Кез келген тілдің ертеңі – баланың тілінде

2165
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Ұлттық комиссия отырысында ана тілінің ахуалына қатысты жұмысты әлемге танымал телеарналар мен кітап беттеріндегі бала контентінен бастау керек деген ұсыныс барын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

«Рухани құндылықтар қатарында ана тіліміздің ахуалы алдыңғы қатарда тұратыны белгілі». Бұл Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтқан «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі алыс емес» деген қағидасымен тікелей үндес. Ал кез келген тілдің ертеңі – баланың тілінде. Сондықтан да, бұл жұмысты әлемге танымал телеарналар мен кітап беттеріндегі бала контентінен бастау керек деген ұсыныс бар. Нақты айтсақ, «Nickelodeon», «Disney», «TiJi» телеарналарының мультипликациялық фильмдерін қазақ тіліне аудару бойынша жоба дайындалып, Үкімет қарауына ұсынылған болатын. Қазіргі таңда біржақты шешім күтіп отырмыз, - деді ол.

Бұдан бөлек, ол министрліктің бастамасымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қатысуымен балалар әдебиетінің 20 әлемдік бестселлерлерінің тізімі жасалып, ішкі қаржылық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, аударманың аудио электрондық нұсқасын жасау туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Бұл жұмыстардың барлығы – ел ішінде, әсіресе, балалар мен жастар арасында рухани-адамгершілік тәрбие жүйесін жүзеге асырудың біртұтас жол картасын қалыптастырып, бірнеше мүдделі мемлекеттік органдардың атсалысуымен іске асыруды көздейді. Өз кезегіде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл жұмыстың негізгі үйлестірушісі қызметін өз мойнына алуға даяр, - деді ол.

Пікірлер