Алматылық бойжеткенді желі арқылы танысқан жігіті зорлап кеткен

1833

Алматылық бойжеткенді әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітсымағы зорлап кеткен, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Astana TV» арнасына сілтеме жасап. Жәбірленуші полицияға арыз жазған. Бірақ ол қызметкерлердің күдіктіні ұстауға аса құлшынып отырмағанына алаңдаулы. Қазіргі таңда жәбірленуші қоғамдық қормен бірлесіп, прокуратураға арыз түсірген. Қордың өкілдері күн санап қорлық көрген қыз-келіншектер артып келе жатқанын атап өтті.

22 жастағы алматылық бойжеткен қыркүйектің 24-і, түнде болған жайтты әлі қорқынышпен еске алады. Ол әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысып, екі айдай хат-хабар алмасып тұрған. Әбден сенімге кірген соң, жігітпен кездесуге барғанын айтты. Бірақ желідегі серіге артылған сенім ақталмаған.

«Біз саябақта әңгімелесіп отырғанда,ол мені ұрып жіберді. Қарсылысуға күшім жеткен жоқ»,-дейді жәбірленуші.

Жігіт қайтар жолда бойжеткенді төрт мәрте қылқындырған.

«Апта басталғалы дәл осындай төрт жағдай келіп түсті. Сіздерді қызықтырған бойжеткеннің оқиғасына келетін болсақ, күдікті жігіт оны зорлап қана қоймай өлтіргісі келгенін де аңғаруға болады. Полицияға арыз жазылды. Бірақ күдікті әлі еркіндікте жүр»,-деп хабарлады "Не молчи" қоғамдық қорының негізін салушы Дина СМАИЛОВА.

Полиция күдіктінің бостандықта жүргенін растады. Құзырлы департамент қазір аталған жағдай бойынша тергеуді бастаған. Арыз түсісімен, күдікті ұсталып жауап алынғанын мәлім етті. Тергеу талаптарына сәйкес өзге ақпараттарды жариялаудан бас тартты.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы