Елімізде бір айда 17 835 адам қайтыс болған

1979

Қазақстанда биылғы тамызда 17 835 адам қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан статистика комитетінің жаңарған дерегінен көруге болады. Өлім саны былтырғы тамызбен салыстырғанда 1,7 есе өскен деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Азаттық сайтына сілтеме жасап.

Ресми статистикаға сәйкес, 2018 жылғы тамызда 9963 адам, 2019 жылғы тамызда 10 477 адам көз жұмған. Биыл тамызда өткен жылдың тамызына қарағанда 1,7 есе көп адам қайтыс болған.

Өлім саны мамыр айынан бастап алдыңғы жылдың көрсеткіштерінен жоғары болып келеді. Мәселен 2018-2019 жылдары мамыр айында 11 мыңнан астам кісі қайтса, 2020 жылғы мамырда көз жұмғандар саны 14 мыңнан асқан. Алдыңғы жылдары маусым айында орташа есеппен 10 мың адам қайтыс болса, биыл маусымда 15 мыңға жуық адам өлген.

Ең үлкен көрсеткіш шілде айында тіркелді. Жетінші айда елде 28 178 адам қайтыс болды. 2018 жылғы шілдеде 11289, 2019 жылғы шілдеде 12420 адам қайтыс болған.

Биыл қаңтар мен тамыз аралығында барлығы 111 мыңдай адам көз жұмған. Былтыр осы аралықта 89 510 адам қайтыс болған.

Жергілікті сарапшылар арасында қайтыс болу көрсеткішінің артуына коронавирус пандемиясы әсер етуі мүмкін деген пікір бар. Халықаралық деңгейдегі мамандар өлім санының артуына коронавирустың әсер етіп отырғанын растай отырып, биылғы көрсеткіштің алдыңғы жылдардың дерегінен айырымы тұтастай коронавирус өлімін білдірмейді дейді. Яғни былтыр 10 мың адам қайтып, биыл 17 мың адам көз жұмса, былтырғы көрсеткіштен артылып тұрған 7 мың адамның бәрі коронавирустан қайтыс болмауы мүмкін. Жұқпалы ауру індетіне қатысты "артық өлім көрсеткіші" деген ұғым қолданылады. Бұл ұғымға сәйкес, ауру өршіген тұста, денсаулық сақтау саласына артық салмақ түсіп, қалыпты жағдайда емделетін аурудан қайтыс болатындар көп болуы мүмкін. Сонымен қатар індеттің тарауы және карантин шектеулері адамдардың психикалық саулығына әсер етіп, суицид деңгейін арттыруы ықтимал.

Билік дерегі бойынша, Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 109 094 адамның коронавирус жұқтырғаны расталды. Оның 1780-і көз жұмған. Сонымен қатар вирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бар. Олардың дерегі коронавирус статистикасына қосылмай отыр. 24 тамызда "ілеспе аурудан" 556 адамның қайтыс болғаны айтылған. Мұның бәрі Covid тестімен расталған дерек.

Ел үкіметі 1 тамыздан бері вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы науқастарының есебін жүргізіп келеді. Екі айдан астам уақытта елде барлығы 35 393 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Оның 374-і қайтыс болған.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы