Кәрі қыз қайда соғар қара басын?!

4646
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда, елімізде тұрмысқа шығуды арман етіп, отбасылы болуды аңсап жүрген кәрі қыздардың саны күннен күнге артуда. Десе де, оң босағада отырған барлық қыз тұрмыс құрып, сәби сүюді қаламайды. «Отырған қыз орнын табады» деп, отырып қалған қыздар жайын “Адырна” ұлттық порталы қарастырып көрді.

Жоғарыда айтылғандай қыздардың бірі тезірек тұрмысқа шығып, өз бақытын табуды мақсат етсе, ендігі қыздар тұрмысқа шығып, өз азаматыңды табуды бақыт деп санамайды екен.  Осы жайында толығырақ жасы келіп, тұрмысқа шықпаған қыздардың өз пікірлерін білсек:

Зульфия Азаматқызы: (31 жаста, тұрмыс құрмаған)

Осы жасқа дейін тұрмысқа шықпауымның себебі, тұрмысқа шығуды мақсат қылып алмағандығымда. Өмірдегі жетістігім уақытылы тұрмысқа шығып немесе шықпағандығыммен, немесе, балалы болып, болмағандығыммен өлшенбейді. Бұл отбасыны екінші орынға қойып, алдыңғы қатарға мансабымды қоюым емес. Осы уақытқа дейін өз сүйгенімді кездестірмедім. Бұған дейін тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған адамдар болмады емес. Бірақ, жүрегім қаламады. Махаббатсыз, тек отбасылық жағдай деген орында плюс тұруы үшін шаңырақ көтеруге қарсымын. Өз жарымды жолықтырған кезде, мейлі 40 жаста болсын, шаңырақ көтеруге дайынмын.

Айкөркем Егізбаева: (27 жаста, тұрмыс құрмаған)

Маған “Кәрі қыз” деген ауыр тиеді. Дәл осылай, осынша жасқа келгенде жалғыз отырамын деп еш ойламаппын. Оны ойлайтындай уақыт та болмаған. Отбасының қамымен жұмыс істеп, жағдайымды жасап жүрген кезімде уақытым өтіп кетіпті. Енді міне, үй де, көлік те бар. Ал, жар жоқ. Қанша қаласам да, енді оны кездестіретініме күмәнім бар. Қыз бала болған соң уақытылы тұрмысқа шығу керек екендігін кеш түсіндім. Ал, өзімнен кіші жас қыздарға уысыңа түсіп тұрған бақытыңды жіберіп алмай, уақытылы шаңырақ көтеруге кеңес беремін.

Жанар Тоқтамысова: (28 жаста, тұрмыс құрмаған)

Өзімді кәрі қыз санамаймын. Әлі де маңдайынан шертіп тұрып жігіт таңдауға шамам келеді. Таңдаған тазға жолығады демекші, тазға жолықпаудан барынша сақтанып келемін. Мен “Таз” деп жігіттерді кемісітіп отырғаным жоқ. Айтқым келгені, өзіме лайықтысын әзірге кездестірмедім. Мүмкін, қоғамда әлеуметтік дәрежем “Кәрі қыз” шығар. Бірақ, өзім де, көңілім де өз бақытын күтіп отырған жас қыздыкіндей.

Елімізде  25 жасына дейін тұрмысқа шықпаған қыздар “Кәрі қыз” болып есептелінеді.  Психологтардың айтуынша, осы жасқа дейін өз бақытын таппаған арулар, 25-тен асқанда ақ боз аттағы ханзадасын кездестіру қиындай түседі. Себебі, адам есейген сайын өмірге деген көзқарастары өзгеріп, болашақ жарына деген талаптары қатая бастайды. Сондай-ақ, бостандыққа үйреніп қалған қыздар үшін ене мен келіннің міндеттері қорқынышты болып көрінеді. Жылдар бойы жалғыздыққа үйренген арулар өз жарына бірден мойынсұнуы да екіталай екен. Сонымен қатар, 25 жастан асып, бала сүймеген кейбір арулар аналық инстингті де жоғалтып алуы әбден мүмкін.

Статистика бойынша сұр бойдақ жігіттерден кәрі қыздардың саны екі есе артық екен. 2014 жылы кәрі қыздардың саны 350000 болса, 2017-2018 жылдары ол санақ екі есеге артқан. Кәрі қыздардың санының артуына байланысты ғалымдар  “Кәрі қыз синдромы” терминін енгізіп, оған жан - жақты зерттеулер жүргізуде.

Елімізде кәрі қыздардың көбеюі жігіттерге сын ба, әлде, аруларымызға мін бе?  Алдағы уақытта, қазақтың әр қызы өз жарын кездестіріп, сәби сүйіп, бақытты өмір сүреді деген тілектеміз. Қазақтың әр қызы бақытқа лайықты, тек сол бақытты болашақ жарынан көре білсе екен.

Лаура Тұрсынжан,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер