Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар

11287
Adyrna.kz Telegram

Біз күнделікті БАҚ беттерінен әлем елдерінде орын алып жатқан жер сілкіністері, су тасқындары, құрғақшылықтар салдарынан адамдардың өлім-жітімі, қалалар мен кәсіпорындардың қирауы, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануы әсерінен табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғатын басқа да апаттар жайлы хабар алып жатамыз. Осындай табиғи зілзалалар мен тілсіз апаттар адамзат өміріне үлкен қауіп төндіреді. Статистикалық мәліметтерге сүйетін болсақ, адамдардың қайғылы жағдайлардан қаза болуы жүрек-қантамыры және онкологиялық аурулардан кейін үшінші орынды алып тұр. 

Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға нелер жатады?

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға жер сiлкiнiсi, сел, көшкiн, су тасқыны, табиғи өрт, iндеттер мен малдың жұқпалы аурулары, ауылшаруашылық өсiмдiктерiнiң және ормандардың кеселдерi мен зиянкестерi арқылы зақымдануын туғызған төтенше жағдайлар жатса, техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға әуе апаттары, өнеркәсiп, көлiк авариялары және басқа да авариялар, өрт (жарылыс), үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бөгендердiң бұзылуы кіреді.

Бұл апаттар қандай қауіптердің орын алуына әкеледі?

Табиғаттың тілсіз апаты айтып келмейді. Ал адамның өзінің себептерінен туындайтын төтенше жағдайларды жан-жақты ойластыру арқылы болдырмауға болады. Мысалы, сіз табиғат аясында демалуға барғанда өрт қауіпсіздігінің ережерін сақтау арқылы дала өртінің туындауының алдын аласыз немесе зиянды өнеркәсіп қалдықтарын бей-берекет тастамаумен күресе отырып, экологиялық тепе-теңдіктің сақталуына өз үлесіңізді қосасыз. Жыл сайын орын алған төтенше жағдайлар орташа есеппен 2,5 – 3 млн адамның өмірін жалмайды. Сондай-ақ, 50 – 100 млрд доллар шамасында материалды зиян келтіреді. Мысалы, Черноболда болған АЭС техногенді апаты миллиондаған адамға өз зиянын тигізді. Ал Жапониядағы қолдан жасаған ядролық жарылыстардың салдарынан жүз мыңдай адам көз жұмды.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше  жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шараларға кімдер қатысады?

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше  жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi шараларға азаматтық қорғаныс күштері қатысады. Олардың құрамына әскери бөлiмдер, аумақтық және ведомстволық әскерилендiрiлмеген құрылымдар, мамандандырылған авариялық-құтқару қызметтерi кіреді. Азаматтық қорғаныс шараларын кешендi түрде және саралап жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды топтарға, ал ұйымдарды санаттарға жатқызу маңыздылық дәрежесiне қарай жүзеге асырылады, оның шараларын ұйымдастыру мен жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының орталық, жергiлiктi атқарушы органдарының және ұйымдардың басшылары жауапты болады.Олар жыл сайын Үкіметке азаматтық қорғаныс шараларының орындалуы жөнінде есеп береді.

Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң негiзгi мiндеттерi қандай?

Мемлекеттің жүйенің міндеттерін төмендегідей жүйелейміз:

1)бейбiт уақытта немесе соғыс кезiнде төтенше жағдайлар орын алған жағдайда қауіптің алдын алу, адамдардың өмiрi мен денсаулығын, материалдық және мәдени құндылықтарды, қоршаған табиғи ортаны қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзу;

2) төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi я пайда болуы туралы белгiленген тәртiппен ақпарат берiп, қызметкерлер мен халықты бұл жөнiнде хабардар ету;

3) төтенше жағдайларға ден қою, олардың зардаптарын жою, олардың туындау себептерiн тексеру тәртiбiн айқындау;

4) төтенше жағдайлардың әлеуметтiк-экономикалық зардаптарын болжау және бағалау;

5) жұмысының орнықтылығын арттыру және қызметкерлер мен халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жоспарлау;

6) авариялар, апаттар, табиғи және экологиялық зiлзалалар, жұқпалы аурулар, эпизоотиялар, эпифитотиялар пайда болған кезде төтенше жағдайлардың алдын алуға, адамды және оның тiршiлiк ету ортасын қорғауға, шаруашылық жүргiзу және әлеуметтiк сала объектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн арттыруға бағытталған мемлекеттiк мақсатты және ғылыми-техникалық бағдарламалар әзiрлеудi және оларды орындауды ұйымдастыру.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер