Денсаулық саласында тағы да жемқорлық

890

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығының директорына пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы rast.kz сайтына сілтеме жасап  хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің «Дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығы» РМК-нің бас директоры Ерік Байжүнісовке қатысты бірнеше мәрте пара алу күдігіне байланысты «үйқамаққа алу» түрінде профилактикалық шара таңдалып, жаңа технология – электронды бақылау құралы (білезік) қолданылды, – делінген ресми сауалға елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің берген жауабында.

Қазіргі таңда істің мән-жайларын анықтау үшін жан-жақты, толыққанды және объективті бағытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Басқа ақпараттар тергеу мүддесіне орай жария етілмейтіні де айтылды. Істің соңғы шешімін сот шығарады.

Ерік Байжүнісов дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығына жақында, биылғы жылдың 4 тамызында басшы болып тағайындалған. Ол осы қызметке барған кезде-ақ әлеуметтік желідегі көп адам оның түріне қарап, қызметті адал атқаратынына күмән келтіріп еді.

Сол сабаз екі айға да жетпей пара алумен қолға түсіп, желідегілердің «сенімін ақтады»…

21 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық күдігіне ілінгені үшін электронды қадағалау құралдары – «тұсау білезіктер» тағу тәжірибесі енгізілгенін хабарлады. Ол бұлтартпау шаралары таңдалған тұлғаға тағылатыны да айтылды. Биылғы жылдың 17 қыркүйегінде бұл тәжірибе алғаш рет Қарағандыда іске қосылды.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Редакция таңдауы