Өксіп жылап жеңілдеңіз

4919
Adyrna.kz Telegram

Адамның күйзелгенде, қайғырғанда, өкпелеп-ренжігенде, ашу-ызаға берілгенде жылайтыны бар. Ғалымдар осы жылау кезіндегі көз жасының адам денсаулығы үшін пайдасы мол екенін дәлледеп отыр. Бұл, әрине, бет жоқ жылай берген пайдалы деген сөз емес деп жазады «Адырна» ұлттық порталы «Ауырмаңыз» газетіне сілтеме жасап. Ал жоғарыда аталғандай психикалық және эмоциялық күйлер кезінде жылап алған шынында да пайдалы дейді физиологтар.

Мысалы, өксіп тұрып жылау кезінде адам өзінің ішке қысқа ғана дем сорып, оны біршама соза шығарғанын, уһілегенін аңғармай да қалады деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ал бұл кезде тыныс жолы мүшелерінің жұмысы жақсарады екен, қан айналымы да өзгеріске түседі. Жылап болған соң адамның өзін біршама жеңіл сезінетіні содан екен. Бұл кезде тыныс алу біршама тежеледі, жүрек соғысы жиілейді де, адам жеңілдеп қалады.

Ғалымдар жылаған кезде көз жасының құрамы әр кезде әрқалай болатынына да көз жеткізіпті. Мысалы, адам қайғы мен күйініштен жылаған кезде көз жасы кермек татып, тығыз әрі салмақты шығатыны анықталған. Өйткені оның құрамында белок көбірек, сонымен қатар жүйке күйзелгенде бөлінетін ерекше химиялық элементтер болады екен. Бұл заттардың ағзада көп жиналуы зиянын тигізеді. Ал олар жылаған кезде көз жасы арқылы ғана шығарылады.

Адам түрлі жарақаттар, соққылар алып немесе қатты сырқаттанып, ауырсынудан жылаған кезде де көз жасы «көмектеседі» екен. Яғни бұл жағдайларда ол анальгетик ролін атқарады. Бұл кездегі көз жасы адамға морфий сияқты әсер етеді, оның құрамында биологиялық белсенді заттар болады. Көз жасы, сондай-ақ бактериялар мен вирустарға қарсы да оңды әсер ететін көрінеді. Оның құрамында 5-10 минутта ағзаға түскен бактериялардың 95 пайызына дейін жоятын «лизоцин» атты фермент бар.

Көз жасы – ағзаның түрлі стрестерге қарсы қорғаныс әрекетінің көрінісі. Ол ағзаның күйзелістен зардап шекпеуі үшін қызмет етеді, ағзаны артық кернеуден арылтады деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ал егер адам осы кезде іштен тынып, келіп тұрған табиғи сәтте көз жасын төгіп, жыламаса, оның зияны ішке түседі, түрлі онкологиялық ауруларға соқтыруы мүмкін. Мұндайда адам түрлі жүйке сырқаттарына, қан қысымының көтерілуіне, асқазанның ойық жарасына, түрлі жүрек ауруларына ұрынуы ғажап емес.

Адам қуаныш пен шаттықтан да жылайды. Бұл кездегі ағзада пайда болған артық адреналин мөлшері қалпына келеді.

Жалпы, адамды себепсіз жылаудан сақтасын, ал табиғи жағдайда ғана, түрлі эмоциялық күйге түскенде келген көз жасын ірікпегені жөн дейді ғалымдар. Сондай-ақ олар жылаудың оның себебін түсінетін, жанашыр адамдар арасында болуы да оңды әсерін арттырады дейді.

Орташа есеппен алғанда, адам өмірінде 70 литр көз жасын төгеді екен...

Ж. ҚАСЫМ, «Ауырмаңыз» газеті.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер