42 500 теңгеге қалай өмір сүруге болады?

2500
Adyrna.kz Telegram

Павлодар қаласының тұрғыны Марат СӘБИТОВ ең төменгі жалақы 42 500 теңге бір ай өмір сүруге жететін-жетпейтінін тексеріп көрген. Азамат экспериментін аяқтап болған соң "NewTimes.kz"-ке нәтижесі жайлы сұхбат берген, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Марат Сәбитов 24 қыркүйек күні өзін сынап көруге бел буған.

"Мен бұл мәселені зерттеп көрдім. Күнкөріс минимумының 30 мың теңгеден сәл ғана асатыны туралы оқып білдім. Содан 42 500 тек тамақ үшін ғана емес екенін түсініп, мен мұны тексеріп көруді шештім. Мен бұл идеядан бас тартпай соңына дейін жету үшін әлеуметтік желі арқылы өз идеямды жарияладым да,   осы экспериментті бастап кеттім", — дейді ол.

Марат алғашқы күндері қиындыққа тап болғанын да айтқан.

Марат бұл эксперименті жайлы: "Ең қиыны, мен бұл экспериментке дайын болмадым. Мәселен, өз мәзірімді жоспарлап, азықты интуитивті түрде бөлдім. Бірден көп ет сатып алып қойыппын, оны көп жемейтіндей етіп бөліктерге бөлдім, жармалар мен көкөністерге көбірек назар аудардым, өйткені олар арзан болды. Басында ақша жетпей қала ма деген оймен көбірек үнемдедім. Көптеген адамдар менің экспериментімді сынға алғандықтан, қиындық та болмай қалмады. Үнемі үнемдеп, жоспармен жүргендіктен  және әрқашан шектеулі режимде болғандықтан басында психологиялық қиындықтар көп болды. Алғашында мен жетіспейтін шығар деп қорқып, тамақ жей бермедім. Әсіресе, 4-5 күннен кейін ашушаң бола бастадым да, 12 күннен кейін оным басылды, бірақ шаршау сезімі пайда болды",-деп есіне алады.

Ол бәріне қызық болған 42 500 теңгені тек азық-түлікке ғана жұмсамай, тұрмыстық химия мен жол жүру шығындарын жабуға да тырысқанын айтады.

"Мен  бұл 42500 теңгеге жуынатын керек-жарақтарды да сатып алдым, коммуналдық қызметті, транспортты да қамтыдым. Тек, киім мен аяқ киім үшін бұл ақша жетпейтіндіктен, мен оларды сатып алмадым. Ал егер мен тұратын үйімді де жалға алсам, басында-ақ эксперимент сәтсіздікке ұшырайтын еді. Өйткені Павлодарда бір бөлмелі пәтерді жалдау 42 500 теңгеден жоғары. Сол себептен де мен мұны қарастыра алмадым. Ал егер өмір сүру ғана болса, онда сіз аман қала аласыз. Мысалы, арпа сатып алыңыз – бұл арзан тұрады және тойымды да. Тек бір-екі ай тек соны жеп, қорек етуіңіз керек, бірақ ол денсаулығыңызға да зиянын тигізбей қоймайды", - дейді Марат.

Жақында Марат өз экспериментін аяқтады. Ол 42 500 теңгенің соңғы тиынына дейін жұмсаған.

42 500 теңгенің 21 565 теңгесі азық-түлікке, қалғаны коммуналдық қызметтер мен көлік шығындарын төлеуге кеткен.

Нәтижесінде азамат 6,8 кг салмақ тастаған.

"Тәжірибемнің нәтижесіне келсек, маған мезгілдің көмегі көп болды. Өйткені жылу болмады, көкөністер мен жемістер арзан болды. Ал қараша-желтоқсан айларында өнімдер мен коммуналдық қызметтер бірнеше есе қымбаттайды. Ол кезде мен бұл соманы жеткізе алмайтыным анық. Қазір жұмыртқа 20-25% - ға қымбаттады. Бұл қыста бәрі одан да қымбат болатынын білдіреді. Егер көлік болса, онда шығын да арта түседі. Әсіресе, солтүстік аймақта шығын өте көп. Қорытындылай келе, жазда бұл ақшаға бір ай өмір сүруге болады деп айта аламын. Бірақ "өмір сүру" мен "күнелту" ұғымдарын шатастырмаңыз. Ылғи да 42 500-де өмір сүру мүмкін емес", - деп мойындайды ол.

Марат экспериментке жалғыз қатысқан. Оның айтуынша, бұл есеп отбасына қарастырылмаған. Ол балалы қазақстандықтар 42 500 теңгені қалай жеткізіп, өмір сүретініне таңқалған.

Марат Сәбитов тек 42 500 теңгемен отбасын асырап отырған жандар бар екендігін де айтып, оларға жаны ашитынын да жеткізді.

«Адырна» ұлттық порталы

Дайындаған Жазира ТЕМІРБЕК

Пікірлер