Азаматтық қоғамның дамуы – ел бірлігінің кепілі

5670
Adyrna.kz Telegram

Тарихи деректердің негізі анықталған сонау тас дәуірінен бүгінге дейін адамзат қаншама мыңдаған жылдарды артқа тастап, бүгінгідей өркениетті заманға табан тіреді. Бір елде ілгері, бір елде кейін дегендей, әлем бойынша азаматық қоғамның жүлгесі қалыптасып беки бастады. Осы аталған сала боайынша еліміздегі жағдай қалай деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен ілгерілеуі үшін мемлекет бұл саланың жаңлық пен жасампаздық деңгейінде өрбуіне, азаматтардың саяси, мәдени белсенділік танытуына керекті жағдайларды жасай отырып, үздіксіз қолдауы қажет.

Осы тұрғыдан келгенде ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауында белгіленген тапсырмаларына сай Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы қолданысқа енді. Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет қалыптасуының алғашқы басқыштары екені даусыз. Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалып қана қоймай, Президент жанындағы Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық коммисияның өкілеттілігін кеңейтіп, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір бұтағына айналуы бүгін кезек күттірмейтін мәселе.

Осынау көлемді іс-шаралар тәуелсіз Қазақстан Республикасының Ата Заңында көрсетілген тармақтарға қарай құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына һәм дамуына оңтайлы әсер етері шындық. Еліміздің саяси жүйесінің демократизациялануы, өркениетті нарықтық экономика мен құқықтық мемлекетті құру үшін азаматтық қоғамның атқарар ролы көп-ақ. Бүгінгі күні республикамызда азаматтық қоғамның құрылуы мен дамуы үшін керекті институттық негіз қалыптасқан. Нәтижесінде құқықтық негізде көптеген ерікті ассоциациялар және ІІІ-ші сектор ұйымдары қызу жұмысқа кірісті. Алайда, азаматтық қоғамның нәтижелі де қарқынды жұмыс істеуі үшін алдын ала институциялық жағдайлар жасау жеткіліксіз болып отыр. Бұл тәжірибенің аздығынан болар деп топшылаймыз.

Азаматтық қоғам дегеніміз әрине, бір сәтте ғана өз-өзінен қалыптасып, дами салатын қоғам емес. Дамыған батыс елдерінің тарихына көз салсақ, азаматтық қоғам екі түрлі жолмен қалыптасқан екен. Мемлекеттің қатысуымен және қатысуынсыз. Мемле­кеттің қатысуымен дегеніміз түрлі заң-ережелер жарияланып, демократиялық сала біртіндеп дамиды. Ал, мемлекеттің қатысуынсыз дегеніміз – түрлі қоғамдық-саяси қозғалыстар мен БАҚ арқылы азаматтық қоғам қалыптастыру ісіне бел шеше кіріседі.

Кемелденген азаматтық қоғамда жекелеген азаматтар үшін өзін-өзі таныту мүмкіндігі зор болып, «адам – қоғам – мемлекет» үштігінің біркелкі, жетілген түрда даму барысын жылдамдатып, бір ізге түсіреді. Мұндай бағыт сол елдің экономикалық-саяси дамуы мен халықтың әл-ауқатының, мәдениеті мен сана-сезім деңгейінің артуымен бірге орнығатын процес. Азаматтық қоғамның дамуы азаматтардың өз өмірін, жүріс-тұрысын жеке мүдделеріне қарай бейімдеп, әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау парызын жетілдіре түседі. Азаматтық қоғамның қалыптасып, біртіндеп дамуының алғышарттарына жеке тұлғалардың меншік пісіп-жетілуі, аза­маттардың тең құқықтылығының салтанат құруы, жекелеген тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуі есепке алынады.

Адамзаттың объективтік тарихи даму желісінде және күнделікті қарым-қатынасында қоғамның бірнеше түрлері болады. Олар – әлеуметтік қоғам, шаруашылық коғам, өндірістік қоғам, азаматтық қоғам және тағы басқалары. Бұлардың ішіндегі ең күрделі де маңыздысы адаммен бірге дамып келе жатқан азаматтық қоғам болып саналады. Қоғамның жоғарыда айтылған баска түрлері өздігінен құрылып, өздігінен тарап жатады.

Дәл қазіргі жағдайда елімізде үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің қолдауынсыз өмір сүруі тым қиын екені баршаға аян. Әлеуметтанушылар Үкіметтік емес ұйымдардың қатысушылары мен жетекшілерінің арасында сұрау салу арқылы олардың 24 пайызы грант берушілерсіз ұйымдардың өмір сүре алмайтындығын мойындаған. Ал 40 пайызы грантсыз өмір сүру олардың ұйымдары үшін қиын екенін анықтаған.

Қазіргідей күрделі кезеңде елімізде азаматтық коғамды жетілдіру ісі дамыған елдердің бұл саладагы нәтижелі табыстары мен тәжірибелеріне сүйене отырып, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен одан әрі дамытудың нақты бағытын айқындап алуы керек.

 

Ұларбек Дәлейұлы

Сурет интернет желісінен

Пікірлер