Құнанбай һәм Досжан ишан хақ жолында

3050
Adyrna.kz Telegram

Көне тарихымыздың заттай дерегі тарих және сәулет ескерткіштері болып табылатындығы сөзсіз. Бүгінгі күні бізге жеткен ескерткіштерді зерттеу, сақтау, насихаттау елдігіміздің айғағы болмақ. Ақтөбе өңірі де тарихтан сыр шертер киелі орындардан кенде емес. Солардың бірі – Досшан ишан мешіті.

ХІХ ғасырдың 1815-1896 жылдары өмір сүрген Кіші жүз пірі, мешіттер салып бала оқытқан діни қайраткер, халықты имандылыққа уағыздаған, отырықшылыққа үйреткен Досжан Қашақұлының мешіті Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық аулынан  5 шақырым оңтүстікте орналасқан.

Зерттеуші Марат Қабижанұлы Досжан хазірет әкесі Қашақ Молдадан 14-15 жасына дейін сауатын ашып, Орынбордағы «Хусайния» медресесін бітіріп, үш жыл сондағы жастарға мударристік етіп, Ойылдағы ауылына келіп бала оқытқан» деп көрсетеді.

Кіші жүз Табын руының Қоңыр тармағынан. Ел аузындағы әңгімелерде «Досеке хазірет» деп құрметпен айтылады. Өзінің діндарлығымен, ағартушылығымен, дінге негіздеп халықтың басын бір орталыққа біріктіруімен, далалық сәулет өнерін дамытумен және қазақ шежіресінің негізін жинақтаумен қазақ тарихында із қалдырды. Атақ даңқы алты алашқа,тіпті ақ патшаның өзіне дейін жеткен адам. Ол көптеген мешіттердің бой түзеуіне мұрындық болды, оның тікелей басшылығымен салынған Доңызтаулық Қарашыңдағы Қайнар мешітінің, Ойыл аңғарындағы Шилісулық Ишан ата мешіттерінің маңызы зор.

Досжан ишан Меккеге Нұрфайыс ишан және Жұмағали ишанмен (кей дерек бойынша 1874 жылы Құнанбай тобымен) бірге қажылық сапарға барған. Досжан Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Досжан ишан Меккеге үш рет барып, Абайдың әкесі Құнанбаймен танысып, екеуі бірлесіп Тәкие-қонақ үй салдырған. Аталған қонақ үй Досжан ишан атына жазылады.

Мешіттің ұзындығы шамамен 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, қазіргі Шұбарқұдық өлкесінде алғашқы отырықшы қоныс пайда болған. Мешіттің алты бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде ешқандайда тіреу жоқ. Терезесінде де бірде бір қиық белдік жоқ, күмбез бұранда түрінде жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық, барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Мешіт ішіндегі аят хадистері қызыл оюмен боялған. Мешіттің алдында кіре беріс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Қазіргі таңда бұл мешіттің төбесі құлаған, қабырғалары ғана тұр. Бұл мешітте көптеген мүриттер қызмет етіп, көптеген ишандар, сопылар оқып, білім алып елге қызмет етті. Досжан хазірет өз мешітінің күншығыс бетінде жерленген. Басында құлпытасы сақталған. 2015 жылы Ақтөбе облысында туғанына 200 жыл толуы кең көлемде аталып өтті. Қазір Ақтөбе қаласында Досжан хазірет атында көше бар.

Бұл ескерткіштер өткеннің келешекке қалдырған аманаты, ата-бабаларымыздың үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлерінің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Ұлттық құндылықтарға қамқорлық жасау, олардың қадір-қасиетін жалпы көпшілікке таныстыру бәріміздің парызымыз.

Пікірлер