Салыстыру

1132
Бір күні саяжайдағы аялдамаға «Бағбан керек» деген хабарландыру ілдім. Қасымнан өтіп бара жатқан қария кісі оқыды да, қабағын түйіп: «Ол неменеге керек?» деп сұрады.
«Түк үлгермей кеттім, төрт бала, жұмыс бастан асады» - деп мен ақталдым.
Зейнеткер апа үстімнен бір шелек кейісті лақ еткізді: «Үлгермеймін дейтінін қара! Біз ауылда 50 шелек су тасып, картоп егетінбіз. Суды құдықтан таситынбыз. Таңғы бесте тұрып сиыр сауатынбыз. Жеті торайдың тамағын беріп, тауықтың жемін шашатынбыз. Үйде сал боп жатқан енемізге қарайтынбыз... Өңкей ақ саусақ! Құтырып кетіпсіңдер ғой!»
Өмірді електен өткізген сайын байқайтыным, бұл фәниде ешқандай объективтілік жоқ. Адам әрдайым субъективті түрде сынайды. Өзінің биігінен мінейді.
Бірақ содан біз жеңімпаз, өзгелер – сүмелек боп қалмайды. Тек адамдар әр түрлі екенін түсінесің.
Біреу жеті бала тауып, тісі шыққанша емізеді. 18 жыл үздіксіз бала емізумен өтеді. Ол сонысын бақ санайды. Ал тағы біреуі бір бала тапса, өмірдің бар қызығынан айырылғандай күй кешеді. Сегізінші қабаттан секіріп кетуге әзір.
Кей адам ала жаздай шланг пен кетпенін қолынан тастамайды. 25 соткі жерден бір тал арамшөп таппайсыз. Ал біреуге бау-бақша деген ортағасырға оралу секілді.
Бір көршімнің үйі – бақыттың мекені. Қонақ көп келеді. Қашан барсаң, дастарханы жаюлы. Наны пісіп тұрады. Тәттісі молынан. Тағы бір көршім бар – оның үйінде тіпті шай да жоқ. Аш қалған соң мысығы да қашып кеткен. Есесіне сәрсенбі күні докторлық диссертациясын қорғамақ.
Маринаның жеке массажисті, астрологы, косметологы, стилисті бар... Тамара ылғи джинсымен жүреді. Шашын шұлтитып кесіп тастайды. Оған солай ыңғайлы.
Нина күйеуінсіз түк бітіре алмайды. Ал сіңлісі бәрін өзі істейді. Фундаментті де өзі құяды. Шатырды да өзі жауып алады. Моншаны да өзі салды.
Бұл әйелдердің бәрі өздігінше дұрыс өмір сүріп жатыр.
Бір бірімізді түсінбестен өмір сүруге болады. Түсінуге тиісті де емеспіз. Феминистер ешқашан Ольга Валяеваны түсінбейді. Трамвай жүргізетін әйел – кабриолет мінген ханшайымды түсінбесі анық. Француздық кондитер вокзалдағы бәліш сатқышты түсінбейді. Чайлдфри – көпбалалы ананы түсінбейді.
Түсіну шарт емес. Бастысы – салыстырмау.
Әркімнің психотипі әр түрлі. Темпераменті, даму деңгейі, өмірлік құндылығы, күш-қуат қоры, жан тебіренісі, талғамы, таланты, тәрбиесі, менталитеті бөлек.
Құнсыздандыру – өзгені кемсіту арқылы өзіңнің меніңді төмен бағалау.
Бәлкім, хайуанаттардан бір-біріне соқтықпай өмір сүруді үйренсек қайтеді? Аю қоянды сынамайды ғой. Апанда қыстамайсың, денсаулығыңды құртасың демейтіні анық. Аңдар әр түрлі. Параллельді әлемде өмір сүре береді.
Адамдар да солай. Біздің әлемде де адамдар көп. Олар әр түрлі.
Үндемей бақыла, таң қал, үлгі-өнеге ал, яки дым деместен өтіп кет. Тек салыстырма. Әр қоянның өз құны бар. Мейлі, ол аю болмаса да.
Иpина Дубс
Аударған Шынар Әбілда
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Редакция таңдауы