Франциядағы шабуыл террорлық акт ретінде қарастырылуда

1379

Бүгін, 29 қазан Париж уақытымен сағат таңғы 9 шамасында Францияның Ницца қаласында 3 адам пышақпен қаруланған қылмыскердің қолынан қаза тапты, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Еuronews-ке сілтеме жасап.

Францияның Ұлттық терроризмге қарсы прокуратурасы Ницца қаласының Нотр-Дам базиликасында (храм – ред.) жасалған шабуылды тергеуде. Үш адам, оның ішінде бір әйел және шіркеудің пономары пышақпен қаруланған адамның қолынан құрбан болған. Терроризммен және қылмыстық террористік ұйыммен байланысты кісі өлтіруге оқталу туралы іс ашылған.

Ницца шегіндегі ең үлкен Рим-Католик шіркеуі Нотр-Дам базиликасы жан-Медсен аймағында орналасқан. Қайғылы оқиға бейсенбі күні таңертеңгі 9-да болған. Куәгерлердің айтуынша, шабуылшы "Аллаһу акбар" деп айқайлаған. Полиция оған алты-жеті рет оқ атқан. Францияның Ішкі істер министрі Жеральд Дарманен қалада полиция әлі де бақылау жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

Ницца мэрі Кристиан Эстрози бұл оқиғаны террорлық шабуыл деп санайды. Бұл туралы ол өзінің твиттерінде жазды. Сондай-ақ, әкім кісі өлтірген күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оның жағдайы ауыр және ауруханаға жеткізілген.

"Ницца, бүкіл Франция сияқты, тіпті, Франциядағы басқа жерлерге қарағанда, бүгін тым ауыр жағдайға тап болды, қайтадан ислам фашизмінің құрбанына айналды", - деген Кристиан Эстрози. – Қылмыскердің оқиға болған жерде алғашқы медициналық көмек көрсеткен кезде де "Алла ұлы" сөзін қайталауды тоқтатпауы күмән тудырады, - деп жалғаған.

Қала билігі Ниццадағы барлық ғибадатханалар жабылып, бейнебақылауға алынатынын хабарлады. Франция ІІМ-нде дағдарыс штабы құрылған. Президент Эммануэль Макрон Ниццаға кетер алдында Үкімет мүшелерін шұғыл жиналысқа жинаған.

Парламент отырысында да жағдай арнайы талқыланған.

"Бұл жаңа шабуыл, мен жағдайды толық, егжей-тегжейлі білмегендіктен, толық ақпарат бере алмаймын. Бірақ, сөзсіз, бұл біздің еліміз өтіп жатқан тағы бір маңызды сынақ", - деген Премьер-министр Жан Кастекс өз сөзінде.

Депутаттар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алған. Полиция қаза болғандардың екеуі сол жерде, ал үшіншісі жан сақтамақ болып барған көрші барда қайтыс болғанын айтады. Құрбандарының бірі – әйел. Қылмыскер оның басын кесіп алған.

Ниццадағы шабуылдан шамамен екі сағат өткен соң елдің оңтүстік-шығысындағы Авиньонда тағы бір бейтаныс адам пышақпен «Аллах Акбар» деп айқайлап, полиция қызметкерлерін қорқытады. Ол тәртіп сақшыларына шабуыл жасамақ болғанда, полиция оған оқ атқан. Шабуыл жасаған адам сол жерде көз жұмады.

Кейінірек Сауд Арабиясында Джиддадағы Франция консулдығының күзетшісіне шабуыл жасалғаны белгілі болды. Дипломатиялық өкілдіктің қызметкері жеңіл жарақаттанған. Бұл туралы Мекке провинциясының полициясы хабарлаған. Шабуылшы ұсталды.

Естеріңізге сала кетсек, бейсенбі, 29 қазан мұсылмандар Мұхаммед пайғамбардың туған күні – мәуліт мерекесін тойлайды. Екі апта бұрын Францияның Иль-де-Франс метрополитеніндегі Конфлан-Сент-Онорин қаласында тарих және география пәнінің мұғалімі сөз бостандығы сабағында балаларға Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткені үшін мұсылман азаматтың қолынан қаза тапқан болатын.

Фото ашық дереккөзден алынды

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы