Лукашенко сайлауды қайта өткізуі керек - Сарапшы

840

Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская Александр Лукашенконы биліктен кетіруге бағытталған жалпыұлттық ереуіл «енді ғана басталды және барған сайын ауқымы кеңейе береді» деп мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы. Беларусядағы билік пен халықтың арасындағы теке-тірес немен аяқталады?

26 қазанда елде мыңдаған жұмысшы, студент, зейнеткер оппозиция шеруін қолдап, көшеге шыққан. «Бүгін батылдық танытып, ереуілге шыққан әрбір белоруспен мақтанамын» деген Тихановская «елдегі барлық адам көшедегі наразылыққа қосылуы тиіс» деді. Сондай-ақ ол «Жалпыұлттық ереуілге қосыл. Бұл режимді құлатудың жалғыз жолы және белорус халқы, бәріміз, бірігіп, жаңа әрі еркін, қауіпсіз мемлекет құрамыз» деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда Белеарусия еліндегі наразылық жаңа сатыға көтерілген тәрізді. Халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабековтің Беларусиядағы қалыптасқан жағдайға байланысты пікірін білген едік.

– Тымаздың 9 бастап Беларусь халқы Лукашенконың отставкасын талап етіп, митингке шығып жатыр. Ал 26 қазаннан бастап Светлана Тихановская халықты жалпыұлттық наразылыққа шақырып отыр. Оппозицияның ультиматум жасауы қаншалықты нәтиже береді?

– Әу бастан Светлана Тихановскаяның ультиматумын Лукашенконың орындамайтыны белгілі болатын. Қазанның 26-нан бастап Беларусиядағы саяси дағдарыс одан әрі ушыға береді. Себебі Светлана Тихановскаяның штабы «ереуіл жалпыұлттық сипат алады» деп мәлімдеген болатын. Бұдан бөлек беларус азаматтарына мемлекеттік зауыт шығаратын өнімдерден бас тарту туралы үндеу тасталды. Бұл қадам елдің экономикалық жағдайын ушықтырып, салықтың түсімін азайтады. Сондықтан да жақын арада қақтығыс жаңа деңгейге көтеріледі.
Шыны керек қазіргі саяси дағдарыстан шығудың жолы қандай деген өте күрделі сұрақ болып отыр. Бұған дейін билік пен оппозицияның арасында диалог құруға қандайда бір кеңістік болған. Алайда қазанның 26-нан кейін өзара тіл табысу мүмкіндігі азайды. Алдағы уақытта ортақ компрамиске келу қиын болып кетті. Мысалы Тихановскаяның штабы айтқан сөзінен қайта алмайтынын, ал Лукашенко билікті бермейтінін ашық айтып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Беларусиядағы саяси дағдарысты келіссөздер арқылы шешудің мүмкіндіктері азайып келе жатыр. Әрине, бұл өкінішті.

– Халық радикалдық жолға көшкенде ғана билікті ала ма? Мәселен Қырғызстанда бір түнде мәселе шешілді. Ал Беларусиядағы митинг тым ұзаққа созылып кетті. Халықтың мәдениетті түрде наразылық танытуы жақсы. Бірақ алдағы уақытта халықтың әрекеті радикалдық бағытқа ауыспай ма?

– Нақты қай бағытта оқиғаның өрбейтінін дөп басып айту қиын. Бірақ қандайда бір қантөгіске апармайды деп ойлаймын. Билік те, оппозиция да өзінің жауапкершілігін түсіну керек. Бірақ егер Беларусь билігі келіссөзден толықтай бас тартса, азаматтар күресті күшейте түседі. Нақтырақ айтсам билік пен қоғам арасындағы қақтығыс болып, көтерілістің радикалдануы мүмкін. Егер халықпен ортақ тіл табысуға ұмтылмайтын болса, бұған билік кінәлі болады. Бұл бірінші деңгей. Екінші деңгейде Минсктің геосаяси жағдайына әсер етеді. Бүгінгі таңда Евопалық одақ пен Батыс мемлекеттері оппозицияны қолдайтынын ашық айтып отыр. Алдағы уақытта да басып жаншу саясаты жалғаса беретін болса, онда Минскке бағытталған санкциялар да күшейе береді.

– Лукашенко биліктің оңай жолмен бермейтінін аңғартты. Халық қазір өте мәдениетті түрде өзінің позициясын білдіріп жатыр. Қырғызстанда Ақ үйді басып алған секілді резиденцияны басып алумен бұл мәселе шешіле ме?

– Әрине бұл дағдарыстың күшпен шешілетінін жоққа шығара алмаймыз. Дағдарыстың қызуы көтеріліп, қақтығыс радикалдануы мүмкін. Бірақ оған дейін апармау керек.

– Апармау керек дегенді Лукашенко кету керек деп түсінеміз бе, жоқ әлде халық басылу керек деп пе?

– Дағдарысты шешудің әртүрлі механизмдері бар. Механизмнің бірі конституциялық реформаны жүзеге асыру. Біріншіден билік оппозицияның өкілдерін қатысумен реформаны жүзеге асыру керек. Екіншіден, саяси дағдарыстан шығудың бірден бір жолы қайта президенттік сайлау өткізу. Ол туралы президент Лукашенкода айтқан болатын. Қайта сайлаудың нақты мерізімін оппозициямен бірлесіп отырып шешу керек. Жағдай қанша қиындаса да мәселені келіссөздер арқылы шешудің жолы әлі де бар.

– Саяси дағдарысты шешудің бір жолы сайлауды қайта өткізу деп отырсыз. Ал саяси тұтқындарды босату туралы не айтасыз?

– Саяси тұтқындарды босату белгілі бір деңгейде іске асырылды. Бірақ қазір ереуілшілер мұнымен шектеліп отырған жоқ. Тұтқындарды босату белгілі бір деңгейде диалогқа көмектеседі. Бірақ дағдарысты шешудің басты формуласы емес. Қарсылықтың басты себебі президент сайлауының нәтижесімен келіспеу болды.
– Пікір білдіргеніңізге рахмет.

Серік Жолдасбай

Пікірлер
Редакция таңдауы