Мақтаарал: Халықтың жағдайы әлі күнге оңалмаған

1337

Өткен аптада Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевтің Сырдария ауданында жаңадан салынған үйлердің  жағдайымен танысқандығы туралы ақпарат тарады. Мамыр айындағы апаттан баспанасынан айрылған өзбек жұрты алдағы уақытта сонда қоныс аудармақ. Ал мақтааралдықтардың жағдайы қандай?

Халық ТЖ режимінде терезеден телміріп, үрей үстінде отырғанда, 1 мамыр күні Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылуы жығылғанға жқдырық болғандай еді. Салдарынан Мақтаарал ауданының бірнеше ауылы зардап шеккені елдің әлі де есінде. Апаттың беті қайта бастағаннан-ақ екі мемлекет те үйлерінен айрылған азаматтарға қолдау білдірген-ді. Бұхара халық та жұдырықтай бірігіп, асарын аямаған. Қолы ашық меценаттар да аянып қалмады. 5 айдан астам уақыт ішінде құрылыс нысандары аяқталып, қиналған жұрт баспаналы бола бастады.

Review.uz өзбекстандық сайтының мәліметінше, 13 қазан күні Шавкат Мирзиёев Сырдариядағы Сардоба су қоймасындағы апаттан кейін салынған жаңа тұрғын ауданды аралаған. Бұл тұрғын ауданға арнайы «Янги Узбекистон» (Жаңа Өзбекстан – Ред.) деген атау берілген. Өзбекстан президенті бұл жайында халқына: «Янги Узбекистон» атауы бекерден-бекер берілмеді. Егер бұл үйлер халыққа ұнаса, біз дәл осындай үйлерді басқа, халқы тығыз орналасқан аймақтарға да саламыз. Әр массивтің жанында біз жұмыс орындарын құрамыз. Жалпы, бізге құрылыс пен өмір сүру мәдениетін өзгерту қажет», - деп түсіндірген.

Дереккөздерге сүйенсек, екі мыңнан астам үй тұруға жарамсыз болып, тағы екі мыңдайы жөндеуден өтуі тиіс болған. Шавкат Мирзиёев жағдаймен таныс болған соң, аймақты тек қалпына келтіріп қана қоймай, гүлдендіруге де уәде берген көрінеді. Бұл үшін таңдалған 50 гектар үш массивте 86 бес қабатты үй салынған: 37 – Сардоба ауданының "Дустлик" махалласында, 40 – Хакикат махалласында және 9-Мирзаабад ауданының "Навбахор" махалласында үйлер бой көтерген. Барлығы 2 640 пәтер үйсіз қалғандарға табысталған. Сонымен қатар бұл жаңа массив аумағында кітапхана, дүкендер мен балалар ойнайтын алаңдар да салынған.

Ал Қазақстандағы жағдайға тоқталсақ, қыргүйек айында Түркістан облысының әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев: «Жалпы ауданда салынып жатқан 895 үйдің 195-сі Өргебас, 314-і Фирдауси ауылдарында, 386-сы Мырзакент кентінде бой көтеруде. Бүгінде Өргебаста 44, Фирдауси елдімекенінде 88, Мырзакент кентінде 227 тұрғын үй құрылысы аяқталып отыр. Жоспар бойынша барлық үйлер қазан айының соңына дейін толығымен салынып бітуі керек. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тікелей қадағалауында тұрған бұл жұмыстар бүгінде қарқынды түрде жүргізілуде», – деп мәлімдеген.

19 қазан күні сол 895 үйдің 386-сының кілті халыққа табысталған. 70 гектар жерде орналасқан бұл жаңа қалашыққа Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындарын қоныстандыру көзделген. Айта кетейік, 386 үйдің ішінде 196 тұрғын үйді үкімет резервінен бөленген қаражатқа, 150 үйді Болат Өтемұратов қорының қаржысына салған. Ал 40 баспанаға «Нұр Отан» партиясының «Біз біргеміз» қоры мен «Салиқалы ұрпақ» демеу көрсеткен.

Осындай қуанышты хабардың артынша баспанасы әлі күнге дайын емес кейбір азаматтар әлеуметтік желілер арқылы берілген үйлердің толық аяқталмағандығын жеткізуде.

Белгілі блогер, журналист Дәулет Төлеутайұлының Instagram парақшасында (бейне жазба сілтемеде – Ред.) мақтааралдықтардың әлі күнге үйлерінің бітпегендігіне наразылықтарын білдірген видеосы жарияланды. Бейнежазбаны түсірген азамат: «9-үй. 19 октябрь 2020 жыл. Міне, бізге берілген үй. Бітті деген үй... Ахуалы, міне, ешнәрсе бітпеген. Бүгін біз мына үйге кіру керек болатынбыз. Бізді осы жерге кіргізбекші», - дейді ашынып (бейнежазбадағы сөздер өзгеріссіз берілді).

Апат салдарынан баспанасынан – бір, қолына ұстаған күрегінен – екі айрылған халық жағдайларының әлі де оңала қоймағандығы үшін алаңдайды. Қыс ауасында қалай күн көріп, тіршілік етеміз деп те уайымдайды. Ал бөлінген қаражатқа сәйкес әлі күнге халықтың жағдайының жақсартылмағаны бүгін айқын көрініп тұр.

 

Фото ашықдереккөзден алынды

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы