Қазақстанның кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі

432

Биыл Қазақстан кәсіподақтарының  құрылғанына 30 жыл толды. Бұл қозғалыстың жұмысы сонау ХХ ғасырда  болған жұмысшылар көтерілісінен бастау алған еді. Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі салалық кәсіптік одақтарды және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерін біріктіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады. Бүгінгікәсіподақтың тыныс-тіршілігі қандай?  «Адырна» ұлттық порталы осы салада жұмыс істеп жатқан БҚО кәсіподақтар одағының бас маманы Ақерке ШАЙҚЫмен әңгімелесіп, бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жайлы сұрап білді.

Заманауи қоғам қалыптастырудамыз

Кәсіподақтың негізгі мақсаты — еңбек дауларын шешіп, жұмыскерлердің мүдделерін қорғау, халықтың өмір сүру деңгейін көтеріп, әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету.  Елбасымыздың өзі «жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» деп айтқан болатын. Ұйым бүгінде заманауи қоғамды қалыптастыру жолында қызмет етіп келеді.

Екі миллионға жуық мүше бар

Қазіргі таңда елімізде 22 салалық кәсіподақ, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері бар.  Оның құрамына 2 миллионға жуық мүше кіреді. Ресми статистика бойынша, еліміздегі жалдамалы жұмысшылар саны 6 млн адам болса, соның 35 пайызы кәсіподақ ұйымдарына мүше. Жалпы кәсіподақ біршама жұмыстарды атқарды. Атап айтатын болсақ, Еңбек кодексін әзірлеу кезінде Кәсіподақтар федерациясы 200-ден астам өзгеріс ұсынып, оның 117-сі заңға енгізілді. Біз еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етуге тырысамыз. Сондай-ақ, облыстық кәсіподақ комитетінде кәсіподақ кадрлары мен активін оқытуға көңіл бөліп жатырмыз.

Кәсіподақтың жас буын легі қалыптасып келеді

2020 жылдың 2 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының 26-шы съезі оздырылып, кәсіподақ қозғалысының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясы қабылданды. Бұл орайда "Келешек" жастар кеңесінің алдағы жоспарлары да өзінің салаларын кеңейтіп, қызметтерін күшейтпек. Ендігі жерде келешектік жастар - кәсіподақтың құрамына жас буынның легін қалыптастырып ғана қоймай, сол жас мамандарға құқықтық бағыт-бағдар беріп, әлеуметтік-ақпараттық қолдау көрсетіп, жұмысшы жастардың қоғамдағы белсенділіктерін арттыру шараларымен де айналысатын болады. Аталмыш кәсіподақ жастарынан құралған белсенді ұйымның маңыздылығы еліміздегі төтенше жағдай кезінде ерекше білінді десем артық айтпағаным болар. Батыс Қазақстан облысы бойынша "Келешек" жастар кеңесі 2 ай бойы "Тегін әлеуметтік дүкен" жобасын ұйымдастырып, өңіріміздегі 20 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін азық-түлік кәрзеңкелерін үлестіріп, киім-кешек пакеттерін табыстаған болатын. Кәсіподақ жастарының мұндай белсенді бастамалары алдағы уақыттарда да өз жалғасын табады деп сенемін.

Кәсіподаққа қалай мүше бола аламын?

Кәсіподақ ұйымының негізі ерікті түрде құрылады.  Егер сіз  жұмыс істейтін мекемеде кәсіподақ ұйымы болмаса, оны өз бетіңізбен құруға мүмкіндігіңіз бар. Ал жұмыс орыныңызда бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, кәсіподақ комитетіне кәсіподаққа мүшелікке қабылдау және мүшелік кәсіподақ жарнасын ұстау туралы өтініш жазу қажет.

Құқықтық көмек көрсетуге дайынбыз!

Кәсіподаққа қатысты барлық сұрақтар бойынша 8(7172) 643481 және 643482 нөмірлеріне хабарласа аласыз.  Егер құқықтық көмек алғыңыз келсе, электронды поштамызға (legaldep@fprk.kz) хат жазыңыз.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы