Бүгінде білекке емес, білімге сенетін заманда өмір сүріп жатырмыз. Осы орайда «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығы зерделі ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етуде. «Адырна» ұлттық порталы республикаға танымал орталықтың негізін қалаушы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің екі мәрте Құрмет грамотасын иемденген белгілі математик Ырысбек Мәуітпен әңгіме-дүкен құрды.
–«Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығын құру идеясы қалай келді? Әңгімемізді осы сұрақтан бастасақ...
–Мен 2008 жылы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінде жұмыс жасадым. Сол кезде Нұр-Сұлтан қаласында балаларға арнап жазылған дидактикалық материалдардың жоқ екеніне көзім жетті. Сондай-ақ, «халықаралық олимпиадаларға көбінесе орыстілді оқушылар шығады» деген әңгімелерді естідім. Шыны керек, мен қазақтілді балалардың да осы бір биікті бағындыра алар қабілеті бар екенін дәлелдегім келді. Сөйтсем, барлығы орысша дидактикалық материалдарға келіп тіреліп тұр екен. Сол уақытта менде білім саласына енгізер көптеген идеялар болып, неге ойларымды іске асырмасқа деген ой туды. Былайша айтқанда, жұмысымды патриоттық сезіммен бастап кеттім. Осылайша, орталық ашылды.
–Орталықтың құрылғанына қанша жыл болды?
–Биыл біздің құрылғанымызға 6 жыл толады. 2014 жылы шағын ғана офисті жалдап, жұмысымызды бастап едік. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 6 филиалымыз бар.
–Осы орайда оқытушылардың құрамымен таныстырып өтсеңіз.
–Бұл тұста «Зерделінің» бірнеше ерекшеліктерін атауға тура келеді.
Алғаш ісімізді бастағанда біздің математиктердің барлығы ер адамдар болды. Сондай-ақ, Елордамызда ең мықты деген мамандардың басын қостық. Командамыздың мүшесі, інім Өжет Ирландиядан докторантура бітіріп келді. Назарбаев университетінде істейтін 20 шақты мұғалім біздің орталықта сабақ береді.
–Ал оқыту әдістемелеріңізде қандай ерекшеліктер бар?
– Баланың логикасын дамыту мақсатында ең алғаш рет 100 баллдық бағалау жүйесін енгіздім. Қазір сол жүйе бойынша онлайн платформа дайындадық. Жыл сайын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірігіп, бастауыш мұғалімдеріне арналған «Алтын Тұғыр» олимпиадасын ұйымдастырамыз. Үнемі өз тәжірибемізбен бөлісіп, семинарлар өткізіп тұрамыз. Авторлық кітаптарымыз, ойлап тапқан ерекше әдістеріміз де бар.
– Digital бағытында қандай жұмыстар атқарудасыздар?
–Ең үлкен жұмысымыз деп онлайн платформа құрастырғанымызды айта аламын. Бүгінде ағылшын тілінен, математикадан видеосабақтары бар оқу кітаптарын жасап жатырмыз. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша жоғары технологиямен жабдықталған онлайн студиямыз бар. Біздің оқытушылар осы студияны пайдалана отырып, қашықтан бүкіл республика балаларын оқытуда.
–Әдетте балаларға арналған оқулықтар күрделі тілмен жазылады. Бұл оқушылардың өз-өзін төмен бағалауына әкелетіні сөзсіз. Осы тұрғыдан сіздердің оқулықтарыңыз да білімгерлердің танымына салмақ түсіріп жатқан жоқ па?
–Иә, дұрыс айтып отырсыз. Күні кеше «Әдебиет порталына» оқулық мәселесіне байланысты сұхбат бердік. Халық арасында «оқулықты бала тұрмақ, үлкендер де түсінбейді» деген пікір көп. Оны әрі қарай қозғай берсең, бағдарлама мен оқулық мәселесі шығады. Алдағы уақытта осы мәселені көтеру ойда бар. Біріншіден, біз авторлық оқулықтарымызға қарапайым әдіс-тәсілдерді енгіздік. Екіншіден, балаларды деңгейге бөліп оқытамыз. Сондай-ақ, олар ай сайын қорытынды тест тапсырып отырады. Бір қуантарлығы, баласының біліміне инвестиция құятын ата-аналардың қарасы көбейіп келе жатыр.
–Балалардың білімге деген қызығушылығын арттыру үшін тағы қандай тәсілдерді қолданасыз?
–Біз оқушыларға мотивация беру мақсатында түрлі оқу гранттарын тағайындаймыз. Оның өзі екіге бөлінеді. Біріншісі, оқу барысында ең жоғары ұпай алғандарға 100%-дық, 50%-дық жеңілдіктерді береміз. Екіншісі, прогресстік мотивация. Егер білімгердің деңгейі ай сайын өсіп отырса, оған да жеңілдіктер жасаймыз. Орталық мұғалімдері балаларға Zitfonss-тарды үлестіріп отырады. Олар Zitfonss-тарды жинау арқылы түрлі оқулықтарды, тіпті Iphone-ды да ұтып ала алады. Сондай-ақ, біз олимпиадаларға аса қатты назар аударамыз. Қалалық 3-6 сыныптарға арналған «Алтын сақа» олимпиадасын мегаполис олимпиадаға айналдардық. 10-сыныптар «Алтын түлек» олимпиадасына қатыса алады.
–Орталықтағы оқу бағасы қанша?
–Бағалар әртүрлі. Себебі, бізде НЗМ емтихандарына, ҰБТ-ға дайындайтын, баланың оқу деңгейін көтеретін түрлі топтар бар. Десе де, оқу ақысы қолжетімді деп айта аламын.
–Қоғамда білімді жастар шетелге кетіп жатыр деген пікір бар. Сіз бұл туралы не ойлайсыз? Олардың қоныс аударуына не түрткі болуда?
–Қазақстанда дарынды жастар өте көп. Олардың барлығы шетелге қоныс аударып жатыр деп айта алмаймын. «Болашақпен» оқып келіп, елге оралғандары қаншама? Жастар шетелге материалдық жағдайын жақсарту үшін көшеді деп ойлаймын. Еуропа мен АҚШ біздің елге қарағанда әлдеқайда көп жалақы төлейтіні белгілі ғой. Біз жастарды мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастап отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз қажет. Кезінде Қытайда да сондай жағдайлар болған.
1966-1976 жылдары оларда мәдениет төңкерісі болып, ел тұралап қалды. Мемлекет елді дамыту мақсатында жастарды шетелге оқуға жіберді. Сол кезде Дың Шаопинге бір кісілер «Біз жастарды оқытып жатырмыз, алайда олардың барлығы сол жақта қалып қойып жатыр»,–деген әңгіме айтқан екен. Басшы: «Олар түбінде Қытай үшін келіп, инвестиция құятын болады»,–деп жауап беріпті. Шаопин айтқандай, шетелге кеткен жастар кейін елге оралып, мемлекеттің дамуына үлес қосқан. Егер біз де сол деңгейде жұмыс жасай алсақ, ертеңгі күні отандастарымыз да жаңа дүниелерді үйреніп келіп, ел дамуына өз үлестерін тигізер еді. Бірақ Қытай секілді миллиардтаған халқымыз жоқ екенін де естен шығармау керек. Егер шетелге тарыдай шашырап кетсек, мемлекетімізді кім көркейтеді деген сұрақ туындайды.
Өз басым елді дамытуда өзіміздің жастарға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Мысалы, біз шетелдік маманға әлдеқайда жоғары жалақы төлейміз ғой. Десе де, отандасымыздың білімі шетел азаматынан төмен болмауы да мүмкін ғой. Өкініштісі, елімізде шетелден келген кадрларға табынушылық басым.
–Шыны керек, елімізде ғылыми жаңалық ашып, халықаралық жарыстарда үздік атанған жастар БАҚ-та лайықты дәрежеде насихаттала бермейді. Оның қасында спорттық жетістіктеріміз дүркіреп, елге естіледі. Бұның себебі неде деп ойлайсыз? Неге біз әлі күнге дейін жас өрендерімізді көтере алмай келеміз?
–Бүгінгі БАҚ-қа шоу керек. Сіз де ақпараттық порталыңызды көтеру үшін түрлі жаңалықтарды саласыз ғой. Ал бір бала математикалық жарыстан жүлде алды деп жазсақ, бұл жаңалық қаншалықты қаралым жинай алады? Былайша айтқанда, барлығы рейтинг қуып кетті.
Рас, елімізде талантты жастардың жетістіктері туралы жазылмайды десе де болады. Әйтпесе, қаншама оқушыларымыз халықаралық олимпиадалардан жүлделі орын алып жатыр. Бүгінде оларды тек рейтингісі төмен бағдарламаларға шақырады. Қазіргі қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін қоғаммен жұмыс жасап, халықты тәрбиелеу қажет. Мемлекетті ғылым мен техника дамытатынын естен шығармау керек.
–Орталық қандай жетістіктерге жетіп үлгерді?
–Былтыр Нұр-Сұлтан қаласының өзінен 20 оқушымыз Назарбаев университетіне грантқа түсіп, 140 шәкіртіміз Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданды. Ал олимпиадалардан жүлде алып жүрген балаларымыз өте көп. Біздің оқушылардың ішінде жоғары оқу орнына түсе алмай қалғандары жоқ деп айтуға болады.
–Әңгімемізді өзіңізге қарай ойыстырсақ, естуімше, ғылыми потенциалы жоғары жандардың бірісіз. Бірақ сіз бұл саланы емес, жас өрендерді тәрбиелеу бағытын таңдадыңыз. Егер ғылымды таңдасаңыз, қандай жетістіктерге жетер едім деп ойлайсыз? Жалпы өз-өзіңізге баға беріп көрдіңіз бе?
–Ғылым саласын таңдасам, үлкен жетістікке жетер едім деп айта алмаймын. Кезінде Гумилев атындағы ЕҰУ-де магистратура оқып жүргенімде Данияр Қозыбаев деген ағайымыз болды. Бір күні ол: «алгебра және геометрия кадефрасының меңгерушісі Уалбай Өмірбаев келді, амандасып қайтайық»,–деді. Уалбай ағай әңгіме барысында «докторантураға түсіңіз»,–деп бағыт берген болатын. Алайда мен «қазір ғылым жолын қуа алмайтын шығармын»,–деп жауап бердім. Себебі, бұл жолды қуу үшін бәрін тастап, үнемі ізденісте болу қажет. Сол кездері тұрмыстың ауыртпашылығы бар, барлығы дерлік желкемнен басып тұрды.
Негізі менің алғашқы мамандығым «Қазақ тілі мен әдебиеті» болған. Математикаға кейіннен келген адаммын. Десе де, мамандығымды лайықты дәрежеде оқып шықтым. Өз басым бала оқытуды кішкентай кезімнен ұнаттым. Мектеп пен университетте оқып жүрген кезімде де қатарластарым: “тақырыпты түсіңдіріп берші» деп жиі қолқа салатын. Сол кезден бастап мұғалім болсам деп армандаған жайым бар.
-Отбасыңызда жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?
-Екі ұл, екі қызым бар. Үлкен қызым Назарбаев зияткерлік мектебінде 9-сыныпта оқиды. Ұлдарым 1-ші, 6-сыныптарда оқиды. Кенжем 2,5 жаста. Әзірге балаларым белгілі бір бағытты таңдамады. Қазіргі таңда оларды жолдасым оқытып отыр.
-Сұхбатыңызға көп рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!
Әңгімелескен Арман ӘУБӘКІР,
Әзірлеген Диана АСАН