Праймериз: Ақтөбе облысында 27 мыңға жуық партия мүшесі өз таңдауын жасады

2067
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалин праймеризге қатысқан кандидаттармен кездесті. Партияішілік сайлауға белсенді атсалысқандары үшін оларға алғыс білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.

- Өздеріңіз жақсы білесіздер, қоғам өзгеріп, өмірімізге күн сайын бір жаңалық енгізіліп келеді.  Мұндай форматтағы партияішілік іріктеу елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Саяси жаңашылдық халық тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, ел тұрғындары дауыс беруде белсенділік танытты. Ақтөбелік кандидаттар да ел алдында өздерінің бағдарламаларын таныстырып, мемлекетіміздің дамуына мүдделі, жігерлі, білімді әрі белсенді азаматтар екендіктерін көрсетті. Тіркелген үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын ашық әрі белсенді жүргізді. Бұл «Nur Otan» партиясының Төрағасы,  Елбасының бастамасымен көтерілген жаңашылдыққа және партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға халықтың зор сенімінің одан әрі артқанын білдіреді, - деді аймақ басшысы.

Жалпы, партияішілік сайлауда Ақтөбе өңірінен 460 кандидат бақ сынады. Олардың 36,7 пайызы – әйелдер, 28 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 50,4 пайызы ұсынылса, 49,6 пайызы– өзін-өзі ұсынғандар.

Тіркелген үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізді. Олар партияластарымен 6 мыңнан астам кездесу өткізіп, өз бағдарламаларын ұсынды. Оның 642-сі онлайн форматында ұйымдастырылды. 16 жерде өткен 87 жария пікірсайыста түрлі мәселелер көтеріліп, оңтайлы шешу жолдары айтылды.

Республика бойынша дауыс беруге 700 мыңға жуық партия мүшесі қатысқан. Оның ішінде Ақтөбе облысынан 27 мыңға жуығы өз таңдауын жасады. Бұл облыстағы партия мүшелерінің 87 пайызы.

Сайлаушылардың басым бөлігі, яғни 23,4 мың адам онлайн дауыс берді. Ал 3430 партиялық дәстүрлі әдісті пайдаланып, сайлау учаскелеріне келді.

-Партияішілік сайлауға  белгілі тұлғалар да, мықты кәсіпкерлер де, жалынды жастар да қатысты. Соған қарамастан бізге бірдей жағдай жасалды. Праймериз халық арасындағы ауқымды мәселелермен танысуға мүмкіндік берді. Дауыс беру ашық әрі әділ өтті, - деді кандидат Жұлдыз Қожабекова.

Пікірлер