Шымкент: қала әкімі жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

2687
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде Өңірлік кәсіпкерлік кеңесі мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен жиыны өтті. Алқалы жиынға қала әкімі М.Әйтенов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев және кеңес мүшелері қатысты.

Басқосуда карантин кезінде жапа шеккен кәсіпкерлердің мәселелері талқыланып, аталған саланы қайта көркейту және дамыту жайлы айтылды. Жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кездесудің маңыздылығына тоқталып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы мағлұмат берді.

Әкімнің айтуынша, қалада кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы — 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары бар.

— «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланады және несеиенің белгілі бір бөлігін мемлекет кепілдендіреді. Оған қоса инновациялық жобаларды іске асыруға мемлекеттік гранттар қарастырылған. Жалпы, 2020 жылға осы бағдарламаны іске асыруға бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөлінген. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы 6 пайызбен 10 жыл мерзімге несие беріледі. Кәсіпкердің кепіл мүлкі жетпеген жағдайда мемлекет тарапынан 30 пайыздан 50 пайызға дейін кепіл ұсынылады. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясында жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 22 млн. теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын азаматтарға үстемақысы 4 пайыздық жеңілдетілген несиелер беріледі, — деді қала басшысы.

Бизнес өкілдерін Шымкент пен республиканың өзге өңірлерінде өткізілетін мемлекеттік сатып алу конкурстарына белсенді түрде қатысуға шақырған шаһар басшысы әкімдіктің карантин кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер мен жаңа жобаларды жүзеге асырғысы келетіндерге тиісті қолдау көрсететінін айтты.

Сонымен қатар, жиында Кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев кәсіпкерлік мәселелері бойынша Жобалық кеңсе жұмысының қорытындысын баяндап, Шымкентте әлі бәсекелестік қалыптаспаған бағыттардағы тың жобалар жайлы әңгімеледі.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер