Ерлан Төлеутай: Баянауыл әндері менің өнертанушы деген атымды шығарды

4123
Adyrna.kz Telegram

Белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай жақында «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағын алған болатын. "Адырна" ұлттық порталы ұжымы әншіні марапатымен құттықтай отырып, "Баянтау" газетіне берген сұхбатын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Ерлан аға, «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағыңыз құтты болсын! Бұл атақты қалай қабылдадыңыз?

– Былтыр қараша айында ақжолтай хабар жетті. Ол кезде мен Қарағанды қаласында дүбірлі тойда жүргенмін. Менің елім – Жаңарқа, үш қызы – қазақ радиосының дикторы Сауық Жақанова, «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдина және алаштанушы, ғалым Айгүл Ісмақованы арнайы шақырып, құрмет жасады. Үш апам мені алдарына салып алып барды. Сол кешке атсалыстым, ән айттым. Бұл – шығармашылық кеш қана емес, ұрпақ тәрбиесі туралы келелі кеңес болды.

Кездесуден кейін дастархан жайылды. Сол жерде жүргенімде аудан әкімінің аппарат басшысы Қайыргелді Қасымтайұлы хабарласып, сүйінші жаңалықты жеткізді. Кеудемді қуаныш сезімі билеп, бір орында тұра алмай дегбірсізденіп ары-бері жүріп кеттім. Кеудемде бір алапат жарылыс болған секілді.

Шынымды айтсам, мен атақ іздемедім. Кейбіреулер секілді қуған да жоқпын. Мектепте алған мақтау грамоталарым, содан кейін халықаралық, республикалық ән бәйгелері мен өнер сайыстарынан алған лауреаттық атақтарым бар. Одан басқа алып көрмеппін. Өйткені Қарағандыда жүргенде менің өмірім журналистикамен тығыз байланысты болды. Журналист болғанда да, мақтайтын емес, әлеуметтің шындығын айтып, назар аударатын нәрселерді көтеріп, әкім-қаралардың мінін ашық айтатынмын. Оны кім жақсы көрсін?! Сондықтан мен марапат үлестірілетін кездерде әркез жүлдеден тыс қалатынмын және оған өзім аса мән бермейтінмін.

Менің міндетім – елге қызмет ету. Бір ағам айтып еді: «Еңбек ете берсең, қор болмайсың», - деп. Шамам жеткенше ұлт руханиятына қызмет етіп келемін. Оның ішінде Баянауылдың орны ерекше. Азды-көпті еңбегімнің еленгенінің көрінісі – осы атағым.

Атақсыздық дегеннің не екенін 50 жасқа толғанда көрдім, өз басымнан өткіздім. Қанша жерден еңбек етсең де, сені халқың жақсы көріп, құрметтесе де, билік атаққа қатты қарайды екен. Атаққа қызықпайтынымды білетін Жарқын Шәкәрім ағам: «Сен қате ойлайсың! Атақсыз, ертең қиналасың!», - дейтін. Сөйтсем, ол кісі көпті көрген адам ғой, дөп айтыпты. «Атақсыз болғаның үшін құқай көретін заман туған екен-ау», - деп қынжылдым.

«Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағына ерекше қуандым. Енді маған атақтар өздігінен келе беретін секілді. Атақтың да бір қасиеті бар шығар?! Ол әрине, абырой-беделіңді көтереді. Бірақ, сол абыройды алып жүру – өте қиын. Кейбіреулер, әсіресе, жас кезінде атақ алғандар, жер-көкке сыймай қағынып кетеді. Менің жасым 50-ден асты. Жастықтың буынан арылып, өз-өзіме келгенде алдым. Атағыма кір келтірмеймін деп ойлаймын. Баянауылдың менің кеудеме төсбелгі іліп бергені – мойныма жауапкершілік жүктеп бергені.

– 2006 жылы жарық көрген алғашқы кітабыңыз – «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» қалай жазылды?

– Өнер тарихын университет қабырғасында жүргенде зерттей бастадым. Кейінірек, Мәди, Жаяу Мұсалар жөнінде қадау-қадау мақала жазып жүрдім. Облыстық телеарнада телехабарлар жасадым. Жақсылардың ұрпақтарын тауып алып, әңгімелесетін дағдылы бір әдетім болды. Біреулер оны хобби деп ойлайды. Ал, мен бұған өзімнің миссиям деп қарап, кітап жазғым келді. Кітап әннің туы болған Қали Байжановтан басталды. Өйткені қалада оның баласы (марқұм болып кетті) Болат Байжанов тұрды. Оны іздеп бардым. Екеуіміздің екі күнге созылған әңгімемізді қағазға түсірдім. Ол «Алтын Орда» газетіне басылды. Ол кезде қаламыңның қанаты барын сезбейсің ғой. Сол сұхбатты көзі қарақты оқырман оқып, «Қаламың өткір екен», - деді. Сол жылы сөз жас көңіліме оң әсер етті. Жаза түстім.

Жаяу Мұсаның ұрпақтарымен әңгімелестім. Мұстафа Бүркітбайұлының өмір тарихы қызықтырды. Бәйтен салдың да өмірі керемет! Оның да бір ұрпағымен сөйлестім. Естайдың немересін көзім көрді. Оның шәкірті – Жүніс Шаймерденовтың қолжазбасын – Теміртауда тұратын қызының үйінен ескі дәптерін алдым, көзімді жарқ еткізді. Қали Байжановтың ескі өлеңдерін, көне құжаттарын таптым. Көкшетау, Қарқаралы, Баянауылды шарладым. Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың немерелерімен әңгімелестім. Архивтен атақты «Мәди ісін» ақтардым. Оның үстіне бала кезімнен Бұқар жыраудан бастап, бұл төңіректе өткен барлық алыптарды оқып өстім. Міне, осының барлығы адамға импульс береді. Ішкі дауысым: «Саған осылар тегін келіп тұрған жоқ, жаз!», - деп тұрды. Бұның барлығы бойыңда жиналып рухани көз болып жарқырап тұрады. Не істейсің? Күніге елдің бәріне ауызша айтып жүрмейсің!

Жанбота Кәріпбаев деген інім бар, ол кезде ол кәсіпкерлікпен айналысады, өзі Атымтай Жомарт азамат, соған жазып жатқанымды айтып едім, «Жаза бер!» деп жарыққа шығару жағын бірден өз мойнына алды. Сол кезде Баянауылдың 180 жылдық мерейтойы келе жатты. Іштей сол дүбірлі тойға тартуым болсын деген ниетпен, жазуға кірісіп кеттім.

Жанботаның «Жазуыңа бөгет жасайды!», - деп ақыл қосуымен, әйелімді төркініне, балаларды нағашыларына апарып тастадым. Жұмысқа барып келгеннен кейін, компьютерден тұрмай, күні-түні жаздым. Жастық-ай, күніне кемі 18 сағаттан жұмыс істегенде еш шалдықпаушы едім. Ақыры битімді салып қысқа уақытта жазған сол еңбегім жаз ортасына таман жазылып бітті.

Көп ұзамай Алматыдағы «ҚазАқпарат» баспасынан шағын ғана жасыл кітабым 500 дана болып жарық көрді. Сол бір жапырақ кітабым менің өнертанушы деген атымды шығарып жіберді.

Бұл кітабым жайлы жылы пікірлер (ауызша) біршама айтылды. Әсіресе, мені қанаттандырған Дидар Амантайдың бүкпесіз айтқан пікірі болды. Ол баспадан шыққан бетте-ақ, 30-40 данасын алып қалып, алматылық қаламгерлерге таратып жіберді. Риза болған ол тіпті кітаптың кей тарауларын сол кезде өзі басқарып отырған газеттеріне етектей-етектей қылып жариялап, жиі-жиі оқырман назарына ұсынып отырды. Марқұм Таласбек Әсемқұлов ағам да бір кездескенде мақтап, көңілімді демдеп қойды. Маралтай Райымбекұлы құрдасымның да ризашылық тілегі есімде. Оқығандар тарапынан осындай тілеулес көңілден туған жүрекжарды пікірлер оқтын-оқтын айтылып қалатын. Бірақ мен, шынымды айтсам, мұндай бағалауларды күтпеген едім.

Баспадан шыққан кітапты алдымен Қарағандыға, одан Баянауылға, 180 жылдық мерейтойға жеткіздім. Бірақ, бұл жақтағыларға бір ауыз ескертпедім. «Мен Баянауыл туралы кітап жаздым», - деп айтуға ұялдым. Тойға тартуым, ел-жұртқа тосын сыйым болсын деп ойладым.

Той болып жатқан жерге келдік. Мені ешкім танымайды. Содан сахна маңындағы бір жерге Жанбота екеуіміз тұра қалып, кітаптарды машинаның жүксалғышының үстіне жайып тастадық, қызығушылық білдіргеннің барлығына тегін тараттым. Тарихшы Мақсат Алпысбес досым келіп құттықтады, оған бірнешеуін ұстаттым. Біреулер тегін бергенімді менсінбей кетеді. «Кітабын өткізе алмай жүрген біреу», - деп ойлайтын болуы керек?! Сөйтіп тұрғанда, анадай жерден Кәукен Кенжетаев ағамды көріп қалдым. Күнде қолға түсе бермейтін адам ғой, әрі маған жездей болып келеді. Ол кісінің жұбайы – Шабал Бейсекова менің апам. Барып, сәлем бердім. Арғы жағында Қайрат Байбосынов ағам тұр. Көлденең тұрған ұзын «Лимузин» көлігінде Асанәлі аға тынығып жатыр. Ол кісілер тойға арнайы шақырылғандар. Мен ғана шақырусыз келген.

Кәукен ағаға сәлем берген соң «Сіздің балдызыңыз боламын!», - деп әңгімені төтесінен бастадым. Ол кісі де қуышкеш адам ғой: «Баяғыдан бері неге іздемейсің? Апаңның сүйегі қурап қалған», - деді. Тура осылай айтты. Адамның көңіліне келеді екен. «Шабал апамның әкесі оқыған заңгер адам болған, бірақ Сәкен Сейфуллиннің идеялас серігі ретінде 1937 жылы «Халық жауы» атанып, атылып кеткен. Әкеміз жетім өскен. Содан байланыс үзіліп қалған. Сіз Алматыда, мен Қарағандыда тұрамын. Барудың реті келмей жүр», - дедім. «Кәрі жезде, бұл менің Баянауыл жайлы жазған кітабым. Ішінде сіздің де атыңыз бар», - деп қолтаңбамен кітабымды ұсындым. Ол кісі кітапты жүргізушісіне ұстата салды.

Тойды тамашалап, Қарағандыға енді қайтуға жиналып жатқан едік, аудан әкімі аппаратының басшысы Қайыргелді Қасымтайұлы жаныма жақындап келіп, өзін таныстырып (Қайрекеңмен осылай таныстық): «Сізді іздеп жүрміз, аудан әкімі шақырып жатыр!», - деді. Барсам, арнайы тігілген ақ ордада сол кездегі аудан әкімі Қорабай Шәкірұлы мен күйші Қаршыға Ахмедияров отыр екен. Қорабай ағам маған: «Саған үш сұрақ қоямын. Қаршыға төреші болады», - деді де, кітаптың өзінің ойымен ұштасқан кей тұстарынан алып сауал тастады. «Апырмай-ә, мен де солай ойлаушы едім, біреулер менімен дауласып еді», - деді де, разылығын білдірді. Сөйтіп, аудан әкімінің алдында экзамен тапсырдым (күлді – Е.Қ.). «Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбайды» деген бар, менің пайда табайын деген ойым да жоқ еді, білерлігі ғой, Қорабай ағам, кітаптың көрімдігі деп қолыма конверт ұстатты. «Кітаптың қадірін біл, тегін тарата берме!», - деді. Содан қалған кітаптың барлығын Баянауылдың кітапханасына қалдырып кеттім.

Алматыда Ахат Жақсыбаев деген баянауылдық жазушы ағам бар, бірде сол кісі хабарласты. Бұрын ол кісімен араластығым жоқ еді. Телефон тұтқасының ар жағынан: «Біздің ел туралы жазған кітабыңды оқыдым», - деп ризашылығын білдірді. Немересінің тойына арнайы қонаққа шақырып, бір сыр айтты. Бұл – мына кітаптың маған қалай әсер еткені туралы кішкентай ғана штрих. Сол сырды мен де саған айтып берейін:

«Бір күні Кәукен аға «Мен сырқаттанып жатырмын, үйге келіп кет!», - деп шақырды (2008 жылы – Е.Қ.). «Саған тапсыратын аманатым бар! Бұл аурудан жақсы болмаймын-ау, әлсіреп қалдым», - деді. Мен құнды бір дүние болар-ау деп топшыладым. Содан жатқан төсегінен өзі тұрып, сөресінен бір жапырақ жасыл кітапты алып шықты. «Бұл – біздің елдің өнерінің тарихы. Осыны тапсыратын ұлым жоқ. Қастерлеп ұста! Саған аманат!», - деді (жанарына жас алды – Е.Қ.). Содан бері бұл кітап менің үйімдегі ең құнды қазынамдай төрімде тұр». Осыны айтқанда Ахат ағам да толқыды.

Кәукен аға – кісілікті, ұлы адам. Сол Баянауыл тойында кітапты табыстағанда ащы тілімен түйреп, менсіңкіремей тұрды ғой. Мен кітапта оны сәл сынағам, «Үміт күткен Кәукен Кенжетаев, Мұрат Толыбаевтар опера өнеріне кетті. Сөйтіп ұлы әншілік дәстүр үзілді», - деп жазғам. Соны көңіліне алмаған. Шындықты біліп, сезіп, мойындап тұр.

Менің Баянауылмен байланысымда, ұлы тұлғалардың аруағына қызмет етуімде көзге көрінбейтін, тек көңілге сезілетін тылсым сырлар бар. Міне, кітаптың жазылу-шығу тарихы – осы. Ол кезде менің тәжірибем аз еді. Бірақ, жүрегімде жазуға деген құштарлық күшті еді. Бұл – адал жүректің сезімтал соғысымен жазылған кітап. Келешекте бұл кітапты қайта жаңғыртқым келеді. Сыймай қалған, жиналып жүрген қаншама мәліметтер, әлі аталмай жүрген үлкен дарын иелері бар. Соның барлығының басын қосуым керек.

Бізге Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабы сұмдық әсер етті. Ахаң бұл еңбегінде әр өнерпаз туралы 10-20 беттей ғана жазады. Соның өзінен біз ереше әсерлендік. Енді мен соларың бас-басына бір-бір кітап жазғым келеді. Қазірдің өзінде басқа еңбектерімді айтпағанда «Үкілі Ыбырай», «Жүсіпбек Елебеков» атты кітаптарым жарық көрді.

– Қаз дауысты Қазыбек би, Тәттімбет, Мәшһүр Жүсіп, Мәди, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кәукен Кенжетаев (санамаласақ, тізім жалғаса береді) секілді тұлғалар туралы деректі фильмдердің сценариін жаздыңыз, режиссер ретінде түсірдіңіз, редактор ретінде түсірілімдеріне жауапты болдыңыз, атсалыстыңыз. Қазақтың маңдайына біткен сол тұлғалардың өмірін зерттеп, зерделеу барысында көпшілік көре бермейтін қандай қасиеттерді байқадыңыз?

– Менің байқағаным, қазақ хандығынан келе жатқан мемлекетшілдік дәстүр Баянауыл топырағында берік орныққан. Осы елдің ата-бабалары Қазақ хандығын құрысқан, оған адал қызмет еткен. Сол тектілік осы топыраққа сіңген. Ұрпақ бойына дарыған. Тоғыз ханды жебелеп, ел билеу ісінің классикалық үлгісін нұсқаған Бұқар жырау, қазақ ғылымының негізін қалаған Қаныш Сәтбаев, жаңа музыкалық дәуір туғызған Жаяу Мұса, қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан, қазақ прозасының негізін салған Жүсіпбек Аймауытов, химия ғылымын өрістеткен Әбікен Бектұров, еліміздің энергетика кешенінің жүйесін жасаған Шапық Шөкин, қазақ киносының негізін салған Шәкен Айманов, қазақтың театр өнерін аяғына тұрғызып кеткен Жұмат Шанин, айтсаң тауыса алмайсың, бұл тұлғалардың барлығының бойында туған топырақтан дарыған мемлекетшілдік рух бар. Сұлтанмахмұтқа «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам», - дегенді арғы тегіндегі ұлттық ұлы сана айтқызып тұр. Жердің киесі, елдің батасы деген, міне, осы. Бұлар – елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен алып тұлғалар.

Бір ғана мысал, Қаныш Сәтбаевтың еңбектерінің құны миллиардтаған доллармен есептеледі екен. Бірақ, ол өзі мемлекеттен бір сабақ жіп алмаған жан. Бірде балам айтып келді, университетте «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген сабақ өтіпті. Ұстазы, америкадан келген тарихшы: «Герман фашизімін кім жеңді?», - деп сұрапты. Шәкірттер жамырай жауап беріпті. Бірақ әлгі тарихшы: «Сәтбаевтың арқасында жеңді!», - депті. Себебін дәлелдеп айтып беріпті. Сөйтсек, фашистер марганец кені мол Украина жерін басып алған. Ал, марганец болмаса, танк соғысуға жарамайды. Марганецтен танктың броны жасалады екен. Қорғасын, мыс зауыттары жау қолында қалған. Содан бейнелеп айтқанда танк тоқтаған, оқ-дәрі түгесілуге айналған. Қаныш Сәтбаев сол кезде небәрі екі айдың ішінде Жезқазған, Балқаш кен орындарын шұғыл ашып, майдан даласына марганецтің де, мыс пен қорғасынның да мол қорын жеткізген. Осы жерде тағы да орыс шовинизмі көрініс табады. Бұл туралы жақ аштырмайды. Ал, американ ғалымы сырт, тәуелсіз көзбен қарап, ақиқаттың ара-жігін ажыратып беріп тұр. Қанышты елге осыншама адал қызмет еткізіп тұрған, Англия сапарында Черчильмен тең дәрежеде сөйлетіп тұрған ұлы аруақтар ғой. Ол – ел тізгінін ұстаған ұлы халықтың перзенті.

Бүгінгі күнге үзілмей жеткен мемлекетшілдік дәстүр одан әрі жалғасып, нығая түседі деп сенемін.

– Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қазақ редакциясының бас редакторысыз. Алматыға оқушыларымызбен бір барғанымызда, «Қазақфильмге» саяхат жасатып, таныстырған едіңіз. Сол кезде Шәкен атаның арманы туралы айттыңыз. Сол арман орындалуы мүмкін бе?

– «Қазақфильмнің» алдында Шәкен ағаның ескерткіші тұр. Күнде сәлем беріп өтемін.

Шәкеннің шапағаты қазақ кино өнеріне өлшеусіз тиді. Ол өзінің зор таланты мен қажырлы еңбегінің күшімен қазақ киносына жол ашты. Ол кезде барлығы Мәскеуге бағынды, кино өнері де Мәскеуге қарады. Қазақ киносы Шәкеннің абырой беделінің арқасында шарықтап тұрды. Қаржыдан, басқа да түрлі кедергілерден қысым көре қойған жоқ. Көрсе, араға өзі түсетін. Өйткені Мәскеуде Шәкеннің беделі өте күшті болды.

Көрнекті киноактер Нұржұман Ықтымбаев жас кезінде өте төбелесқор болыпты. Бір күні тағы қызыл шеке төбелеске қатысып, бет аузы көгеріп киностудияға келген «бұзық» актерге Шәкен аға: «Мына бетің өзіңе керек болмаса, қазақ киносына керек!», - депті. Содан Нұржұман аға қияңқылықты да, төбелесті де тиып, киноға біржола бет бұрған. Оқуға түсе алмай қалған қойшының баласы Димаш Ахимовты да Мәскеуге жіберіп, оқытқан. Енді міне олар қазақ киносын өрге бастырған тұлғаларға айналды. Шәкен аға қазақ, орыс, ұйғыр деп бөлмеген, бір жастың бойындағы талантын көрді ме, жақсылық жасап, жолын ашудан жаңылмаған.

Шәкен аға Дінмұхамет Қонаевпен дос болған. Екеуі шахмат ойнауды жақсы көреді екен. Бірде Шәкен ойын алдында: «Бұл жолы жеңсем, «Қазақфильм» салу үшін қалаған жерімді бересіз!», - деп бәстесіпті. Бірінші басшы келісіпті. Шәкен аға ұтып, осы күнгі «Қазақфильм» тұрған жерден бастап, Алатаудың бауырына дейінгі жерді сұрапты. «Голливуд» секілді киноқалашық саламын. Кино қазақ үшін қызмет етеді. Бұл жерде кино түсіруге ыңғайлы барлық өндіріс ошақтары, киноактерлерге арналған үйлер, балабақша, мектеп – барлығы болады. Солай дүркіретіп жұмыс істеп, қазақты, қазақ киносын әлемге танытамыз», - деп бүкіл арманын айтыпты. Ақыры, «Қазақфильмге» көп жер беріледі. Қазір содан қалғаны 18 гектар ғана. Оның өзіне қалталы олигархтар көз тігіп жүр… Жыл сайын «Қазақфильмнің» тоқымдай жері үшін соғысамыз да жатамыз. Егер Шәкен аға тірі болғанда Қонаевқа айтқанын жүзеге асыратын еді, оған ағаның абырой, беделі, қажыр қайраты жететін еді. Өкініштісі, Шәкен аға кенет қайтыс болып кетті. Осылайша, ағаның ұлы арманы орындалмай қалды. Бірақ, қалай десек те «Қазақфильмді» салып, киноөндірісін жолға қойып кетті. «Қазақфильм» кино өнерінің қара шаңырағына, еліміздің рухани орталықтарының біріне айналды.

Шәкен ағаның арманын орындау, бүгінгі күні аса қиын шаруа емес. Бұған ең бірінші кезекте үлкен мемлекетшілдік сана керек. Оған мемлекеттің қаржысы да, мүмкіндігі де жетеді. Бұны жүзеге асыру Шәкен үшін емес, бізге, қазаққа қажет. Кино арқылы мықты ұрпақ тәрбиелеуге, мемлекеттің атағын шығаруға әбден болады.

– Қазір қазаққа қандай өнер қажет? Өнер адамы қандай болуы керек?

– Бір замандарда өнер деген – ұлы мұрат еді, ақиқатқа жетудің, Құдайлық ұғымдарға ұштасудың жолы болатын. «Құдай берген талант», - деп бекер айтпайды халық. Көне кітаптарда: «Есепшіні, әншіні, батырды Құдай жаратады», - делінген. Есепші деген – ғалым, ол ілім-білімді таратушы. Батыр – ел қорғаушы. Әнші деген – өнерпаз, ол халықтың жүрегіне сәуле, ізгілік нұрын сыйлаушы. Егер өнер болмаса, адамның жүрегі тебіренбесе, халық надан болып кетпей ме? Өнер иелері халықты жақсы әнмен, тәтті күймен әлдилейді, ойлантады, үлкен эпостарды жырлайды, халықты рухтандырады. Міне – өнерпаздың миссиясы. Өнер болмаса, халық азып кетеді. Мысалы, бір халық әнінің бойында қаншама дүиетаным жатыр. Үш минуттық шағын әнге халықтық дүниетаным, ұлттық кодтың қуатты энергиясы сығымдалып сыйып тұр.

Абай атамыз: «Ой көзімен тыңдасаң, жақсы әнді, өмір сәуле көрінер судай тұнық», - дейді. Ертеде халық әнді жылап тыңдайтын. Мәшһүрдің бір жазғаны бар: «Баянаула топырағында өткен Қақсал Отыншы күйші күй тартқанда елдің көзінен жас, мұрнынан боқ ағып отырушы еді», - дейді. Міне, өнерпаз!

Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Көтеш ақындар – кемеңгер тұлғалар. Олар халықтың сөзін сөйледі. Ханға елдің мұң-зарын айтты. Жыраулардан кейін сал-серілердің дәуірі келді. Ұлы мұратты арқалап Біржан сал, Құрманғазы, Тәттімбет, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұсалар өмірге келді. Олар жаңа ән дәстүрін, күй дәстүрін ала келді. Қазақ әнін әлемдік өркениет көшінен қалдырмай, сол деңгейге көтерді. Сол қазақ композиторларының әндері негізінде біздің операмыз қалыптасты, қаншама кинофильмдерге музыка боп жазылды. Бұл әндер – біздің өлмейтін рухани азығымыз. Біздің бүкіл рухани кеңістігімізді сол сайыпқыран сал-серілердің әні мен күйі толтырып тұр. Сол әндерді тыңдасақ, қазақтығымызды, кеңдігіміз бен дархандығымызды тани түсеміз.

Қазір коммерциялық, арзан сауық өнері төрге озды. Біз өнерге ой көзімен қарауды қойдық. Қол соғып, билеуге ғана құштармыз. Өнерге деген халықтың құрметі биік болуы керек. Қазақша сөз жазылған шетелден ұрланған плагиат музыкалар келді де өнерді бүкіл мұратынан айырды, біздің үлкен өнерімізді қиратты.

Бұқар жырау: «Қазылып қойған орлар бар», - дейді. Ол ор – терең қазылған, ешқашан көмілмейтін ата-бабаңның жолы. Сол ормен яғни жолмен жүруіміз керек. Жолымызға бөгет болып, басылып қалған жерлерін аршуымыз керек. Ұрпақты сол ізбен жүргізуіміз қажет.

– Ол үшін қандай шара қолданғанымыз жөн?

– Үлкен өнерпаздар даярлау керек. Менен де зор әншілер бар. Бірақ, халық оларды емес, фанерщиктерді тыңдайды. Өйткені, теледидардан күнде көретіні солар. Ал, оларда өнер мұраты жоқ, коммерциялық мүдде ғана бар.

Мен бірнеше жыл бұрын ұлттық музыка өнерін насихаттайтын үлкен жоба ұсынған болатынмын. Ол – Жасыбай көлінің жағасында ән фестивалін өткізу. Мықты-мықты танымал әншілер тек қана халық және халық композиторларының әндерін орындайды, негізгі басымдылық Баянауыл әндеріне беріледі. Сапалы дыбыс құрылғыларының көмегімен жасалған бұл ән жәрмеңкесін «Mezzo» атты әлемдік музыкалық арна арқылы тартуға мүмкіндік табуға болар еді. Сосын бұны дүниежүзілік этнофестиваль деңгейіне көтеруге болады. Бірақ ол жоба жүзеге аспай қалды, оның орнына Жасыбай жағасында эстрадалық концерттер ұйымдастырылды.

Біз өнерді сақтауымыз қажет. Ол үшін «Баянауыл фестивалі» сияқты өнер жәрмеңкелерін ұйымдастыру керек. Осы «Керек, керек» деумен өміріміз өксіді. Бүкіл жер-көк эстрада, бүкіл ел жын-ойнақ болып кетті. Оның бізге ешқандай рухани, идеологиялық маңызы жоқ.

– Өзіңіз – журналистсіз. Аудандық газет қандай болуы керек? Ол үлкен әдеби ұстахана бола ала ма?

– Біз аудандық газетті оқып өстік. Ол кездің идеологиясы да керемет еді. Қайдан келетінін білмеймін, әйтеуір әр үйде газет болады. Мен – кемпір-шалдың баласымын. Біздің үйден міндетті түрде табылады. Бір жапырақ газет қой, құмартып оқимыз. Ішінде міндетті түрде бір жылт еткен жақсы дүние болады. Бәріміз өлеңге құмармыз. Әлі есімде, 3-4 оқитын кезім. Ауылдас бір ағайынның: «Достар, достар, бір үзім нан үзіскен, достар, достар, бір түйір құрт бөліскен», - деген өлеңін оқыдым. Ол маған үлкен ақын болып көрінді. Қатты әсер етті.

Сосын «Жаңаарқа ауданына аудармашы Ісләм Жарылғапов келіпті», - деген ақпараттық мақалаларды оқимыз. «Біздің жерлесіміз» деп жазып қойыпты. Кейін білсек, ол кісі біздің ағамыз екен, қазақ аудармасының негізін салушы, қазақ тіліне «Балмұздақ», «Аялдама» секілді 5000 термин сөз қосқан.

Міне, сондай кішкентай нәрселер жас жеткіншекке ой салады, көңіліне сәуле түсіреді. Биылғы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың үміткері Серік Ақсұңқарұлы – қаламын аудандық газетте ұштаған ақын. Өзі: «Мен аудандық газетке қарыздармын!», - дейді.

Мен Алматыда отырсам да, ел-жұрттың жағдайына алаңдаймын. Баяғыда Жүсіпбек Елебеков радиодан Қарағандының ауа-райын қалт жібермей тыңдап отырады екен. Ол жақта күн жылы, жайдары десе, балаша қуанып, мәз болады екен. Ал, қыс қатты, аязды, боранды десе, «Ағайын-туыс не хәлде екен?» деп уайым шегіп қалады екен.

Аудандық газет – жергілікті жерлердегі маңызды рухани ошақтардың бірі. Мәдениет үйі, мектеп, кітапхана қандай қажет болса, газет те соншалықты қажет. Ол халыққа жылу береді. Оның рухани-мәдени маңызы зор, әлеуметке әсері күшті. Сол әсермен 10 жылда бір баланың санасы оянса, үлкен олжа.

Аудандық газетті дамытудың, түрлендірудің, көркейтудің сан алуан жолы бар. Ең бастысы – мұрағаттарыңызда бар барлық газеттің электронды нұсқаларын жасақтау және жетілдіру, ескі газет тігінділерінде республикалық басылымдарға шықпаған небір құнды материалдар бар, соларды жарыққа шығару.

Тағы бір ақпараттық жаңашылық – ауданға келген құрметті қонақтармен қысқа-қысқа, бірақ өзекті бейнесұхбаттар жасау, газет туралы, ауданның бүгінгі тынысы жайлы видеоаңдатпаларды түсіру. Қазір әлеуметтік желіде видеоларды көру кең етек жаюда. Сол қысқа видеоларды таратып жіберу қажет. Сонда оқырман, бейнесюжетті тамашалайды, газетті оқиды. Солайша газет қоғамның тірегіне айналады.

Аудандық газеттерге батылдық жетіспейді. Сыни тақырыптар жиі қозғалып, аудандағы мәселелер өткір жазылса. Баянауыл – табиғаты бай өлке. Аң-құс, орман қалай қорғалуда? Оларға зиян келтірушілер бар ма? Соны жазу керек.

Ал, газеттердің жедел ақпарат таратуға бейімделуі – заманның басты талабы.

– Ерлан аға, әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

 

Пікірлер