Бәсекеге қабілеттілікті арттыру - Цифрландырудың басты мақсаты

818

Қазіргі таңда IT саласы дүниежүзінде үлкен сұранысқа ие. Расымен,  бүгінгі күн санап қарыштап дамыған заманда ақпараттық технологияларды қолға алып, дамытпасақ, өркениетті отыз елдің қатарына енуіміз жай арман болып қалар ма екен? Себебі, экономикасы дамыған, әлеуеті жоғары өркениетті елдердің барлығы дерлік  сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуы мен халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.

2017 жылдың 12 желтоқсанда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған еді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, ұлттық экономиканы цифрландыру болып табылады. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Нұрлы жол» сияқты маңызы зор құжаттарда көрсетілген мақсат-міндеттерді іске асыруға басымдық беретін қосымша күш десе болады.

Жалпы айтқанда, Қазақстанның ақпараттық технологияларды мемлекеттік жүйеге ендіру, сәйкестендіру жұмыстары осыдан сәл ертерек басталғанын айту керек. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы цифрландыру жүйесі едәуір өскен байқаймыз. Қазақстанда онлайн сауда нарығы дамып келеді. Қазақстан халқының басым бөлігі цифрлы сауатты. Үйден, кеңседен шықпай-ақ, түрлі операцияларды жасай алады. Ертеректе кезекте тұрып, уақытын сарп етіп, мекемеге арнайы бару керек болса, қазір халық төлемді де, оның ішінде салық, айыппұл, коммуналдық төлемдерді жасау секілді, басқа да әртүрлі операцияларды жасай алады. Ал орта білім беру мекемелерінде интерактивті тақта орнату, компьютермен жабдықтау қолға алынған.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасауда өркениетті, дамыған елдердің тәжірибесі қолданылған екен. Мысалы, Австрия, Дания, Аустралия, Канада мен Сингапур секілді цифрлық технологияны іске асыру жолында зор жетістіктерге қол жеткізген елдерді айтуға болады. Яғни, цифрлық технологиялар көптеген елдердің экономикасын дамытуда маңызды рөлге ие.

ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры. Қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі дамыған цифрлық инфрақұрылым болып табылады. Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ-инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн-курстардың желілері мен платформаларын дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру жұмыстары қолға алынған. Мектеп бойынша білім беруді цифрландыруды жүзеге асырудың жоспары әзірленіп, ауқымды жұмыстар атқарылуда, инфрақұрылымы даму үстінде.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей «елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы» болып табылады. Тұтастай алғанда, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, ұлттық экономиканы цифрландыру, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеру бағдарламаның басты мақсаты болып табылады.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында аталған бағыттардағы міндеттерді нақты жүзеге асырсақ, Қазақстан озық отыздыққа енуге мол мүмкіндік алады. Мұнымен қоса, ел ішіндегі өндірісті жаһандық жаңғырту және цифрландыру шеңберінде тоғыстырса жөн болар. Сонда Қазақстан экономикасы дамыған әлем елдерінің көшіне ілесіп, ақпараттық саланың тың жетістігін кеңінен пайдалана алады деген зор үмітіміз бар.

 

Д.Аманжолұлы,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы