«ADAL BILIM» жобалық офисінің администраторы Сергей Пен Facebook желісіндегі ресми парақшасында жобаларға бөлінетін гранттар, стипендиялар мен медальдары бар сыйақылар ешкімді ғылыми ортаға тарта алмайтынын айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
«Қазақстанда ғалымдардың еңбекақысын жеке қаржыландырудың тікелей кестесі болмайынша, жобаларға бөлінетін гранттар, стипендиялар мен медальдары бар сыйлықақылар ғылыми және академиялық ортаға ешкімді де тарта алмайды», - деді ол.
Пен бұл ұсынысты 1 қазан күні ҚР Парламенті Мәжілісі Жұмыс тобының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жобасы аясындағы отырыста мәлімдеген болатын. Осы орайда, ол «ADAL BILIM» жобалық офисінің атынан ғалымдардың еңбегін тікелей қаржыландыру жүйесін құру туралы ұсыныс білдірді.
«Біз қазіргі кезде қолданылып жүрген үш нысанға (базалық, гранттық және НҚБ) қоса ғылымды қаржыландырудың төртінші нысанын – ғалымдардың еңбекақысын тікелей қаржыландыруды енгізуді ұсынамыз. Негізгі мақсат – ғылыми білімнің сабақтастығын құру және ғылыми қызметтің нәтижелерін жүйелеу. Біздің түсінігіміз бойынша, еңбекақыны тікелей қаржыландыру жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымында немесе ғылыми ұйымда қызмет ететін ғалымдарға қатысты ғана жүргізілуі тиіс», - деп атап өтті Сергей Пен.
Қаржы министрлігі бұл ұсынысқа қарсылығын білдірді. Ресми өкілдердің айтуынша, қазіргі таңда елімізде бюджеттік қаржыландырудың екі нысаны ғана орындалуы мүмкін – сметалық және мемлекеттік тапсырыс. «Ұсынылып отырған нысан қаржыландыру схемаларына сай келмейд»,-деді министрлік.
«Адырна» ұлттық порталы