“Өтеміс” каналында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

2432
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласында Өтеміс елдімекенінде орналасқан «Өтеміс» каналынының су өткізу қабілеттілігін, сыйымдылығын арттыру үшін 10 шақырымға бетондалған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жыл соңына дейін аяқталады.

Каналдағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысу үшін Шымкент қаласының ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков пен Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов Шапырашты және Өтеміс елдімекеніне барып, ондағы тұрғындармен кездесті.

Кездесу барысында «Өтеміс» каналында жүріп жатқан құрылыс жұмыстары туралы елдімекен тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер, өтініш-тілектері тыңдалды.

Каналдың жалпы ұзындығы 10 шақырым, ал іргелес жатқан жер көлемі 369 га. Қазірігі таңдағы су өткізу қабілеттілігі 1 текше метрді құрайды. Каналдан Өтеміс елдімекені тұрғындарының 312 үй іргелік және 15,6 га жерлеріне ағын су жеткізіледі. Каналдың су өткізу қабілеттілігі төмен болғандықтан, қазір тек 90 гектар жер ғана пайдаланылып жатыр.

Қалалық ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің айтуынша, жөндеу жұмыстары толық аяқталар болса, мұнда 369 гa егіс алқабы толығымен игеріліп, су өткізу қабілеттілігі 1,5 текше метрге дейін ұлғаяды дейді. Сондай-ақ, жылына 250 тонна көкөніс дақылдары, 100 тонна дәнді-дақылдар және 350 тонна мал азығын дайындауға мүмкіншілік болады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер