Шымкентте бұқаралық спортты дамытудың концепциясы жасалады

1895
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытудың концепциясы жасалатын болды.

Бүгінгі таңда статистикалық есеп бойынша қалада дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 294 мың адамға жеткен. Бұл барлық жастағы халықтың спортпен қамтылуы 27,8% екенін көрсетеді. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 30%-ға жеткізу көзделуде.

Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке 9 айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берген дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалада 856 спорттық нысан тіркелген. Одан өзге, спорт алаңшаларын салуға 95 жер телімі анықталған. Оның ішінде 9 жер теліміне мемлекеттік акт алынған болса, қалған 86 жер бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жер телімдерін тиімді пайдалану мақсатында Мұрат Әйтенов сала басшысына тапсырмалар жүктеді.

- Қаладағы бұқаралық спортты дамытудың концепциясын даярлау қажет. Сонымен қатар, бөлінген 95 жер теліміне салынатын нысандардың арнайы картасын жасау керек. Оның ішінде аудан әкімдерімен бірге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, шалғай елдімекендерде де спортты дамытудың жүйесі әзірленсін, - деді қала әкімі.

Олег Почивалов есеп беру сәтінде 1 қарашадан бастап аллеяларда жаппай спорттық жаттығулар ұйымдастырылатынын жеткізді. Уақыты таңғы 07.30-да және кешкі 18.30-ға белгіленген. Халық көп жиналатын спорт алаңдары ретінде Абай саябағы, Металлургшілер саябағы, Отбасы аллеясы, Қошқар-Ата жағалауы, Тәуелсіздік саябағы, Орталық саябағы, Жеңіс саябағы, Дендросаябақ, Нұрсат шағын ауданындағы аллеясы және Қажымұқан атындағы Орталық стадион таңдалған.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер