Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ: Қазақ тілінің мәртебесінің төмендігіне билік өкілдері кінәлі

4208
Adyrna.kz Telegram

Павлодарлық қоғам белсендісі Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ ана тіліміздің мәртебесі үшін аянбай күресіп, бірқатар салаларда оң нәтижеге қол жеткізіп келе жатқан жан. Қазақ тілінің үстемдік құруы үшін барын салып, тіпті, аштық та жариялаған қоғамдағы санаулы ғана тіл жанашырының бірімен арнайы сұхбаттастық.

-  Руза апай, Павлодарда өзге ұлт өкілдері, әсіресе, славян ұлтының өкілдері тұрады. Павлодар тұрмақ, біздің оңтүстік өңірлердің өзінде де қазақ тілінің жағдайы мүшкіл болып тұр. Мұндағы қазақ тілінің жағдайы қалай? Өзіңіз қандай баға бересіз? Бұл өңір қазақтың ең бір шұрайлы жерлерінің бірі ғой, қазақ тілі мен мәдениетінің деңгейі қандай?

- Мен тіл жанашыры ретінде өте жаман баға берем. Менің мұндай баға беруіме біздегі орыс тілділер ғана емес, жергілікті билік өкілдерінің әсері көп болды. Уақытында соңғы рет тек жергілікті билік өкілі Ғалымжан Жақиянов «Алтын тіл» деген бағдарламаны жүзеге асырды. Ол кезде үйренушілер үшін стимул болсын деп ақша берілген. Ал одан кейін қанша әкім келді, бірақ бірде-бір бетке ұстар, тілдің жайын айтатын адам болған жоқ. Өйткені бізде Нұрпейісов пе, Нұрсейітов пе (Қ.А. Нұрпейісов – «Адырна»), білмеймін, білгім де келмейді, тек қана орыс тілді, енді мәңгүрт десем де болады. Сондай адам болатын. Сосын соның орынбасары ма, әлде өзгесінікі ме, Рысты Мағауяқызы деген болатын. Мен оның фамилиясын білмей отырмын қазір. Мен оның бетіне де айтқам, қазір де айтам, оның мынадай: «Қазақ тілі деп ауыздарыңды ашушы болмаңдар»,- деп айтқаны бар еді. Яғни, жергілікті билікті қазақ тілін тұншықтырып келді. Содан кейін менің есімде қалғаны осыдан екі-үш жыл бұрын: «Бакауов, қазақ тілінен қолыңды тарт!» - деген менің видеом бүкіл Қазақстанға әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Сол биліктің аппарат басшысы ма, Манзикова деген кезінде жұмыс істеген, төрт-бес жыл бұрын, сол кісі маған: «Сен неге ағынға қарсы жүресің? Бізде қоғам орыс тілді», - деп орысша айтатын. Сонда мен: «Орыс тілді қоғамды істейтін кім? Орыс тілді қоғамды істейтін әкімшілік», - деп айттым. Ал орыс тілі бізде ылғи қолданыста болатындықтан, қай жерге барма, қызмет тек орыс тілінде. Қазақ тіліндегі қызметті сұрап, айғай-шумен ғана аласың, жайдан-жай ешкім саған қызмет көрсетпейді. Бұл әлі күнге шейін сол биліктегі адамдардың арқасында.

Біздегі тағы бір масқара – өз тілін білсе де, сөйлемейтіндер қалыптасты. Өз тілін қораш санайтын деңгейлері төмен адамдар бар. Мен өзім олар жайлы солай ойлаймын. Олардың ұлттық намыстары, ұлттық рухтары жоқ. Олар да билікпен бірелесе шовинистерге дем берді. Оларды қалыптастыратын билік деп есептеймін.

- Белгілі бір дәрежеде қазақ тілінің өспеуіне қазақтардың өздері де үлес қосып жатыр дейсіз ғой сонда?

- Иә, өкінішке орай.

- Сіз осы қазақ тілінің мәселесімен қанша жылдан бері айналысып келесіз? Сізге не түрткі болды? Мұндай ой қайдан келді?

- Негізі менің ұлтшылдығым 1986 жылы Желтоқсанға қатысты оянды. Оны айтсам, өте ұзақ әңгіме. 28 жасымнан бастап мен өзімнің бала кезімде білген тілімді ұмыттым. Бір он-он бір жылда мен осындай деңгейге жеттім. Өз жеке басымнан білемін, егер адамның ортасы, жұмысы орысша болса, тілін ұмыта бастайды. 19 жасымда тұрмысқа шыққанда, менің күйеуім де «қара орыс» болатын. Әйтеуір, ұзын сөздің қысқасы, тіліңді өзің ұмытады екенсің. Сонда мен Желтоқсанға қатысты ойландым. Маған бір кісі: Сені түрмеге отырғызса, сен қалай өзіңнің патриот екеніңді айтасың. Сен қазақша білмейсің», - дегеннен кейін. Маған осы сөз әсер етті де, қайта өз ана тілімді үйреніп, газет-журнал жаздырып, әйтеуір солай дамыта бастадым. Бірақ 2005 жылы мен көшкен себебім, менің қолыма сол кезде 2001-2010 жж. бағдарлама түсті. Үкіметтің сол 550-ші қаулысында былай айтылған екен: «Әлеуметтік-коммуникативтік салада ең бірінші қазақ тілі, екінші сұраныс тілі болуы керек», - делінген. Сосын мен көп ойландым, неге мен еуропалық пішінді адамды көргенде, олардың тілінде сайрай жөнелемін, бізде осындай заң бар екен деп ойланып-толғанып, мен ертеңнен бастап барлық жерде қазақ тілінде сөйлеймін деп шешім қабылдадым. Бұл 2005 жылдың 25 желтоқсаны болатын. 26 желтоқсаннан бастап мен тек қазақ тілінде сөйлеп келемін. Қайда бармайын, тек қазақша сөйлеймін.

- Павлодарда басым бөлігі славян ұлтының өкілдері. Мұндай ортада тек қана қазақша сөйлеу өте қиын жағдай ғой. Түсінбейтін жағдайда не істейсіз?

- Әртүрлі жағдайлар болды. 5-6 жыл бұрын мені бірнеше жыл соққыға да жықты. Бірақ мен сонда да тұрып аламын. Түсінсе де, түсінбесе де, түсінуге міндеттісің деп, Үкіметтің қаулысын айтамын. Қазір бізде қазақтар 50 % -дан асты. Ал мен 1999 жылы Павлодарға көшіп келгенде, қазақтар 36-40  % -дай болды, нақты айта алмаймын. Ал 2005 жылы шамамен 44% болды. Сонда да орыс тілділердің астамшылығы әлі басылған жоқ. Мен өзім басымнан сөз асырмайтын адаммын, өз ойымды айтып саламын. 2015 жылы, 2017 жылы қазақ тілінде қызмет көрсетпеген Трамвай басқармасына қатысты 70 шақты хат жаздым. Сол 70 шақты хаттан еш нәтиже болған жоқ. Мен сол хаттарымды жинап, ТҮКШ-ге барып, тым болмаса, «жолақысын төлеңіз» деген екі ауыз сөз үйретуін сұрадым. Басқа ешнәрсе сұрамадым. Бірақ сол екі сөзді жаттатпады. Егер жаттай алмаса, қалталарына жазып беріңіздер, - деп талап қойдым. Ешқандай нәтиже болмады. Мен өз талабымнан қайтпадым. Қазақша сөйлеген кезімде полиция шақырған кездері де болды. Қазақша сөйлемегендіктен, трамвайдан түстім де, алдына барып тұрып, Трамвай басқармасына қоңырау шалдым. Егер қазақ тілінде қызмет көрсетілмесе, трамвайдың алдынан ешқайда кетпейтінімді айттым. Олар: «Ой, бізде оны ауыстыра қоятын ешкім жоқ», - деді. Одан кейін жолақысын жинаушының кешірім сұрауын талап еттім. Ешкім де менен кешірім сұрамады. Содан айналамда адамдар да жиналып қалды. Бір жас жігіт: «Ой, апай, мен анамды дәрігерге апаруым керек. Жолды бөгемеңіз» - деді. Мен қалтамнан 500 теңге алып беріп, таксимен кете бер дедім. Қалған жандардың бәрі айғай-шуды бастап, бірнеше әйел маған жабыла бастады. Әйтеуір арасында дұрыс бір-екі келіншек бар екен, олар шовинистерге, мәңгүрт қазақтарға: «Неге біздің мемлекетімізде ана тіліміз тапталуы керек», - деп қарсы тұра бастады. Екінші ретте де осылай болды. Мені соттамақ та болды. Тек мен әлеуметтік желіде жазғандықтан, дүйсенбі күні соттамақ болған олар, мен қайда баруым керектігін қоңырау шалып сұрағанда: «Жоқ, апай, сіз дұрыс түсінбедіңіз. Біз сізге ондай ештеңе айтпадық», - деп жалтара бастады. Осындай жағдаймен, бұзақылық үшін деп екі рет соттала жаздағам. Бірақ менікі – бұзақылық емес, менікі – ана тілімнің жайы, балам. Адам өзі шыдай-шыдай бір күні жарылады ғой. Менің жарылғаным солай болды.

- Сіз өзіңіз түрлі зауыттар мен шахталарда жұмыс істедім дедіңіз, ал сол жердегі тіл мәселесі қалай болды?

- Ол жердегі тіл мәселесін, тіпті, сұрамауға болады. Мен ШҚО-ға келін болып түсіп, 1982 жылы шахтада жұмыс істегенде, 97 % орыс, 2,4 % қазақ болдық, қалғаны басқа ұлт өкілдері болды. Сол 124 адамның ішінде 4 қазақ, 600 жұмысшының ішінде бір бригада, 8 адам қазақ болдық. Ал жалпы сол Глубокое ауданының шахтер кентінде 5 мың адам тұрды. Сол кентте бір ғана қазақша сөйлейтін отбасы болды. Мен сол 1986 жылы қазақша үйреніп бастағанда, мені бәрі ұлтшыл деп айыптай бастады. Перзентханадан шыққан кезде де балама қазақша тек алғым келгенде, сондағы 2-хатшы Иванов деген болуы керек, сол маған ұлтшыл деп сөйлегені бар. Мен де қайтпай: «Сіз неге Ивановсыз?» - деп сұрағанда, - Мен орыспын, - деп жауап берді. Ал мен қазақпын деп едім қарамағындағыларға: «Оның қалағанын жазып беріңдер»,- деп тапсырды.

- Біз бұрын Алматыда қазақтарды мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы үшін арнайы комиссия құрылып, қарастырылады дегенді естуші едік. Сондай жағдай басыңыздан өтпеді ме?

- Мен осында 1999 жылы көшіп келіп, осы пәтерді алғанда менде тіркеуге қатысты мәселе болмады.

- Ал қызметіңізден осы тіл мәселесіне қатысты қысымнан кеттіңіз бе?

- Тілге де, ұлтшылдыққа да қатысты кеттім. Зауыттың 35 жылдығында мен заң бөлімінен бір қағаз апаруым керек болды. Сонда қазақша сөйлегенімде: «Орысша сөйлеңіз», - деп талап етті. Мен: «Сіз қай мемлекетте тұрасыз? Өзіңіз тұратын мемлекеттің ана тілінде беске дейін санай алмайсыз ба?» - деп қарсы тіл қаттым. Содан арнайы жиналыс болып, менің үстімнен: «Ол құжатқа қазақ әріптерін де жазды», - деп шағым айтқан. – «Мен таракан көрдіңдер ме?» - деп жауап бердім. Басшылыққа ешқандай әріпті алмаймын, одан да жұмыстан шығамын, - деп кеттім. Осы тілге байланысты қысым болды және мен осы зауыттың 35 жылдық тарихында бірде-бір қазақ басшы болмағанын да айтқандықтан да қысым көрдім.

- Ол жердегі қазақтардың саны қандай болды? Сол зауыт әлі күнге істей ме? Ондағы тілдік жағдай қандай?

- Сол Ақсу қаласының 40 %-н қазақтар құрайтын. Орыстар басым болды. Ал зауытта 4-5 % ғана қазақтар болды. Тіл де соған сәйкес. Сол зауыттан мен жұмыстан кеткенде, ұлтшыл кетті деп айтылды. Қазір баяғыдай қысым көрсету жоқ екендігін естимін.

- Барлық аймақта тілдерді дамыту басқармасы бар. Мұндағы сол орталықтың қызметі қай деңгейде?

- Ернұр Дәуенов деген азамат бар. Бұрын Ішкі саясат басқармасында қызмет етті. Сол азамат өзі басшылық еткен аз уақыттың ішінде ұлттық мүддеге көңіл бөле алған еді. Қазір ол Білім және ғылым министрлігіне кетті. Ал басқармада бұрыннан келе жатқан Сәуле Османова деген азаматша отырса керек. Қысқасы, мен де сол Сәулеге қатысты жанама дәлел видео бар. Осында «Диона» деген дүкен бар. Сонда қазақша сөйлегенім үшін тағы да мәселе туындап еді. Сол уақытта Сәуле басқармада орынбасар болатын. Ол да келіп, менің үстімнен шағым беруін сұрап, өздеріне жұмыс істеуге кедергі келтіргенімді айтты. Осындай да масқара жағдай болған. Осында тағы «Олжа» деген сауда үйі бар, сол жерде екі қазақ келіншектен кәмпит алып тұрғам. Олар маған орысша тіл қатты. Қазақша сөйлеуін сұрағанымда, қазақшаңмен қоса кет деп қарсы шыққаны бар. Содан олардың басшылары келіп: «Мен Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Сәулемен сөйлестім, арыз-шағым түсіру керектігін айтты», - деді. Сонда оған Сәуленің өзі прокуратураға менің үстімнен шағым түсіру керектігін айтқан. Көрдіңіз бе? Себебі мен олардың дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді екем. Олардың жиналыстарына барып, атқарылмай, шешімі табылмай жатқан шаруаларды себебін сұраймын. Олар барлығы  он-ақ адам деп жылайды. Олар жайдан-жай ақша алып отыр. Олар өз міндеттерін атқармай ақша алып отыр. Ал тіл бір орнында дамымай тұрып қалды. Маған олардың ақшасы керек емес. Бірақ Тілдер басқармасы жұмыс істеуі тиіс.  Мен басқа салада шаруам жоқ. Сол Сәуле Османованың бауыры Артықбаев Қуат облыс прокуроның орынбасары. Ал Сәуле Османова ешнәрсені бітірмесе де, әлі күнге орнында отыр. Бізде сондай-ақ тілге шабуыл жасайтын бес-алты орыс тілді газет бар. Тек Арман Қанидың ғана «Ертіс дидары» газеті ғана бұл мәселені жақсы көтереді. Оған да ақша бөлінбей отыр. Арман Қани да оларға ренішті.

- Өзіңіз қазақ тілінің болашағын қалай елестетесіз? Болашағы бар ма? тек Павлодар өңірі ғана емес, жалпы республиканы алғанда.

- Менің ойымшаосы билік тұра берсе, тіл жойылып кетеді. Билік ауысуы керек. Үкіметтің басына ұлтшылдар келуі керек. Тек қана сонда біз ұлт ретінде құтқарылып қалуымыз мүмкін. Екінші нұсқа Армениядағы немесе Украинадағы сияқты түгел көтеріліп, шығып, төңкеріп тастаса, ешқандай полицияның, әскердің күші жетпейді. Өйткені олар халықтан көп емес. Үкімет халықтың шамалы бөлігін қырар, бірақ бүкіл халықты қыра алмайды. Бірақ халықтың бір миллионы, не жарты миллионы шықса, ұлттық мүдделі мемлекет құруға үгіттейміз деп ойлаймын. Оны енді саяси сауатты түрде істеу керек. Билік Қазақстанды намысы жоқ, бейшара халық қылып, әлемге күлкі етіп отыр. Халық өз мемлекетінде өмір сүргендей жүре алмауда.

- Сіз кейде осындай мәселеге араласып жүргеніңізге өкініп қалмайсыз ба? Еш нәтиже шықпағанда күйініп кетпейсіз бе?

-  Жоқ. Мен бұл мәселені мақсат ретінде қойған жоқпын. Өзім адам ретінде қаулыны оқып, қазақ тіліне көшкенде, қайта барып біреуге орысша сөйлесем, онда мен өз-өзімді сатқаным болатын еді. Мен өзімді сата алмаймын.

- Нақты осы тілдің жолында жеткен жетістіктеріңізді санамалап бере аласыз ба?

- ЖССБ-ның маңдайындағы атауының қазақша жазылуына әсер еттім. Әрекетімді банктерден бастадым. Қаншама жерге телефон шалып, жүгіріп жүріп бітірдім. Центркредит банктің түбіртектері орыс тілінде болды. Мен сол банктен қыздарыма ақша салатынмын. Қазақша беруін талап еттім. Қазақша түбіртек оңтүстік қалаларда бар да, ал мұнда оған мән бермейді. Орыс тіліндегі құжатқа қол қоймаймын. Бұған тек мен ғана емес басқалар да әсер еткен болар. Мемлекеттік сатып алу сайты бар. Сол жерде бәрі орысша болды. Мен орыс тілді жерді соңына дейін апарып, бірнеше рет қоңырау шалып жүріп, қазақша қызмет көрсетілуін сұраймын. Қарамаағындағыларға басшыларың мәңгүрт пе, намыссыз ба деп, телефонды беруін сұраймын. Мен осы сайттың қазақша толтырылуы үшін Астанаға дейін бардым. Әйтеуір, жөндеттім.  Сосын жеке кәсіпкердің әр тоқсан сайын тапсыратын декларациясы орысша болды. Соны қыр-соңынан қалмай қазақшаландырдым. Жеке кәсіпкердің куәлігін орысша бергенде де, мөрімді де, басқасын да тек қана қазақша алдым. Егер маған құжаттар «ИП» деп келсе, ол құжат міндетті түрде кері қайтады. Өйткені мен «ЖК» деп тіркелдім. Қазкоммен соқтығысып, терминалдарының қазақша қызмет көрсетуін талап еттім. Қазіргі Jusan банкпен де (бұрынғы Цесна банк) соттастым. Олар менің аты-жөнімді дұрыс жазбады. Мен 1997 жылы толықтай аты-жөнімді қазақшалаған болатынмын. Ал олардың түбіртектерінде менің аты-жөнімдегі қазақша әріптер сұрақ белгісі болып тұрады. Соны жөндеуін сұрадым, нәтиже болмаған соң сотқа бердім. Сотта мен жеңіп шықтым. Қапелімде, қазір басқасын есіме түсіре алмай отырмын. Біраз банктер, емханалардың қазақ тілінде қызмет көрсетуі үшін күрестім.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Қазақ тілінің мәртебесі биік болсын!

 

Фото Facebook парақшаcынан 

Сұхбаттасқан Арман Әубәкір

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер