Бішкекте тағы да төтенше жағдай жарияланады

2618
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Бішкекте төтенше жағдай жариялау туралы екінші рет жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Азаттық.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жогорку Кеңеш соңғы үш күнде қалада ТЖ енгізу туралы шешімді қарастырмағандықтан қайтадан жарлыққа қол қойылып отыр.

Жарлыққа сәйкес, қалада 12 қазан кешкі сағат 20.00-ден бастап 19 қазан таңертеңгі сағат 7-ге дейін ТЖ режимі енгізіледі. Құжатта "жаппай тәртіпсіздік салдарынан адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгендіктен" ТЖ режимі енгізіліп отыр деп жазылған.

Қала коменданты болып ішкі істер министрінің орынбасары Алмазбек Орозалиев тағайындалған. Осыған дейін президентпен кездесу кезінде Орозалиевтің ТЖ режимін ұзарту туралы ұсыныс айтқаны хабарланған еді.

Президент алғаш рет 9 қазанда Бішкекте төтенше жағдай жариялаған. Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси күштер Бішкектегі "Ала-Тоо" алаңында наразылық акциясын бастаған. Парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды.

Сол күні наразылар талабынан кейін түрмедегі бірнеше саясаткер қамаудан шықты. Олардың арасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, бұрынғы депутат Садыр Жапаров та болды. 10 қазанда Жапаров премьер-министр қызметіне бекітілген. Кейбір депутаттар оның қызметке тағайындалуының легитимдігіне күмән келтірген.

Қырғызстанда саяси күштер дағдарыстан шығу жолдарын әлі талқылап жатыр. 9 қазанға қараған түні Сооронбай Жээнбеков "мемлекет құқықтық аяға оралған соң президент қызметінен кетуге даярмын" деп мәлімдеген.

Пікірлер