Цифрландырудың басты мақсаты – бәсекеге қабілеттілікті арттыру

2943

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы айрықша атап өткен болатын. Осы орайда 2017 жылдың 12 желтоқсанында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған еді.

Қазіргі таңда IT саласы дүниежүзінде үлкен сұранысқа ие болуда. Расымен де бүгінгі күн санап қарыштап дамыған заманда ақпараттық технологияларды қолға алып, дамытпасақ, еліміздің өркениетті отыз елдің қатарына енуі жай арман болып қалар ма екен.  Себебі, экономикасы дамыған, әлеуеті жоғары өркениетті елдердің барлығы дерлік  сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуы мен халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.

«...Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын...»,-делінген Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында.

Жалпы алып қарасақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, сонымен қатар ұлттық экономиканы цифрландыру. Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Елбасының «2050 Стратегиясы», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Нұрлы жол» сияқты маңызы зор құжаттарда тасқа жазған таңбадай көрсетілген мақсат-міндеттерді іске асыруға басымдық беретін қосымша күш деуге болады. Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының ақпараттық технологияларды мемлекеттік жүйеге ендіру, сәйкестендіру жұмыстары осыдан сәл ертерек нәтижелі бастау алғанын айтып өткен жөн. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы цифрландыру жүйесі едәуір өскенін байқауға болады. Қазақстанда онлайн сауда нарығы дамып келеді. Қазақстан халқының басым бөлігі цифрлы сауатты. Үйден немесе кеңседен шықпай-ақ түрлі операцияларды жасай алады. Бұрындары кезекте тұрып, уақытта сарп етіп, арнайы мекемеге бару керек болса, қазір Қазақстан халқы төлемді де, оның ішінде салық, айыппұл төлеу, коммуналды қызметтерді жасау секілді, тағы да басқа түлі операцияны орындай алады.Қазақстан Республикасы бойынша орта білім беру мекемелерінде интерактивті тақта орнату, компьютермен жабдықтау қолға алынды.

Айту керек, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасау барысында көптеген өркениетті, дамыған елдердің тәжірибесі қолданылды. Олар цифрлық технологияны іске асыру жолында толағай жетістіктерге қол жеткізген Австрия, Дания, Аустралия, Канада мен Сингапур секілді елдерді мысалға келтіруге болады. Иә, цифрлық технологиялар көптеген елдердің экономикасын дамытуда маңызды рөлге ие.

ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры. Қазіргі таңда білім және ғылым жүйесінің алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер бар. Оларды шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға негізделген, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары туралы баяндамасында «Бағдарлама жобасы педагогикалық ұжымдарда мұғалімдермен, Президент жанындағы Ұлттық кеңестің өкілдерімен, сарапшылармен және Парламент депутаттарымен талқыланды. Бұл жобаның ерекшелігі – PISA, TALIS, PIAAC, PIRLS, ISILS секілді 5 халықаралық зерттеудің нәтижелері бізге негізгі проблемаларды анықтауға және олардың шешімдерін табуға мүмкіндік берді. Жалпы, жаңа Мемлекеттік бағдарлама жобасында 2 мақсат, 11 міндет, 8 индикатор, 39 көрсеткіш қарастырылған, – деді. Қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі дамыған цифрлық инфрақұрылым болып табылады. Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ-инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн-курстардың желілері мен платформаларын дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қажет. Мектеп бойынша білім беруді цифрландыруды жүзеге асырудың жоспары әзірленіп, ауқымды жұмыстар атқарылуда, инфрақұрылымы дамуда.

Цифрландыру үрдісі, мінсіз білім беру үдерісі мен сапасына әсер етеді. Мектептік білім беру процесіне енгізілген жаңа технологиялар мектеп оқушыларын қарапайым лекцияларға қарағанда әлдеқайда көп қызықтыра алады. Мәселен, мысалы, Англияның Гранж мектебі мектептің ішіндегі «қала» сияқты жасалған. Гранж мектебінде телевизия мен радиостанциялар құрылып, балаларға әлем шынайылығындағы жағдайларды түсінуге көмектеседі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білім беру процесіне цифрландыру жүйесі өте қажет. Осылайша, көптеген жоғары оқу орындары білім беру жүйесінің ұзақ мерзімді тәжірибесін талдап, осы әдістің артықшылықтарын түсінді. Бұл жүйе білім беру сапасын жақсарту, жаңа ақпараттық технологияларды дамыту, заманауи қағаз процестерін жеделдету, мекеменің әкімшілік және басқарушы қызметкерлеріне қажет.

Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Біздің балаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде жасанды интеллект және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Елбасы атап көрсеткендей, «елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы». Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, әрі ұлттық экономиканы цифрландыру, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеру болып табылады.

Цифрландыру – Қазақстанның озық ел атану жолындағы басты құралы. Қазақстан 2018-2022 жылдары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырады. Бағдарламада экономика саласын цифрландыру, сандық мемлекетке көшіру мақсаты айқын көрсетілген. Сонымен бірге, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту, инновациялық экожүйені құру бағытын қамтиды. Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынып, компьютерлер үйде де, жұмыста да негізгі ақпарат құралы ретінде танылды. Ақпараттық жұмыстардың барлығы компьютердің көмегімен жасала бастады және ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды. Осылайша, «цифрландыру» – бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыратын жетістік кепілі. Бұл үшін қоғам алдында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы 10 бағытты жұмылған жұдырық болып іске асыру міндеті тұр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 бағытындағы міндеттерді нақты жүзеге асырсақ, Қазақстан озық отыздыққа енуге мол мүмкіндік алады. Мұнымен қоса, ел ішіндегі өндірісті жаһандық жаңғырту және цифрландыру шеңберінде тоғыстыру керек. Сонда ғана Қазақстан экономикасы дамыған әлем елдерінің көшіне ілесіп, ақпараттық саланың тың жетістігін пайдаланатын болады.

 

Думан Аманжолұлы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы