«Праймериз деген цирктің не керегі бар?»

1321

2 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының праймеризіне қатысып жатқан бірнеше адам әділетсіздікке шағымданып, қалалық партия филиалына барды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Мүгедек балалар проблемасын жиі көтеріп жүрген белсенді Ботагөз Сұлтанованың Азаттыққа айтуынша, 1 қазанда праймериз сайтының күні бойы жұмыс істемегеніне қарамастан кейбір кандидаттар жүзден мыңға дейін дауыс жинаған.

- Егер кеше түнімен сайт жұмыс істемесе олар қалай дауыс жинаған? Әлде оларға бөлек "жасыл дәліз" бөлінген бе? Олай болса бұл цирктің не керегі бар? – дейді ол.

Ботагөз Сұлтановаға қоса "Нұр Отан" мүшелері Пернеш Әбдукәрімова мен Адэма Есембаева да праймериздегі әділетсіздікке шағымданып партия филиалына барды. Ботагөз Сұлтанова сол жерден өзінің Facebook желісіндегі парақшасында тікелей эфир жүргізді. Онда белсенділермен "Нұр-Отан" партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Қаналимовтің кездескені көрінеді. Ол жиналғандарға арыз жазуды ұсынып, оған екі сағат ішінде жауап беретіндерін айтты.

- Біз бәріміз білімді адамдармыз. Бос сөзбен кез келгенді кінәлауға болады. Дауыс беріп жатқан тұрғындар емес, тек партия мүшелері. Бұл - олардың құқығы. Шағым жазыңыздар, екі сағат ішінде жауап береміз, - деді ол шағымданғандарға.

Азаттық тілшісі "Нұр-Отан" қалалық партиясының баспасөз қызметіне хабарласқан еді. Ол жердегілер даудан хабарсыз болып шықты. "Анықтаймыз" дегенмен, жауап болмады.

Ал шағымданғандарға "екі сағат ішінде жауап береміз" деген "Нұр-Отан" партиясының қалалық филиалы басшылығы да кешке дейін жауап бермеді.

Биліктегі "Нұр-Отан" партиясы 1-3 қазан аралығында ішкі партиялық сайлау – праймериз аясында дауыс беру өткізіп жатыр. Праймеризде тек партия мүшелері дауыс бере алады. Партия көп дауыс иеленгендерді 2021 жылы өтетін Парламент мәжіліс пен жергілікті мәслихат сайлауына үміткерлер тізіміне енгізуге уәде берген.

Кейбір сарапшылар "Нұр Отанның" бұл науқанын "құрдымға кеткен партияны құтқару амалы" және "2021 жылғы сайлауға жасырын үгіт-насихат" деп санайды.

Праймериз кезінде бірнеше мұғалім Азаттыққа өздерін праймеризде дауыс беру үшін тіркелуге мәжбүрлегенін айтқан. Партия өкілі мұны жоққа шығарған.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Редакция таңдауы