Жалақысы аз болса да, сауабы мол қызметті атқарушылар

2335
Adyrna.kz Telegram

«Мен ерекшемін. Мен мектепке бара алмаймын. Бірақ мен де сабақ оқи аламын. Мен жүгіре алмаймын. Бірақ мен де ойнай аламын. Мен өздігімнен ас іше алмаймын. Бірақ мен де тәттіні жақсы көремін»...Бұл сөздер жарымжан балақайлардың монологы. Бұл сөздер сіз бен біз ести бермейтін мүгедек балалардың жанайқайы.

Деректерге сүйенсек, жер шары тұрғындарының 10 пайызы мүгедектер. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамымыздың бір бөлігі. Олардың өзіндік шешімін күтіп тұрған мәселелері де аз емес.

Алайда, осындай әлсіз жандардың қасында өмірінің көп бөлігін өткізетін қызметкерлер туралы біз көбіне ойлана, мән бере бермейміз. Мүгедек жандардың күтушісін біздің қоғамда әлеуметтік сала қызметкерлері деп атайды. Міне, осы қызметкерлердің еліміздегі әлеуметтік статусы мен жағдайы қандай екен?

Әлеуметтік қызметкерлердің айлық табысы қандай?

Әлеуметтік қызметкер: «Жұмысымыздың қиындығына қарамастан біздерге төленетін айлық жалақы өте төмен. Мүгедектермен жұмыс жасау оңай емес, әрі екінің бірінің жүрегі дауаламайды. Осы факторларды ескеріп, біздің айлық табысымызды көтерсе екен дейміз. Сонда осы салаға келетін мамандардың да саны артар еді».

Иә, әлеуметтік қызметкерлердің 40 мыңнан 90 мыңға дейінгі алатын жалақы деңгейінің олар атқарып отырған ауыр жұмысқа сәйкес келмеуі салдарынан білікті кадрлардың тапшылығы әлі де болса сезілуде.

Мүгедектерге берілген мүмкіндік

«Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы»   өңірдегі әлеуметтік қызмет көрсетудің озық үлгісін көрсетіп келеді. Мекемеден мейірімді мейірбике де, бала жанын терең түсінетін психолог та, дефектолог те табылады. Бұл арнайы білім беру орталығы болмаса да, ерекше балалардың дамуы үшін үнемі жағдай жасайды. Әртүрлі мерекелік шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырып, әр баланың тұлғалық әрі жан-жақты танылуын басты орынға қояды. Мұндай шараларға жиі қатысқан баланың көңілінде сенімділік пайда болып, өмірге деген құштарлығы да артатынын да психологтар растап отыр.

Жүрегі кең жамбылдықтар орталық ғимаратының тар болуына байланысты, бұрын бала сыйдыра алмай қиналушы еді. Мінбердегілердің мүгедектерге мейірімі түсіп бүгінде балаларды оңалту орталығының жаңа ғимаратын ашып берді. Бұл шара Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен жүзеге асты. Мерекеге мұрындық болған басқарма басшысы Жорабек Нұрмергенұлы Баубеков қазан айының 7 күні Орталықтың жаңа ғимаратының кілтін табыс етті.

Атқарылған шаруаларды сүзіп шықсақ:

  • 2700 шаршы метрді қамтитын бұрынғы орталық ғимарат маңайын абаттандырып, толықтай күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 160 413,0 тг бөлінді.  Жөндеу жұмыстары 6 айды қамтып, 2020 жылдың 22 қыркүйегінде аяқталды. Орталықтың материалдық базасын жақсарту мақсатында  жиһаздар мен арнайы жабдықтар үшін 12 556,0 тг қаражат жұмсалды.
  • Күрделі жөндеуден өткен 3 қабатты ғимаратта сенсорлық бөлме, мантессори кабинеті және дефектолог, логопед мамандары сабақ өткізетін 3 оқу бөлмелері бар.
  • Медициналық блок: Емдік дене шынықтыру, уқалау бөлмесі, оқшаулау, физиоемдеу, стерилизациялау және дәрігерлер мен емшара бөлмелері бар. Қызмет алушы балаларға арналған салтанатты іс- шаралар өткізетін музыка залы бар.
  • Мектепке дейінгі жастағы 44 бала 4 топ бойынша бөлінген. Қызмет алушы балалар үшін ойын, шешіну, ұйықтайтын бөлмелер қарастырылған. Мектеп жасындағы 24 жеткіншек үшін арнайы еңбек баулуу, балалардың жүріп, тұруына ыңғайластырылған лифт және ойын бөлмелері бар. Бірінші және үшінші қабаттарда балалардың 2 мезгіл тамақтануы үшін асхана орналасқан. Ғимараттың аумағында 5 ойын алаңы бар.
  • Сондай- ақ орталыққа арнайы оңалту жұмыстарына қажетті жабдықтар сатып алынды: ортопедиялық столдар, вертикализаторлар, үлкен құрғақ бассейн, «Фаэтон», «Гравистат» секілді арнай нейротерапиялық костюмдер,физиотерапиялық жабдықтар және микрополляризациялар.
  • Орталықтың жаңа ғимаратының ашылуы себепті қызмет алушылар саны 40 баладан, 68-ге көбейтілді. Осыған орай қосымша 28 жаңа қызметкер жұмыспен қамтылды.

«Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз». Мүмкіндігін тағдыр тарылтқан жандардың көңілін аулау - кімнің болса да кісілік парызы.  Осы орайда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің рөлі ерекше. Айта кетейік, Елбасының «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Жарлығына сәйкес, қазан айының екінші жексенбісі – мүмкіндігі шектеулі азаматтар күні, ал, соңғы жексенбісі  -  Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленген. Айтылмыш шара осы  мерекеге орай ұйымдастырылды. Сондықтан, көмекке мұқтаж жандар мен әлеуметтік сала өкілдерінің өзара байланысы да бекем, мерекелері де мазмұндас.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер