Қателіктен көз ашпаған Қазақстан

4778
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттің бас санитары Жандарбек БЕКШИН локдаун кезінде болған үлкен қателіктерді атап көрсетті деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Журналистермен өткен онлайн брифинг барысында Бекшин: «Қоғамдық көліктердің жүру уақытын сағат 18.00 ге дейін шектеу шаралары үлкен қателік болды деп санаймын. Жұмысқа барудың негізгі уақыты таңғы 7.00- ден 10.00-ға дейін және қайту уақыты кешке  17.00-ден 20.00 аралығы. Автобустар уақытын шектеу салдарынан адамдардың аялдамаларда көптеп шоғырлануы, автобустарда тығылысып отыруы сияқты жағдайлар болды. Ал жексенбі күндері індет өсу көрсеткіші төмен болды»,-деді. Осыған байланысты ведомство өткен тәжірибе қателігінен сабақ алып, қоғамдық көліктің жүрісі тұрақталғанын мәлімдеді.

Бас санитардың бұл айтқан қателіктерінен бөлек локдаун кезінде тағы қандай қателіктерге жол берілгеніне сырт көздің пікірі қандай? Мәселен, шымкенттік зейнеткер Сара апа: «Карантин деп жариялап алып, базар жұмыстарын бейберекет етті. Шымкентте адам көптеп баратын базарлар түсініксіз уақытта жұмыс істеді. Соның салдарынан адамдар ығы-жығы болып жүрді. Вирустың таралуы сол кезде өскен де шығар деп ойлаймын»,- дейді. Ал атыраулық оқырманымыз Асылжан: «Кафелерді ашып, монша мен шаштараздың уақытын шектеуді қателік деп санаймын. Жұрт шашын кестіріп, жуынып шайынбай, кафелерде демалып отырсын деді ме, түк түсінбеймін», -деп күледі.

Түркістан облысының азаматы Әуелхан ШОНЖАН: «Жалпы, біздің елде қате емес дүние бар ма? «Карантин» деп қойып, талай тойхана жүздеген адамға тығылып той жасауда. Құдалығың да, беташарың да, жаназаң да бәрі бұрынғысынша өтіп жатыр. Әлгі вирусың көпшілік жиналған жерден жұғады десе, онда билік шектеу шарасының өзін дұрыс қойып отырмағанын көресің. Еліміздегі бір мектепке бала барып оқыса, енді бір мектептің есігінде қара құлып тұр. Айналайындар-ау, сонда немене әлгі коронавирус «мынау мектепке барам, анау мектепке бармаймын» деп таңдау жасайтын болғаны ма? Адамның ақылына келетін шектеу түрлерін енгізу керек қой!»-деп күйінеді.

Қазақстанда карантиндік шаралар әлі де жалғасуда. Бірқатар нысандар әлі күнге толықтай іске қосылмады. Десек те, қай өңірге барсаңыз да, жұрттың «коронавирусты әлдеқашан ұмытқанын» байқайсыз. Алысқа ұзамай-ақ, пойызға отырыңызшы. Кез келген бағыттағы пойызға отырып көріңіз. Пойызыңыз адамға лық толы. Пойыздарда санитарлық талаптар туралы сөз етудің өзі артық. Бетперде тағып, қазақстандық ескі пойызда ешкім де тұншығып өлгісі келмейтіні сөзсіз. Сондықтан пойыздарда бетперде таққан адамды көрмейсіз. Ал пойыздың ішінде антисептиктің ыдысын көзіңіз шалса, қолыңызды жуам деп әуре болмаңыз. Өйткені сыртына «Антисептик» деп жазылған құтының іші бос болуы әбден мүмкін. Дәл сол антисептиктің бос құтысы секілді, Қазақстандағы карантин шаралары да аты-бар, өзі-жоқ. Локдаун кезіндегі қателік тарихтың қойнауына кетті. Ең болмаса, дәл қазіргі кездегі көзге бадырайып көрініп тұрған қателіктерді түзеткен жөн болар, сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

 

Пікірлер