Мамин "Жұмыспен қамту" жол картасын жаңартуды тапсырды

2246
Adyrna.kz Telegram

Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдіктер мен жауапты министрлерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

«Биыл дағдарысқа қарсы қабылданған шараларды іске асыру халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауға ықпал етті.  Жұмыспен қамтудың жол картасы қазақстандықтардың көбіне жұмысы мен табысын сақтауға септігін тигізді, елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділігін көрсетті. Жол картасының жобаларын іске асыру үшін қажетті тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің шамамен 90%-ы отандық өндірушілерден сатып алынды. Жұмыспен қамтудың жол картасының шеңберінде шамамен 6600 әлеуметтік, коммуналдық және көліктік инфрақұрылым объектісі салынып, реконструкциядан өткен. Жобалар аяқталған соң, сабақтас салаларда 100 мың жұмыс орны құрылады»,- деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша жалпы жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жақсы.

Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін 2021 жылға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасын жаңарту және онда тұрақты жұмыс орындарын құруға баса мән беру тапсырылды. Бұл ретте жобалардың басым бөлігі аяқталғандықтан, жұмысынан босап қалатын адамдарды жұмыспен қамту шараларымен қамту керектігі атап өтілді.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс орындарын құру бойынша индикаторларын жаңарту, тиісті статистикалық есепке алу жүйесін енгізу, сондай-ақ жұмыс орындарын құрудың өңірлік карталарын әзірлеп, бекіту тапсырылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер