2030 жылға қарай орыстың үлесі 10 пайызға азаяды – саясаттанушы

10840
Adyrna.kz Telegram

Өткен жылы елімізден 45 мың, ал биыл соңғы 6 айда 11 мың адам көшіп кеткен. Қазақстан демографиясын зерттеуші Мақсат Имандосов «Ресейдің статистикалық комитеті биыл Қазақстаннан 31 мың адам көшіп келді» деп ресми ақпарат таратқанын айтады. Бір сөзбен айтқанда, елімізден шет елге көшіп жатқан азаматтардың 90 пайызы орыс, украин, беларусь диаспоралары болып отыр. Олардың елде қалғаны жақсы ма, жоқ әлде өз отандарына көшкені дұрыс па?

2020 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстаннан 10 977 адам қоныс аударған. Олардың – 9,8 мыңнан астамы ТМД мемлекеттерін таңдаған. Мәселен, Ресейге – 9,5 мың, Өзбекстанға – 131, Белоруссияға – 101, Қырғызстанға – 33, Украинаға – 22 және Әзірбайжанға – 16 адам көшіп кеткен.

Кейбір БАҚ мен азаматтар «Қазақстаннан жаппай халық көшіп жатыр» деп қара аспанды төндіріп жатады. Шын мәнісінде, шет елге көшіп жатқан азаматтардың басым көпшілігі қазақтар емес, славян ұлт өкілдері. Мемлекеттік тілді үйренуге құлықты емес өзге ұлт өкілдерінің елде қалғаны ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмей ме?

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, азаматтардың өз отанына көшіп жатуы ең алдымен олардың демократиялық таңдауы. Сондай-ақ ол қоныс аударушылардың 80 пайызға жуығы 30 жасқа дейінгі жастар екенін ескертті.

«Жастар негізінен оқуға және жұмыс істеу үшін кетіп жатыр. Олардың кеткені біз үшін жақсы. Біріншіден, олар елде өмірге ұрпақ әкелмей тұрып кетеді. Егер елде қалатын болса, өмірге ұрпақ әкеліп өзге ұлт өкілдерінің санын көбейте береді. Екіншіден, өмірдің заңдылығы бойынша өзінің тарихи отанына кеткені дұрыс. Мәселен, біздің елге шет елден 1 млн астам қандасымыз келді. Сондықтан да «өзге ұлт өкілдері кетіп жатыр» деп қара аспанды төндірудің қажеті жоқ. Осыдан 1-1,5 ғасыр бұрын Столыпиннің реформасы бойынша күштеп және өз еркімен келсе, енді олардың ұрпағы өз елдеріне қайтып жатыр», – дейді ол.

Саясаттанушының айтуынша, 2014 жылғы Қырым жағдайынан кейін Үкімет етек-жеңін жинай бастаған. Алайда ол солтүстікті қазақыландыру жұмыстарының әлі болса кемшін түсіп жатқанын ескертті.

«Күні кеше президент солтүстікке көшіп барғанға берілетін төлемақыны 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке көтеру туралы тапсырма берді. Сондай-ақ шел елден келетін қандастарымыз солтүстікке көшіп баратын болса, бірден үй берілетінін айтты. Негізі үкімет тарапынан әлеуметтік қолдау бар. Өйткені солтүстікті қазақыландырмасақ биліктің нық болуы мен режимнің сақталуы екіталай. Алайда 70 АЕК деген әлеуметтік көмекті әлі де болса арттыру керек. 2017 жылдары солтүстік Қазақстан облыстарын ауыл шаруашылық саласының мамандарымен бірге аралаған болатынбыз. Сонда теріскейдегі облыстар мал және егін шаруашылығана өте қолайлы екенін байқадық. Бірақ жұмыс істейтін халық аз. Ал оңтүстің кейбір ауылдарында 20-30 мың адам тұрады. Халық жайылымдық және егін егетін жерге таласып жатады. Менің ойымша, халықтың солтүсіке көшуі туралы ақпаратты сауатты жеткізуіміз керек сияқты», – дейді саясаттанушы.

2009 жылы өтуі тиіс халық санағы былтыр Президент, ал биыл пандаменияға байланысты 2021 жылға қалдырылды. Алдағы уақытта қазақтың өсімі қанша пайызға артып, орыс қанша пайызға азаяды.

«Менің ойымша, алдағы халық санағында қазақтың үлесі 75 пайызға жетеді. Себебі еліміздегі қазақтың демографиялық өсімі 2011 жылдан бері қарай өте жақсы. Жылына 320-330 мың қаракөз дүниеге келеді. Ал еліміздегі орыс диаспорасының 19 пайыз деген 2009 жылғы санақтағы көрсеткіш. Қазір орыстардың үлес салмағы 12-15 пайыздың арасында болуы мүмкін. Өйткені демографиялық өсім бойынша бірінші орында өзбектер, екінші қазақтар тұр. Ал славян ұлт өкілдерінің өсімі өте төмен. Демек алдағы жылдары орыстардың саны қазіргіден де азаятын болады. Бұл жерде ешқандай мемлекеттік саясаттың қатысы жоқ. Біздің ел тұрмақ,р Ресейдің өзінде де аналық капиталға 2,5 млн теңге берсе де, орыс ұлтының саны азайып жатыр. Жалпы 2030 жылғы санақта еліміздегі орыс диаспорасының үлес салмағы 10  пайыз болуы мүмкін», – дейді Асхат Қасенғали.

Саясаттанушы қазақтың саны көбейсе, ұлттық мәселені батыл шешуге тура келеді. Мысалы, тіл мәселесі шешіп, 1930 жылдары қазаққа жасалған қуғын-сүргінді ашық айтуға тура келеді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық  дереккөзден алынды.

Пікірлер