Парламентке сұрақ: Заңсыздық па, әлде бассыздық па?

3295
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл - қазақ тілі» деліген, алайда осы норманы Қазақстан Парламенті заң шығару ісінде ұзақ жылдар бойы ескермей орындамай келеді.

Парламенттің осы мемлекеттік тіл туралы Констититуция талабын орындамау әрекеті миллиондаған Қазақстан халқының күрделі заң шығару ісіндегі болып жатқан жарыссөздерді, қорытындыларды, арнайы мамандар үәждерін орыс тілінде айтылғандықтан тісінбеуіме апарып құқықтарының бұзылуына, шектелуіне жол беріп отыр.

Тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн реттейтін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» арнайы заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.  Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген. Демек аталған заң Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесін анықтап дамыта отырып қазақ тілі – мемлекеттік басқару, заң шығару және iс қағаздарын жүргiзу тiлi деп бекітті.

Жоғарыда көрсетілген баптардың депутатттарға міндеттілігі қаншалықты деген сұрақты білу үшін, Парламенттің мәртебесін, құқықтық негізін көрсеткен «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына қараймыз.

Бұл жерде  37 – бапта: «Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады» -  деп бекітілген.

Демек Қазақстан Республикасының Парламенті заң шығару процесін тек қана мемлекеттік тілде қазақ тілінде жүргізуге міндетті. Осы заң бұзушылықтардың дәлелдемесін біз Парламент сенатының, мәжілісінің заң жобасын бірінші, екінші оқылымда талқылаулары мақұлдауы туралы кез–келген отырысының көрсетілімінен, стенограммаларынан байқаймыз.

Бұл көрсетілімдерде оқылымдарда заң жобасы бойынша баяндамалар, тұжырымдар, басты қорытындылар көбінесе орыс тілінде айтылуда. Кейде тіпті Парламент қабырғасында мемлекеттік тілді мұқатып па, мазақтап па мыңқылдап, сандырақтап тұрған еліміздің лауазымды тұлғаларын көреміз.

Бұны қалай түсінуге болады? Олар қазақ жерінде туып, өсіп әкім, министр, генерал бола тұра мемлекеттік тілде сөйлемеуі, білмесе  үйренбеуі неліктен? Әлде осындай шенеуніктердің тілді меңгермеуінің себебі Қазақ мемлекетінің болашағы бұлыңғыр деп ойлап, сенбеуінде ме ...

Парламенттің осы заңдарға қайшы әрекеттері Қазақстандықтардын Конституциялық құқын бұзып, заң шығару ісіндегі болып жатқан жарыссөздерді, қорытындыларды, арнайы мамандар үәждерін орыс тілінде айтылғандықтан тісінбеуіне апарып Конституциямен, заңдармен берілген қазақ тілінде мемлекеттік тілде ақпарат алу құқықтарының бұзылуына, шектелуіне жол беріп бекітілген құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасауда.

Мемлекетіміздің заң шығарушы органы Парламенттің осы өрескел заң бұзушылықтары тек қана қазақ халқының құқын аяққа басып отырған жоқ. Олар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда біртұтас ел болып қабылдаған Конституцияны мойындамай бүкіл Қазақстан халқының құқын бұзуда.

Қорытындылай келе білгіміз келетін басты мәселе - осы Парламент заң шығарушы орган ба, әлде елді азғырушы орын ба ..?

 

 Айыпқан Мухамадиев,

 заң ғылымдарының кандидаты

 

 

Пікірлер