Қазақстан қарыздың батпағына батып барады

7692
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттің өзге елдер алдындағы берешегі бес жылдан кейін 25 триллион 692 миллиард теңгеге жетпек. Депутаттар мұны естіп жағасын ұстады, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы ernur.kz порталына сілтеме жасап.

"Үкімет есебіне сүйенсек, мемлекет қарызы осы жылы ЖІӨ-ге шаққанда 29,2 пайыз болады. Бұл бюджет тұжырымдамасында белгіленген шектеуден 27 пайыздан асады. Мемлекеттік қарыз сомасы өседі, сәйкесінше республикалық бюджетке салмақ түседі. Себебі, оны өтеуге қажетті шығындар артады" - дейді Мәжіліс депутаты Дәния Еспаева.

Мәжіліс отырысындағы әңгіме бюджеттік саясат тұжырымдамасында көрсетілген шекті деңгей туралы болып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайыловтың сөзінше, үкімет нақты лимитті белгілеген. Ол 27 пайыз деп бекітіліпті. Сондықтан мемлекеттік қарыздың мөлшері қауіпсіз деңгейде сақталып отыр дейді. Әрі бұл халықаралық ұйымдар бекіткен 50 пайыз лимиттен әлдеқайда төмен екен. Депутаттарды бос даурықпауға шақырған Қаржы министрі де жағдайды күнде сүзгіден өткізіп жүргенін алға тартты. Бір жағынан, министрлер кабинеті мемлекет қарызына қызмет көрсету шығындарын бақылауға бюджет тапшылығын қысқартуды көздеп отыр. Яғни берешек жалпы ішкі өнімге шаққанда үш жылдан соң 2,1 пайызға азайтылмақ. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өзге елдердің қарыздарын тізе бергені сол еді, ол төменгі палата спикеріне ұнамай қалды.

"Мемлекеттік қарыз айтарлықтай қауіпсіз деңгейде екенін еш күмәнсіз айтқым келеді. Бұған біз күн сайын мониторинг жасап отырамыз. Қазақстанның қарызын экономикасы жағынан жақын басқа елдермен де салыстырар болсақ, мысалы, Түркияда мемлекет қарызы 40 пайыз, Мексикада 55 пайыз, Индонезияда 37 пайыз" - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Салыстыратын елдерді де «тауыпты» біздің шенеуніктер. Айналайындар ау, Түркияның мемлекеттік қарызы 40 пайыз болса, оның халқы жүз миллионға жуық. Ол аз десеңіз, түріктер киім тігіп сатса да, қарызынан құтылады. Оны да аз көрсеңіз, түріктің әскери қару жарақтарына көзін сүзіп отырған бүкіл әлем қарызын әп сәтте кешіп жіберуге даяр емес пе?!

Мексиканың қарызымен салыстыру тіпті масқара емес пе?! Тым құрығанда, сол Мексика секілді текилла мен кофе өндіре алмай отыр емес пе біздің Қазақстан? Теңіз өнімдері мен пальма майымен әлемді аузына қаратқан Индонезия халқы мемлекеттік қарыздан қайыршыға айналады деп ойлай ма қазақстандық шенеуніктер? Қазақстанның сыртқы қарызы расымен қауіпті мәселе. Себебі, қарыз алу бар да, оны қайтару барын ақымақ адам да біледі. Қазақстан қарызын қалай қайтарады? Кофемен бе, сүт, май, шаймен бе? Бұрын мұнайына сенген ел едік. Қазір мұнайымыз судың құнына теңелудің алдында тұр. Олай болса, биліктегі шенеуніктердің бас ауруы ең бірінші қарыздан қалай құтыламыз деген сұрақ болуы керек шығар?

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер