі болады.

Жалпы, басқа да айтар нәрсе көп. Тек оның бәрін жазуға пост ұзарып кеткелі тұр. Мен қысқаша басты нәрселерге ғана тоқталдым.

Және бір жағынан бұл жерде әлі де біраз нәрсе қазір айқын емес.

Бірақ Путекең бұл жерде осы шартымен өзі аңдамай түркілерге шығысқа жол ашып, жағдайын жасап "Тұран бірлігі" үшін біраз еңбектенген екен.

Дегенмен мыналар қазірдің өзінде айшықталып тұр:

бұл соғыстан

Бауырлас Әзірбайжан — жеңіс пен жерін қайтарып ұтты.

Әрмения — геосаяси, саяси, әскери жеңіліс, күл талқан болды.

Пашинян — масқара жеңіліспен тағынан ұшады.

Путин — "бітімгер ақпатша" деген атағын алды.

Ердоған — абыроймен шығысқа дәліз салды.

Қысқасы, қалай десек те бірлескен бөрілер әзірше ұтып тұр.

Ақылға салатын жерін ақылға салып, күшке салатынын күшке салып.... Бұлар жарады.

Ақжол, қардештер!

Олжас ӘБІЛ, саясаттанушы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер