"Отанын сатқан опасыз" генерал анықталды

8174
Adyrna.kz Telegram

Әзербайжан генералитетінде еліне сатқындық жасады деген айыппен ірі погонды тұлға анықталды. «Отанын сатқан опасыз» атанған Әзербайжан Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Наджмеддин Садыгов болып шықты деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы rast.kz сайтына сілтеме жасап. Сонымен генерал Садыгов қандай сатқындық жасаған?

Наджмеддин Садыгов Ресейдің арнайы қызмет органдарына жалданған деген күдік бар. Ол Дағыстанда тұратын, Мәскеуде гүл базары бар бизнесмен жиені арқылы Ресей арнайы қызмет органдарына жалданған болуы мүмкін. сонымен қатар тергеушілердің  пайымынша, Бас штаб бастығы Әзербайжан армиясына қатысты екі түрлі үлкен әскери қылмыс жасаған. Оның бірінде Таулы Қарабақ аумағында жасалғалы тұрған соғыс қимылдарының жоспарын түгел Ресей барлау қызметіне жеткізіп бергені айтылса, екіншісінде биылғы шілде айында Армения жақтан атылған оқтан қаза тапқан генерал Полад Гашимовтың өліміне тікелей қатысы бар деп көрсетілген.

Бірден айта кетейік, генерал-полковникке қатысты алғашқы күдік пен дау-жанжал осы шілде айында-ақ көтерілген болатын. Бірақ армия басшылығының өзі сол кезде оны қорғап қалған. Сол тұста, 2020 жылғы 22 шілде күні «1NEWS.az» порталында осы тақырыпта «Пять ложных обвинений, выдвинутых против генерала Садыкова» деген мақала шығып, күдіктің бәріне тойтарыс берілгендей әңгіме қозғалды.

«Жұрт аузында «Сен досыңның кім екенін айт, мен сосын саған өзіңнің кім екеніңді айтып беремін» деген сөз бар. Бұл мақал қазір Әзербайжанда Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал Наджмеддин Садыговтың жеке және іскерлік қабілеттерін қаралау мақсатында жүріп жатқан науқанға қолдануға өте жақсы келеді. Біз сөз басынан барлық «і»-нің үстіне ноқат қоямыз: бүгінгі күні Наджмеддин Садыгов – бірінші кезекте жауынгер генерал. Осымен бәрі айтылып тұр. Нүкте!», – деп басталады аталмыш материал.

Бұдан ары «жауынгер генералдың» осы кезге дейін жүріп өткен жолдары түгел баяндалып шығып, жоғарыда аталып отырған бес (!) айыптауды жоққа шығаруға әрекет жасалады.

«Өйткені, қазір жоғары лауазымды қызмет атқарып отырған ол Әзербайжан жауларының бәрінің көздеріне шыққан сүйел сияқты. Өйткені, оның өзі мен жауынгерлік ерліктерін тек Қарабақ соғысының ардагерлері мен Әзербайжан армиясының жеке құрамы ғана емес, сонымен бірге Әзербайжанға ешқандай қатысы жоқ адамдар да біледі. Олай болатыны, Садыговтың майор кезінде-ақ көрсеткен жеке батылдығы, шешімталдығы мен президентке берілгендігі жұрт аузында аңыз болып жүр», – деп көсілтеді мақала бұдан кейін.

«Ал сол алыстағы 1979 жылы әлі ешкімге есімі белгісіз Наджмеддин Садыгов өзінің даңқты жолын КСРО Қарулы күштері құрамында взвод командирі болудан бастап, бұдан әрі рота, батальон командирі және полк командирінің орынбасары деген жолдардан өтті. Айта кету керек, жас лейтенант Садыгов Бакы жоғары жалпы әскери командалық училищесін «алтын медальмен» бітірген кезде оның бүгінгі сыншылары әлі өмірге де келген жоқ еді!» болып өріледі келесі жолдар.

Па, шіркін сөз болғаныңа! Жұртшылық тарапынан жаппай күдік таңылған қайраткерді ақтап алуға мына сөйлемдердің қандай қатысы бар? Әскери қызметін осылай бастаған офицерлердің арасынан сатқын шықпайды деп кім айтты? Жә, олардың бәрі де тіпті қызмет жолын тап осылай бастамайтын ба еді?!Сол сияқты оны сынаушылардың бертінде өмірге келгенін алға тартудың қаншалықты қажеттілігі болды?

Мұның бәрінің далбаса екенін кейінгі оқиғалар танытты. Тек генералға тағылған бес айыптың туған інісі Армения армиясында қызмет етеді, сондықтан сол жаққа әрдайым хабар беріп тұрады деген тармақ қана анықталмаған күйі қалыпты.

Ең қызықты жайт, Наджмеддин Гусейн оглы Садыгов Әзербайжанның тумасы емес екен. Ол 1956 жылы 24 мамырда Дағыстанның Дербент қаласында туған. Дербентте әзербайжандардың көп тұратыны белгілі, сондықтан оның әзербайжан ұлтынан болуы да әбден кәдік. Ал Бакы әскери училищесін бітіргеннен кейін осы жақта біржола қалып қойған. Сөйтіп жүргенде, тәуелсіздік келген. Осылайша ол егемен Әзербайжанның азаматына айналған.

«Кавказский узел» порталында жазылғандай, генерал-полковниктің тұлғасына күдік келтіру 14 шілде күні генерал-майор Полад Гашимов, полковник Ильгар Мирзоев, сондай-ақ тағы екі майор, екі прапорщик және бір солдат Армениямен шекарада оққа ұшқан кезде басталған. Бірақ армия басшылығының ақымақтығы салдарынан ол қыспақтан құтылып кеткен. Қайта содан кейін «халық қаһарманына» айналып шыға келген.

Әзербайжан армиясының жоғарғы құрамында тыңшы бар екенін түрік барлау қызметі өз арналары бойынша Ресей барлау қызметіне шығу арқылы анықтаған. Содан кейін оның нақты кім екенін де тексеріп білген.

Осы жайт белгілі болған бойда Наджмеддин Садыгов қамауға алынды. Бірақ бұл жайында ешқандай хабар таратылған жоқ, осындай оқиға болғаны жайлы ақпар жайылып кеткесін де оның аты-жөні айтылмады.

Генералдың қызметтен шеттетілгені жөніндегі мәлімет тек 1 қазан күні шықты. Онда да ресми дерекпен жеткізілген жоқ. Мұны WarGonzo Telegram-арнасы таратты. Арнаның жазуынша, бұдан бір ай бұрын генерал Түркиядан келген кеңесшілермен сөзге келіп қалыпты. Сол жерде ол Әзербайжан билігіне қатысты да бірқатар ауыр сындар айтыпты. «Егер біз армиямызды түріктерге беріп қойсақ, онда әйелдерімізді де неге қоса бере салмаймыз?» десе керек екі жақтың әскерилері бас қосқан кеңесте.

Қазір күдік таңылып, құлып астына алынған генералдың үстінен тергеу амалдары жүріп жатыр.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер