Президент марапаты өз қаһарманын тапты

4320
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Омар Бекин «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Ол марапатын облыс әкімі Ермек Мыржықпаевтың қолынан алды.

Жер мен елді короновирус жаулап, карантин жарияланған сәтте Елбасының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бастау алған болатын. Аталмыш акция аясында көкшетаулық еріктілер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тасуды қолға алды. Үйдегі ата-аналарының үрейлеріне қарамай, өзін емес өзгені ойлаған Омар қатарластарынан қалмай акцияға белсенді атсалысты. Жеке өзі 500-ден астам үйге азық-түлік тасыған.

«Мені награда алатын адамдардың тізіміне енгізіп жатқанын білгенде қатты таңғалдым, екіншіден ыңғайсыздандым. Өйткені, жұмыс істеп жүрген еріктілер қатары өте көп. Оларлың тек төртеуі ғана марапатқа ие болды. Соның бірі мен боллдым. Одан қалды, осы медальға ие болған қазақстандықтардың ішінде ең жасымен  екенмін. Қалғандары күн-түні қызметте жүріп, өздерінің денсаулықтарын, жанұяларын емес, елдің қамын ойлап жүрген дәрігерлер, құқыққорғау органдарының қызметкерлері. Әрине, ондай адамдармен бір деңгейде болу, бірдей марапат алу мен үшін зор мақтаныш», – дейді Омар.

Омар небәрі 17 жаста. Дегенмен, еріктілер қозғалысындағы, «Нұр Отан» партиясындағы тәжірибесі баршылық. Сабақта үздік болмаса да, жақсы оқитындардың қатарында. Болашақ мамандығын саясатпен не болмаса информатикамен байланыстырғысы келеді. ЖОО әлі таңдамапты. «Қайда оқысам да, дипломымды алған соң Қазақстанда жұмыс істеп, елімнің көркеюіне үлесімді қосатын боламын», – дейді.

Омардың өмірлік ұстанымы – «Мен болмасам, кім?». Бұл сөздер оны алға итермелейтін көрінеді. Оқушының бос уақыты жоқ деуге де болады. Мектептегі оқуынан бөлек, «Нұр Отандағы» жұмысы бар. Қазіргі таңда, ол «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар Қанатының Көкшетау қалалық бөлімшесінің жетекшісі. Көп уақытын белсенділер мен еріктілердің қызметін ұйымдастыруға жібереді екен. Сонымен қатар, «Думан» Ақмола облыстық педагогикалық жасағының жетекшісі, «Қазақстандық жас патриоттар академиясының» мүшесі.

17 жасар Омардың қоржынында түрлі деңгейдегі марапаттар аз емес. Айталық, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың,  «Jas Otan» Жастар Қанатының Ақмола облыстық филиалы Төрағасының, «Nur Otan» партиясы жетекшісінің бірінші орынбасарының Алғыс хаттары бар.

«Ерікті болу маған ішкі қанағаттану сезімін сыйлайды. Меніңше, көмекке зәру жанға қол ұшын созу мүмкіндігің бар болса, неге сол мүмкіндікті пайдаланбасқа. Бұл – кез келген қазақстандықтың азаматтық парызы деп ойлаймын. Ерікті болғанда ақша табуды ешқашан көздеген емеспін, ешқандай пайда көрмеймін де. Маған «Жас Отандағы» атмосфера ұнайды. Өйткені, басқа адамдарға көмектесетін жандар ешқашан жаман болуы мүмкін емес. Және көз-қарастары ортақ адамдармен жұмыс істеу өте керемет. Осының барлығы маған мотивация береді», – дейді Омар.

НЗМ баспасөз қызметі

 

 

Пікірлер