Сапасыз аста ажалдың «дәмі» бар

3652
Adyrna.kz Telegram

Қазақ «Ауру – астан» деп тегін айтпаса керек. Қазіргі таңда дұрыс тамақтанбау салдарынан елімізде өлім-жітім көп орын алуда.

Дұрыс тамақтанбау темекі шегуден де зиян

Lancet медициналық журналы рационның құнарсыз әрі дұрыс болмауынан дүниежүзінде жыл сайын 11 миллион адам көз жұматынын мәлімдеді. Сондай-ақ, олар тұздың адам өмірін қысқартатын қауіпті азық-түлік екенін атап өтті. Келтірілген деректерге сүйенетін болсақ, әлемде тұздың шамадан тыс қолданылуынан 3 миллион, жеміс жеткіліксіздігінен 2 миллион өлім тіркеледі екен.

Жыл сайын елімізде 40 мыңға жуық адам дұрыс тамақтанбағаннан қаза табады

Қазақстан дұрыс тамақтанбау салдарынан адам өлімі жиі орын алатын мемлекеттердің ондығына кіреді. Бұл зерттеу Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының тапсырысымен жүргізілген.  «Қауіпті тағам»тұтынатын елдердің алғашқы ондығы төмендегідей:

1. Өзбекстан (дұрыс тамақтанбау салдарынан 100 мың адамға шаққанда 394 адам қайтыс болған);
2. Түрікменстан (376 кісі өлімі);
3. Қырғызстан (350 кісі өлімі);
4. Украина (349 өлім);
5. Молдова (328 өлім);
6. Әзірбайжан (319 өлім);
7. Беларусь (313 өлім);
8. Тәжікстан (310 өлім);
9. Қазақстан (306 өлім);
10. Ресей (291 өлім).

Жастар арасында қауіпті ішек аурулары көбеюде

Бүгінде әр қалада түріктің донері, ұйғырдың самсасы, өзбектің палауы жаңбырдан кейінгі шыққан саңырауқұлақтардай самсап тұр. Алайда дүңгіршектердің санитарлық тазалығы көңіл көңшітпейді. Өткен жылғы эпидемиологиялық зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанда Крон ауруының таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 35,8 жағдайды, ойық жаралы колит – 100 мың тұрғынға шаққанда 91,5 жағдайды құраған.

Денсаулыққа қандай тағамдар пайдалы?

Сүт

Сүт құрамында адам өміріне қажетті барлық микроэлементтер бар. Сиырдың сүті несеп ауруларына пайдалы. Бұл тағам тәннің жұқпалы ауруларға күресін күшейтеді.

Жұмыртқа

Жұмыртқа қоректік әрі пайдалы өнім. Оның ақуызы аминқышқылдардың қалпына келуін реттесе, сары уызы өз кезегінде денені гормоналды тепе-теңдікте ұстайды.

Жаңғақ

Жаңғақтың құрамы ақуыз бен қанықпаған май қышқылдарына толы. Күнделікті рационға жержаңғақ, кешью және бразилиялық жаңғақтарды қосу арқылы жүрек дертіне шалдығу қаупін 30% төмендетуге болады.

Теңіз өнімдері

Теңіз өнімдері оңай сіңіріледі және ұзақ уақытқа тоқтық сезімін береді. Балықтың ақуызында 20 түрлі аминқышқылы бар. Оның  сегізі (лизин, метионин, триптофан, валин, лейцин, изолейцин, треонин, фенилалин), адам организмі үшін өте қажетті зат болып есептеледі.

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер