"Ұлт мүддесі жолындағы күреске дайынбыз!"

1509

Жақында «Намыс» деген атпен ар-намысты ту еткен жастардың ұйымы пайда болды. Олардың мақсаты – айқын, ұстанымы – берік. Ұлттық мүддені қорғауға белді бекем буған атаулы ұйымның жетекшісі Азамат мырзамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

-Азамат мырза, «Намыс» жастар қозғалысының мақсаты қандай?

-Ежелден келе жатқан «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөзі бар екені бәріміз білеміз. Осы даналықты негізге алып, елдігімізден айырылып қалмау мақсатында ел қорғаны болатын Намысты жастардың басын біріктіру. ҚАЗАҚ деген ұлттың ана тілін сөз жүзінде емес, іс жүзінде «МӘҢГІЛІК» тіл жасау, ділі мен салт-дәстүрін дәріптеу, ең бастысы Мемлекеттік рәміздерімізді қорғап Тәуелсіздігімізді баянды ету.

Осылай қорқып, үндемей қала берсек, қазақ тілінің өміршеңдігі, өз елімізде өз тіліміздің деңгейінің төмендеп бара жатқаны бізді қатты алаңдатады.  Сол себепті, осы бағытта жұмыс атқаруды қолға алдық. Кейін аты өшкір Борат (мүлдем атын атауға келмейтін) флешмоб жасап еліміздің ТУын жерге таптағаны намысымызға тиді. Сондықтан, елдігімізді қорғап қалу – басты міндет екенін түсіндік.

-Азамат мырза, жаңа сөзіңізде айтып қалдыңыз, біздің елде бәрі сөз жүзінде ғана деп. Енді іс жүзінде Сіздер не жасадыңыздар және қандай іс атқаратын жоспарларыңыз бар?

-Даңқты ақын Расул Ғамзатов «Ертең тілім құритын болса, мен бүгін-ақ өлуге дайынмын» деген екен. Сол секілді АНА тілім үшін бәрін жасауға дайынмын, осы мақсатта намысты жастардың басын қосудамыз. Ұлттың ұлт екенін айқындайтын негізігі шарты ол - Тіл. Ұлттық сана, Рухани жаңғыру дейміз бірақ бәрі құжат бойынша дамып, сөзбен қазақ тілі «Мәңгілік тіл» статусына ие, бірақ іс жүзінде ұлтымыздың құлдырауына әкеліп жатқан секілді. Іс-қағаздар, құжаттар демей-ақ қояйын, бірақ қоғамдық қызмет көрсететін мейрамхана, дүкендердің өзіңде «қазақ тілінде» амандасып, қонақтарды қарсы алудан бастап, ас мәзірінің өзі орыс тілінде екенін бәріңіз көріп жүрсіздер. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды бастап та кеттік. Қаладағы бірнеше мейрамханаларды аралап қазақ тілінде мәзірлер мен даяшылардың қазақ тілінде қызмет етуін сұрадық. Бірақ, бәрі өкіншіті... Туған тілімізде қызмет ала алмадық.

-Бұл жұмысты қолға алуларыңызға не себеп болды?

-«Намыс» жастар ұйымының мүшелерінің барлығы осы уақытқа дейін қоғамдық, әкімшілік, ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында жүрген азаматтар. Бәрінің халық ішінде болып жатқан жайттар, ол тіл мәселесі болсын, салт-сана мәселесі болсын, бәрінде дамудың орнына жыл өткен сайын құлдырауды байқадық. Енді кеш қалсақ, «Ұлтты жоқ еткін келсе, тілін шұбарла» деген сөз бар емес пе, сондықтан Қазақ тілін мемлекеттік дәрежеде көтеріп «өлген ұлттар мен тілдер» деген аттан аман алып қалу жолында жұмыс жасау керекпіз деп шештік. Мейлі, 100% қоғамның 10% өзгертіп тілді дәріптесе біз үшін кішігірім жеңіс болар еді.

-Қозғалыстың атауы неліктен «Намыс» деп атадыңыздар?

-Жаңа жоғарыда атап өткенімдей елінің ертеңін ойлайтын, елінің Тәуелсіздігін бірінші орынға қоятын намысты жастардың басы біріккен соң «Намыс» деп атадық. «Ер намысының құлы» деген мақал осы біздің ұйымның ЕР жігіттеріне арналған десем қателеспеймін. Бір ұлтты түбегейлі құрту үшін оның тілін, дінін, ділін жоюуға талпынатыны белгілі. Ұлтымыздың ұлттығын жоймау үшін ең болмағанда тілімізді қорғайтын Намысты жігіттер жұмысқа кірісті.

 

-Жастар арасынан қанша жақтастарыңыз бар? Және олар бұл шаруаның жемісі болады дегенге шынында сене ме?

-Сан емес, сапа маңызды болуы керек. Намысты әрбір қазақ баласы – біздің жақтастарымыз. Әрбір жігіттің жүрегінде еліне, жеріне, тіліне деген махаббат пен сүйіспеншілік жатқаны анық. Ақын Сабыр Адай «Әр қазақ – менің бауырым» демейтін бе еді?! Сондықтан әрбір қазақ – ел қорғаны! Әрине, еретіндер, қолдаушылар өте көп. Қазіргі күнге дейін қасымызға қосылып жатқандар жеткілікті. Жаңа айтып кеткендей, сандық көрсеткіш емес, жүрегі ел деп соққан азаматтар қасымыздан табылары анық!

-Қазақ тілін дәріптеп, оны дамыту жолында қызмет жасауға не түрткі болды?

-Ана тілімізде сөйлеуге намыстанатын қоғамда өмір сүруіміз, өз тілімізде сөйлей алмайтын өз бауырларымыздың кездесуі жаныма батады. Әрі өзіміздің қара көздер мен қара домалақтар қоғамда орысша шүлдірлеп жүргенін көзбен көріп, қайда барар екенбіз деп налыймын. Осы уақытта орыстың жазушысы К.Г. Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі еске түседі. «Тілін білмеген мәңгүрт» деген тіркестін мағынасын түсінсе екен деп ойлаймын әрбір қазақ. Басқа тілді білдім деп мақтанбай, өзіміздің саф алтындай таза, мағынасы терең өз тілімізді білсе, сөйлесе екен.

-Қазақ тіліндегі жарнамалар мен сауатсыз аудармалар бағытында жұмыстар жүргізіле ме?

-Ұлттық рухты дамыту үшін ең бірінші осы тілімізді шұбарламай үйрену қажет. Жарнамалар мен аудармалар жасағанда тіл мамандарының рұқсатынсыз шығарылмайтындай ережелер қабылдау қажет секілді. Сонымен қатар, мемлекеттік тіліміз туралы заңда Қазақ тілінің мәртебесін асқақтату бағытында да қызмет ету – басты мақсат.

-Жаңа өзіңіз айтып қалған атын атауға келмейтін кино жайында не айтасыз?

-Елімнің Туын тыр жалаңаш мақұлықтар (адам деп айтуға мүлдем келмейді) билеп, жерге таптап Қазақстан немесе қазақ ұлты туралы ештене білмейтіндердің ісін көріп ашындым. Сол флешмоб шыққан күннің ертесіне Намысты жігіттерді ертіп АҚШ елшілігіне бардым. Бүкіл қазақ елінен, қазақ жұртынан кешірім сұралсын деген петицияны елшіге ұстаттым. Барлық қазақпын деген, ұлтына жаны ашығандардан қолдау таптым. Осы бағытта жұмыстар әлі де жасалынуда. Біздің елде көрсетілмеуін ел болып, халық болып талап етіп отырмыз.

-Күрестің соңына дейін жетуге шыдамдарыңыз жете ме?

-Алла, қуат беріп, Намысты жігіттер болса соңынан дейін жеткізіп тілімізді Мәңгілік тіл етерміз!

-Қазақтың XXI ғасырдағы мақтаныштары кім?

-Қазақ деген халық негізі ҰЛЫ халық қой. Әрбір қазақ ел мақтанышы бола алатын текті ұлтпыз. Ал жалпы қазіргі ел мақтанышы, артынан халық еретін Мұхтар Шаханов, Ардақ Назаров секілді қазақтың біртуар азаматтары.

-Қазақ дегенде ойға келетін тұлғалар?

-Алаш зиялылары, Дінмұхамед Қонаев, т.б.

-Азамат мырза, жастарға қандай тағылым айтар едіңіз?

-Құрметті, Қазақтың Намысты жастары елдің елдігін қорғап, Тәуелсіздігімізден айырылмай, тілімізді дәріптеп, мәртебесін асырайық. Осы жерде Мағжан Жұмабаевтың:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн! - деген өлеңі әрбір жастың есінде ұран болып жатталғанын қалаймын.

-Азамат мырза, сұхбатыңызға рахмет. Намысты ұйымының намысты жігіттері көп болып, Ел намысын қорғау жолында сәттілік тілеймін!

 

Әңгімелескен С. СЕРІК, 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Редакция таңдауы