Алматы журналистері игі іс бастады

1347

Алматы журналистері қаладағы жаңадан ашылған Журналистер аллеясына талшын ағашының көшетін отырғызды. Демалыс күніне сәйкес келген шараға 35 басылымнан 50-ден астам журналист қатысып, 200-ге жуық көшет отырғызылды.

Аллея Абай даңғылының бойында, Гагарин даңғылынан Жароков көшесіне дейін созылып жатыр.

«Біз талшын ағашын таңдадық, өйткені ол шаһармен байланысты алғашқы Алматы ағашы. Екінші себеп: жер астындағы барлық жерде байланыс бар: инженерлік желілер, су, электр, телефон желілері және т.б. Бұл аумақ ерекше жағдай емес, ал каштанның тамыры өте қысқа бар болғаны үш метр. Жалпы, қала экологтарының, горзеленстрой мамандарының ұсыныстарын ескере отырып, секторларға аудандастырылған», - деп түсіндірді, Алматы қаласы әкімдігінің жасыл экономика Басқармасының бастығы Наталья Ливинская.

Журналистердің айтуынша, мұндай игілікті шара қала экологиясының жақсаруына септін тигізеді, әрі әріптестікті нығайтады.

Мақпал Ноғайбаева, «Жас қазақ» газетінің тілшісі:
– Шараға өзіңіз де бірге қатыстыңыз, әрі бірлігіміз жарасып қолымызға бір-бір күрек алып ағаш көшетін отырғыздық. Мұны өте игі шараның бірі деп есептеймін. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар дана халқымызда. Сондықтан ағаш егуді ата-бабамыздан келе жатқан бір дәстүр десек те болады, әрі Алматы қаласының экологиясына қажет нәрсе деп ойлаймын.
Бір жағынан сүйікті қаламыздың өркендеуіне, көркеюіне кішене де болса да өзіміздің үлесімізді қостық деп ойлаймын. Өзіңіз де байқап отырғандай кейбір әріптестеріміз бала-шағаларын ертіп келіп, оларға үлгі көрсетіп жатыр. Жалпы біз бүгін талшын ағашын ектік. Талшын өте шыдамды, төзімді ағаш. Басқа ағаштардан әдемі жапырақтарымен ерекшеленеді. Енді Абай көшесімен журналистер аллеясынан өтіп бара жатқанда «біз осында ағаш еккенбіз» деп балаларымызға айтып, өнеге көрсетіп жүретін болайық. Қаламызға, отанымызға деген сүйіспеншілік осындай игі істерден бастау алады. Сондықтан болар, өзім ерекше қуанышты күйде тұрмын.

Гүлвира Биғалиева, «Еуразия» телеарнасының редакторы:
–Негізі мен алма ағашын еккім келген. Әкімдікке, Жасыл экономика департаментіне апорт ағашын ексек, апортты жандандырсақ және «Қазақ журналистерінің аллеясы» деген үлкен аллея ашсақ деп ұсыныс тастағаным рас. Алайда біз бүгін талшын (каштан) деген ағаш ектік. Оның қандай болып өсетінін білмеймін. Журналистер (орыс-қазақ – авт.) аллеясы ашылды. Дегенмен біз қазақ журналистер аллеясын бөлек жасатқымыз келіп тұр.
Енді Абай көшесінің бойында, қаланың қақ ортасында журналистердің өз талдары бар. Яғни, оған келіп күтім жасауына, өз талының қасында өлең-жырын оқуына мүмкіндіктері бар. Көшетті отбасымыздың амандығы үшін ниеттеніп отырғызып жатқан жайымыз бар. Ағаштардың гүлденіп өскені еккен адамның өміріне әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан әрбір сауапты іс жасаған кезде ерекше көңіл-күймен жасау керек. Өз басым бақша өімдерін, гүл еккенді өте жақсы көремін. Сол арқылы өмірдің әдемілігін түсінуге болады.
Бұл ағаштар қандай жағдайда да адам өмірін жақсартуға сеп болады. Сондықтан да сауапты ісіміз денсаулыққа да, көңіл-күйдің көтерілуіне де пайдасын тигізеді.

«Елге мал көптік қылмайды, Жерге тал көптік қылмайды» – демекші Алматы журналистері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» айта жүрерлік іс атқтарды. Енді бұл бастаманы өзге өңірлердегі әріптестеріміз іліп әкетсе деген тілегеміз бар.

Гүлвира Асқарқызы,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы