Тауықты сорпаға айналдыратын заң

4119
Adyrna.kz Telegram

Мәжілісте Экологиялық кодекстің кейбір нормаларына қатысты талқылау жиыны өтті. Осы жиын барысында жаңа экологиялық кодекстің күлкі шақыратын тұстары сөз болып, Мәжіліс төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН кодексті жазғандарды сын тезіне алды.

Экологияға қатысты бұл қандай жаңа кодекс дерсіз. «Бақсақ, бақа екен» демекші, мәжілістің  талқылауына ұсынылған бұл заң номалары экологияны қорғауға арналған құжат көрінеді. Дұрыс, экологияны қорғау, ластануына жол бермеудің түрлі тетіктерін іске қосқанымыз оң шаруа. Осы шаруаны заңмен шегелеп бекіту тіпті, тамаша деуге тұрарлық нәрсе. Алайда, егер әлгі ауыз толтырып сөз етіп отырған кодекстегі кейбір нормалар кісінің күлкісін келтірмесе. Мәжіліс төрағасы бұл заң нормасына бекер шүйлікпепті. Тіпті, Нығматулин жаңа экология кодексін жазған Мағзұм Мырзағалиевке ауыл жаққа барып қайтуға кеңес берді. Неге? Экология кодексіне қатысты талқылау жиынында депутат Мұрат Теміржанов мал мен құсты декларациялау мәселесін көтерді. Ол бұл норма кәсіпкерлерге қолбайлау болатынын алға тартқан еді. Шикі кодекстің шұбалаңқы шарттарына шыдамады ма, осы тұста Нығматуллин Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевке  тым болмаса кодекс қабылданғаннан соң, ауылға барып қайтыңыз деді. «Мәселен, Қарағанды облысының Ұлытау ауданының тұрғынының оншақты тауығы бар делік. Тауықтарын декларациялау үшін ол облыстық Табиғи ресурстар басқармасына баруы керек екен. Ал ол облыс орталығында орналасқан. Яғни, ол тіпті 5 емес, тіпті 1 тауығын декларациялау үшін 700 шақырымды жүруі керек. Неге кодексте «100 және одан төмен бас үшін» деп жазылған? Ол санға 99 малды да, 1 малды да кіргізуге болады. Әлбетте бір табынның бір тауыққа қарағанда экологияға тигізетін әсері мол екенін алдымен түсініп алу керек. Бұл норманы жазар кезде ойлану керек еді»,- деді Нығматуллин. «Жалпы, норманы жазған адам ауылда болды ма деген сұрақ туындайды. Болмаған шығар. Шіркін, осы норманы жазған адамды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда ғана ол адам тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза? Кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз», - деді Мәжіліс спикері.

«Ерекше дүние» ойлап тапқандай, су жаңа кодексті таныстыруға келген экологтар егер ауыл дегеннің не екенінен хабардар болса, бұлай жұрттың алдында абыройдан айырылмас еді-ау? Кодексті жазып отырып әр ауыл тұрғынының тауық арқалап, орталыққа қарай декларация жасауға кетіп бара жатқанын қалай елестеткені белгісіз. Әлде Экология министрлігіндегі ақ жағалылар ауыл халқын іші пысып, ерігіп жүр деп ойлай ма?

Экологияның тазалық мәселесін тауықтар арқылы шешу мүмкін емес. Ал әлгіндей ресми құжат үшін ауыл адамының орталық пен ауыл арасын тоздыруы тіпті, қисынсыз. Осындай заң нормаларын ойлап табатындарға осындайда еріксіз таңғалып, таңдай қағасыз. Бұл қалай? Білдей бір мекеме. Соған қарамастан, әлгіндей дүниелерге заң деген айдар тағып, мөр басқылары келеді. Айналайындар-ау, мынадай заңнан кейін ауылдағы ағайын қолда бар тауығын сойып, сорпаға айналдырғанды дұрыс көрмей ме? Табиғаттың тазалығын алға тартып, тауықтарды құрбандыққа шалатын заң нормалары екен мынау. Онсыз да ауыл халқының күнкөрісіне жарап отырған санаулы тауық пен ірілі-ұсақ бірер малын енді мынадай заң нормалары жоқ етпесін деп тілейік.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер