Д. Мәсімханұлының ар-намысын қорғайық!

7351
Adyrna.kz Telegram

Маңайына жалақорлықпен аты шыққан Серікжан Бияшидің  (құжатында осылай) соңғы күндері өзінің ютуб каналында Нұр-Отан партиясының биылғы праймериз науқанына қатысушы Дүкен Мәсімханұлын жалалаған, ар-намысына тиетін ауыр сөздер айтқан видеожазбасы жарияланды. Дәл осы сайлау науқаны кезінде С.Бияшиді бұндай лас тірлікке әлде кімдердің (Дүкен Мәсімханұлының қарсыластарының бірі болуы әбден мүмкін) айдап салып отырғаны жасырын емес.

Әрине, өзінің ар-намысын Дүкен Мәсімханұлы заң алдында өзі қорғай жатар. Ал оған негізсіз жабылған С.Бияшидің жаласы туралы күллі алаш баласына ақиқатты айтуды, істің ақ-қарасын түсіндіре кетуді азаматтық парызым деп білемін.

Сөздің әлқисасын Дүкен Мәсімханұлының кім деген сұрақтан бастайық. Оны мен айтсам, Дүкеңді жақтап отыр дейтіндер де шығады. Ол тараптағы сөзді қазына кеуделі абыздарымыз бен есімдері алты Алашқа белгілі ғалымдарға берейік. Д.Мәсімханұлының ұстазы, арғы бетте тұратын тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханов  өзінің «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты мақаласында: «...Д.Мәсімханұлының  талантты  ақын,  зерделі  зерттермен, қытайтанушы ғалым, мықты аудармашы және қоғам қайраткері болып жетілуі барысында, ұлты мен отаны үшін жарамды ұрпақ тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болуының орны  бөлек.  Өзінің  ұстаздық  міндетін  табысты  өтеуге  бірлестіре отырып, оқулықтар құрастыру, әдеби-ғылыми еңбектерді аудару және зерттеу жұмысымен  тынымсыз  айналысты» деп, өзінің жоғары бағасын берген болса, қазақтың маңдайына біткен әйгіліАхаңдарының бірі, ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ халқының  құрамына  тек  шеттегі    қазақ  диаспорасы  ғана  қосылған  жоқ,  ең алдымен шеттегі қазақ руханияты қосылды. Оның игілігін, шапағатын біз көре бастадық. Атап айтқанда, анау Ислам Жеменей, Мұртаза Бұлытай. Айта берсек өте көп. Уақыт тығыз. Бұлар қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының деңгей-дәрежесін жаңа өрістерге, жаңа өрелерге көтерген айрықша, ғажап тұлғалар. Солардың  ішінде  біздің  Дүкеннің  алар  орны  ерекше.  Қазақ  әдебиеттануын Дүкен жаңа сапалы деңгейге, біз бармаған, біз шиырламаған жаңа өрістерге көтерді» деп, Д. Мәсімханұлының ғалымдығын, терең білімділігін жоғары бағалаған болатын.  Бұл күнде ортамызда жүрген қазақ әдебиеттану ғылымының абызы, академик  Сейіт Қасқабасов өзінің «Азамат» деген мақаласында: «Бүгінге дейін Д.Мәсімханұлы Қазақ елі үшін 100-ден астам қытайтанушы маман тәрбиелеп шығарған болса, сол шәкірттерінің дені қазір ҚР Президенті аппараты, ҚР СІМ, ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі мен консулдықтарында, Қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындарында, ҚР жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде жемісті еңбек етуде» деп, тектен-текке жазбаған болар.

Дүкен Мәсімханұлы – ақын, аудармашы, қытайтанушы-ғалым, ұстаз. Әдеби шығармашылығы үшін ҚЖО-ның халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына, Президент жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болған. Қазақ еліне еңбегі сіңген, осы елдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, жар құлағы жастыққа тимей жүрген ұлтжанды тұлғаның бірі. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Бұл күнде ҚР БжҒ министрлігі ҒК Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры. Демек, қоғамда өз орны, қызметі, ат-атағы бар азамат.

Ал Серікжан Бияши кім? Қапелімде ойыңызға не түсті? Айтып көріңіздерші! Менің көз алдыма тек ел ішіне алабүйідей  ірткі салушы, ютубте аузы көпіріп, көрінгенге жала жауып  отыратын бүлікші бейнесі ғана оралды. Одан өзге ойға ештеңе орала қоймады. Тұрақты қызметі, ат-атағы жоқ, жоғары білімі  тағы жоқ, құмда ізі, сайда саны да жоқ, тек іші кеуіп сөйлеуден алдына жан салмайтын, өзіне қарсы пікір айтқандардың бәрін «қытайшыл» деп қаралайтын біреу. «Бақсам бақа екен» дегендей, жалпы ол туралы БАҚ бетіндегі жұрт пікірін шолып көрсек, Серікжанның жалпы жағдайы былай екен.

Оның қайда туып, қайда өскені бізге аса қызық емес. Тек сіздерге оның ататегі мен өмір жолы туралы мына бір ақпаратты айтқым келеді. Айтуларға қарағанда ол  Дұңған отбасында өмірге келген. Отағасы (яғни Серікжанның атасы) Бияши туылғанда аса ауыр қылмысқа шырмалады. Сонымен көршісі мектеп мұғалімі екен. Қызыл шақа Бияшиді сол көршісіне табыстап, бір түнде ғайып болады. Сол кеткеннен мол кетіп, ұшты-күйлі хабарсыз кетеді. Осылайша Бияши қазақ отбасында ержетеді.  Бияши ержеткесін қазақ «ата-анасы» оны үйлендіреді. Бияши балалы-шағалы болады. Демек, атышулы Серікжан қазаққа сіңген дұңған отбасында өмірге келген. Бірақ оның әкесінің аты сол күйінде сақталады. Ол өзінің фамилясын «Білаш» деп айтып жүргенімен құжатында «Бияши» деп жазылған. Бұл бір. Екіншіден, қытайда  және Қазақстанда тұратын бірге туған туыстарының ертеректе «дұңған»  болып жүргені туралы куәлік берушілер де бар. Тағы бір жағынан арғы-бергідегі қазақ баласында «Бияши» деген есім болмаған. Бұл «Бияши» оның дұңған әкесінен қалған жалғыз ескерткіш.

Тағы да С.Бияши туралы деректерге қарап отырсақ, ол ержетіп, Шаңхайдағы бір университетке оқуға түседі. Оқып жүргендегі тәртіпсіздігі, отбасылық қиыншылық, психологиялық ауытқу кесірінен оқудан қол үзеді. Арада бірер жылдан соң оқуын қайта жалғастырып жүріп, тағы табанының бүрі жоқ ол, оқудан шығып қалады. Қытайда ЖОО оқу студентке үлкен қысым. Бұл жақтағыдай емін-еркіндік жоқ. Ол жақта оқу үшін табандылық, шыдамдылық керек. Оған оқуға қыры жоқ Серікжан шыдамаған. Себезгі жаңбырға шыдамай қалқа іздейтін ешкінің тірлігіне осы Секеңнің қылығы тым жақын. Ал осындай адам оқудан қол үзіп қалған соң не істемек. Қалайда жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп жан бағу керек. Сөйтіп, әртүрлі адамдармен араласып жүргенде, бұл аяқ астынан жоғалып кетеді. Бақандай 6 жыл із-тозсыз жоғалады. Әке-шешесі іздестіріп көргенмен дерегі табылмайды. Кейін, әке-шешесі оны іздеуді доғарып, жазған арыздарын қайтып алады. Себеп, оларға қытайдың құқық қорғау органдары тарапынан «балаңды іздеме, ол аса құпия жағдайда тәрбиеленіп жатыр, балаң аман!» деген сыңайда хабар келсе керек. Сонымен алты жылдан кейін Секең аяқ астынан жарқ ете қалады. Жарық еткенде де «жүрек жұтқан батыр», «ұлтшыл», «діншіл» бейнесінде саяси аренаға шығады. Әйтпесе, оған кім сеніп, кім ерсін?! Сонымен ол одан жұлып, бұдан ұрлап «Мың бір сапар» деген кітап жазады. Оның жарнамасын қытайдағы сайттарда қатырып тұрып жасайды. Әсіресе, «Сен қазақ», «Күлтегін» деген сайттарда ол кітап туралы дүркіреп тұрып жарнама жасалады. Жастар бірінен соң бірі ауыздарының суы құрып отырып әлгі кітапты оқиды. Көшіріп таратады. Шын мәнінде, ол кітапсымақ олақ қатынның шикілі-пісілі ботқа көжесіндей нәрсе. Шет ел көрмеген, құдық түбінде ғана аспанды бақылайтын қытайдағы кейбір жастарға ол әрине, үлкен жаңалық боп көрінуі мүмкін. Секең сол кітапта қазақтың дінге берік еместігі, исламдық негізінің нашарлығы туралы сын айтады. Қазаққа қарағанда ұйғыр мен дұңғанның дініне берік, нағыз ислам мүриті дерлік халық екенін тамсанып, аузының суы құрып, тіпті, кейбір жерлерінде жылап жібере жаздап (кейде «әртістігі» ұстап, жылап алатыны әдеті бар ғой) тұрып жазады. Сонымен, Серікжан осы кітап арқылы алғашқы жоспарын, яғни, қытайдағы қазақ жастарының, жалпы қазақ ұлтының діншілдігі мен ұлтшылдығын бір тексеріп алады. Тексеру бойынша, қазақтардың реакциясы оң нәтиже береді. Сонымен, аңқау елге арамза молдалық қылуға бел шеше кіріскен Бияшидің баласы екінші жоспарына көшеді. Яғни, уейчатта (уатсап сияқты хабарласу желісі) топ құрып, вахабистік уағыздарын қарша боратады. Бұл кезде біз қытайға емін-еркін барып-келіп жүретінбіз. Біз де әртүрлі топтарда бар едік. Сонда оның кейбір сөздерін естіп қалатынбыз. Сондағы сөздерінен вахабистік ағымның мүриттерінше лепірген, көпірген сасық иіс аңқып тұратын. Әсіресе, жұма күндері бір-біріне әртүрлі «жұма мүбәрәк болсын» деп басталатын діни уағыздар мен әртүрлі сүрелер  жібереді. Бұл қытайдағы қазақтар арасындағы УЕЙЧАТ ТОПТАРДА кәдімгі науқан ретінде жүрді. Бұл Серікжанның қолымен жасалған, аузымен уағыздаған вахабистік үгіт-насихаттың  нәтижесі болатын. Әрине, дініміз – ислам. Бірақ, біз вахабист емеспіз ғой. Дін – әркімнің жүрегінің сенімі. Оны менің дінім Ислам, сен кәпірсің, буддиссің, деп көзіне шұқу үшін пайдалануға болмайды. Ал дін атын жамылып, әртүрлі топтарда вахабистік уағыз айтудың кімге, не үшін керек болғанын білесіз бе? Ол былай еді.

Қытай өкіметі Шинжаң мәселесін (Шинжаңдағы ұлтшылдық пен әсіре діншілдік мәселелерін ретке келтіру) біржақты ету үшін белгілі бір саяси шырға ойлап табуы керек болды. Естеріңізде болса, 2009 жылғы 5 шілдедегі Үрімшіде болған қанды қырғынның түп-төркінінде кім тұр еді. Әрине, Қытайдың билігі тұрды. Қалай дейсіз ғой,  ол былай.

Шинжаңнан ішкі қытайға барған жұмысшы ұйғыр қыздарын көшеде қытайлар ұрып-соққан, зорлаған. Оны өздері видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Сонымен Серікжан сияқты жансыздары арқылы ұлттық мәселе көтергізіп, халықты көшеге алып шықты. Көшеге шыққан халық әрине, ұйғыр қызының зорланғанына ар-намысы қайнап шықты. Бірақ қытай ұлттық қауіпсіздігі тарапынан қатаң бақылауда тұрған осы оқиғаның екінші күні  көшеге этникалық қытай жастары шығып ұйғырларды қырып салды. Бұл Шинжаң мәселесін шешудегі алғашқы жоспары болатын. Қытай өкіметі осыдан кейін бір жола аттанысқа келіп, Шинжаңдағы жалпы мұсылмандарды басып-жаншуға бел шеше кірісіп, Серікжандарды күндіз-түні үргізді. Ол жатпай-тұрмай қазақ жастары арасында вахабистік, діни-экстремистік үгіт-насихат жүргізді. Қазақ жастарын жаппай жихадқа шақырды. Сирияға баруға «шахит» атануға үгіттеді. Оның бұл «еңбегі» далаға кеткен жоқ. Қытайдағы қазақ жастары арасында вахабистік, діни-экстремистік бағыт күшейді. Жағдай белгілі бір деңгейге жеткен кезде, яғни, 2016 жылдың соңынан бастап Қытайдағы қазақтар түрмелерге тоғытып (өздерінің айтуынша, «үйрену лагерлері»), паспорттары тартып алынды. Сіз ойлап қараңызшы, Серікжан қытайдағы уейчат топтарында емін-еркін уағыз айтқанда, Қытай ұлттық қауіпсіздігі айға қарап, шошқа тағалап отырып па? Жоқ. Олар бәрін бақылап, тізімге алып отырған. Кімнің не жазып, не айтып жүргенін жіпке тізгендей бақылаған. Сонымен, 2016 жылдың соңынан бастап жүзеге асқан «үйрену лагеріне» тоғыту ісінде әсіресе, телефондарын тексеру арқылы ұсталғандар көп болды. Көбіне көп телефондарында Серікжанның діни уағыздарын тыңдағандар, таратқандар жаппай түрмеге тоғытылды. Ал қытай билігі сол кезде де, қазір де Серікжанға еш кінә таққан емес. Демек, қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырауының түп-төркінінде Серікжанның  тұрғаны ешкімге құпия емес.

Ал ол Шинжаңдағы міндетін адал атқарып болған соң Қазақстанға қашып келген сыңай байқатты. Келе сала бір күнде Алматыдан үш пәтер сатып алған. Қалай сонда? Қытайда да, Қазақстанда да ешқашан, еш жерде жұмыс істемеген, тұрақты табысы жоқ, бизнесі жоқ бүлікші бір күнде Алматы сияқты қымбатшылық жайлаған мегаполистен бақандай    үш пәтерді қалай сатып алады? Демек, мол қаржыны арқалай келген ғой қытайдан. Онымен қоймай, Қазақстаннан жер сатып алу мақсатында келген Қытай саудагерлеріне делдалдық жасаған суреті әлемжеліде өріп жүр. Сонда кім сатқын болып саналады?! Қытайдағы қандастарымызды  жазықсыз  түрмеге тоғытқан кім екен?! Ойлы қазақ едік қой. Әр нәрсенің байыбына барып, тереңіне бойлап барып сөз айтатын байсалды ел едік қой. Біздің бүгінгі алашапқын тірлігіміз, біреудің сандырағының ақ-қарасын тексермей ере кететініміз қалай?!

Бұл Серікжан Бияшидің жат пиғылды жексұрындығын, қой терісін жамылған қасқыр екендігінің шынайы кейіп-кеспірі.

Оның аталмыш видеосандырағында Ли Бай, Кегменер туралы сөз болады. Дүкен Мәсімханұлы тарих ғылымына опасыздық жасапты-мыс. Қытайлардың «қазақ жерін біздікі» деуіне идеологиялық алғышарт жасап беріпті-мыс. Өз ойына өзі семіріп, ісініп-кеуіп, лепіре келе, Д.Дәсімханұлын «ғалым емес» деп ышқынады. Тым күлкілі. Бейшаралықтан шыққан бейәдеп бір пәтуа. С.Бияши білмесе, біз айтайық шындықтың қандай екені туралы.

Бірінші, қытай ақыны Ли Байдың қайда туып-өскені, шыққан тегі туралы Д. Мәсімханұлы еш жерде айтқан да, жазған да емес. Серікжанның жалақорлығы әлде надандығы осы жерден ап-анық көрініп қалады. Әйтеуір жаптым жала, жақтым күйе дейтін бір бейшаралық. Өйткені, Ли Байды «қазақ, оның ішінде дулат. Шу өңірінде туған» деушілерге Дүкен Мәсімханұлы о бастан қарсы. Бұл пікірдің негізсіз екенін жазып та, айтып та жүр. Демек, Д.Мәсімханұлын «елібайшыл» етіп көрсету тап-таза, жүз пайыз жала. Ал Д. Мәсімханұлының «Сарап» атты кітабында келтірілген Кегменер туралы әңгіме, ол басқа мәселе. Сол басқа мәселенің мәнін түсінбеген жалақор жартыбас аузына келгенді лаққан. Кегменер туралы ол зерттемеген де, білмейді де... Мұндай көкезулер қашанда да болған. Бірақ олар айтты екен деп, тарих көші тоқтап қалған жоқ. Ал, Кегменерге келейік.

Кегменер ақын өмірде болған адам. Қытайдың көне құжаттарында сақталған. Бияши баласы айтқандай емес, нақты архивтерде бар. Оны қытайдың Го Моро секілді мүйізі қарағайдай ғалымдары зерттеп тұрақтандырған. Сонымен бірге, оны «Яң Лян жоққа шығарды» деп ресми Қытай билігі немесе ғылым академиясы, ғылым-білім министрлігі жоққа шығарған да емес. Оны қытайдың өз ғалымдары да біледі. Тіпті әлі күнге дейін қытайдың поэзия антологияларында Кегменердің өлеңдері жарияланып келеді. Демек әлі күнге дейін ол қытайдағы әдеби процестің ауқымынан шықпаған тұлға. Ал Д. Мәсімханұлы өз еңбегінде түркітекті Кегменер ақынның туған жері қазіргі Кетпен тауының маңы болуы мүмкін деген болжам айтады. Себебі, туған жерін есім-сойына қосып алу әдеби шығармашылық адамдарында ежелден бар үрдіс.  Ал болжам жасау болса ғылыми зерттеу ісіндегі қалыпты құбылыс. Қалыптасқан үрдіс. Келіспегендер өз аргументімен қарсы уәж айтады. Сол арқылы ақиқатқа қол жеткізеді. Тура осы Кегменер туралыы бір кезде Сағынтай Сұңғатай деген азамат жазды. Дүкен Мәсімханұлы жазбаша (жаңылмасам «Қазақ  әдебиеті» газетінің бетінде) жауап берді. Кейін С.Сұңғатайдың Д.Мәсімханұлынан ауызша кешірім сұрағанын да білеміз.  Ғылыми зерттеудің  исі мұрнына бармайтын Серікжан пақыр ондай дәстүрді қайдан білсін?! Ал Кегменер деген түркітекті  ақынды қазақ жерінде туған деген пікір қалайша «қытайлардың қазақ жерін біздікі деуіне теориялық алғышарт» болмақ? «Сандырақтауы жаман, сары ауру емес пе екен» деп Оспанхан Әубәкір ағамыз айтқандай, осыдан кейін С.Бияшиді дені сау, қалыпты адам деуге бола ма?! Тіпті, Мұқтархан Оразбай мен Өмірбек Бәйгелді жалаулатып жүргендей «Ли Бай Орта Азия өңірінде туды» деген уәжді дұрыс дегеннің өзінде, «соны сылтауратын қытайлар жерімізге таласады» дегеннің өзі сыпайылап айтсақ, жындының сөзі. Мысалы, әл-Фараби Отырарда туған. Ал, Арабтар оны араб деп есептейді. Немесе Пушкиннің түп тегі Араб деген сөз бар. Сонда, Арабтар Отырарды немесе Ресейді біздің жер деп таласа ма?! Айтса айтар. Бірақ, онда да Серікжанның өзі сияқты  бүлікші, жалақор, ұрынарға қара таппай көшеде жүрген біреу айтуы мүмкін. Оның үстіне, ғылым деген іздену, зерттеу, тәуекел ету, болжау  нәтижесінде өседі. Мынаны зерттесем, қытай өкпелейді, мынаны зерттесем, орыс ренжиді, немесе олар біздің жерімізді басып алады деген ол енді Серікжанский сандырақ қана болып қала береді.

Серікжан Бияши өзінің видеосандырағында тағы былай дейді. Ол «қытайша-қазақша үлкен сөздік» құрастырып, өзі иемденіп алды, негізінде, ол С.Найманның көк сөздігі болатын» деп, лепіріп, аузы көпіріп лағып, тамағы жыртылғанша шыңғырыпты байқұс. Біздің ауылда «есуас екенін есінегенінен білдім» дейтін сөз болушы еді, сол айтқандай Серікжанның псих-ауру екені, тиісерге қара таппай жүрген есерсоқтығы аузының көпіршуінен, қол сермеуінен-ақ көрініп тұр. Ал сөздік жасау білім-парасаты жеткен адамның ісі. Өркениетті елдерде қос тілді сөздіктер жыл сайын мыңдап басылып шығып жатады. Солардың қырылысып жатқанын көрген пенде бар ма екен?! Не болмаса, С. Найман, яғни, Найманғазы Сапанұлы ағамыз дәл қазір осы Қазақстанда, Алматы маңында өмір сүріп жатыр екен ғой. Ол кісі осының бәрін көріп-біліп отырған да болар. Пікірі, наразылығы болса, өзі айтар еді ғой, Серікжанның бұл арадағы әңгімеге  делдалдық қылардай не қақысы бар?! Демек, оның ішін қайнатқан үлкен сөздік емес, Д. Мәсімханұлының адал еңбек, өз ісінің маманы ретінде биіктерге өрлеп бара жатқанын көреалмастық ғана. Біріншіден, ішін өртеген қызғаныш,  екіншіден, Праймеризге қатысушы Дүкеннің атының озып бара жатқанын көре алмай, тыраштанған кейбіреулердің ит тірлігінен, үшіншіден, қытай қожайындары тапсырма беріп отырғандығынан, Алматыдан бір күнде үш пәтер алған ақшаны ақтау үшін, аузына боқ-сідігін толтырып алып, жалпы жұртқа шашып отыр. Одан басқа түк те емес.

Осы жолғы сандырағында С.Бияши  өзінше Дүкен Мәсімханұлының қытайша қабілетіне күмән келтіріпті. Бияши баласы сен күмән келтіргенмен, оның еңбегін өз көзімен көрген ел ағалары, ғалымдар, әріптестері, шәкірттері күмән келтірмейді. Тіпті, халықаралық ғылыми жиындарда баяндамасын қытай тілінде жазып, баяндап  жүрген ғалым, қытай тілінен жүздеген әдеби шығарманы мөлдіретіп қазақ тілінде сөйлеткен талантты аудармашы – Дүкен Мәсімханұлы туралы айтқан бұл сандырағына итім де иланбас еді.

Содан кейінгі оның видеосандырағында айтылған бір мәселе, Дүкен Мәсімханұлының бір қытай азаматымен түскен суреті. Яғни, С.Бияши қытай елшісі деп жүрген қытайлық азамат. Ол негізі Дүниежүзі қазақ күресі федерациясының вице-президені Сүн Жянлин есімді кәсіпкер қытай азаматы екен. Біз ол туралы  да зерттеп көрдік. Ол Бияши айтқандай, әсте Қытайдың біздегі елшісі де, тіпті елшіліктің қызметкері де емес. Онымен суретке түспеген, дастарқандас болмаған қазақстандықтар кемде-кем деуге де болады. Атын атамай-ақ қояйын, олардың арасында билік өкілдері де, тіпті әдебиет, өнер қайраткерлері де толып жатыр. Ал Д. Мәсімханұлы бір реткі бас қосуда бірге болған екен. Дүкен мырзамен құшақтасып  қолдарына рюмка ұстап тұр екен. Суреттің тосыннан, ту сыртынан түсірілгені де көрініп тұр. Демек, белгісіз бір азғынның отқа май құю үшін жасаған тыраш тірлігі. Түптеп келгенде, онда тұрған не бар?! Қытайлармен (ханзу) араласуға болмайды, дастарқандас болуға  тиым салынған деген заң жоқ қой. Онда орыспен де, ағылшынмен де құшақтасып, арақ ішкендерді желіге шығарып, бәрін сатқын деп жариялайық. Бұл енді дұңғантекті қорқаудың су жұқпас сұмпайылығының нақты бір көрінісі.

Сонан соңғы тағы бір айта кетер жайт, «айта, айта алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бұл С.Бияши  қырық жылғы малтасын езуден шаршамайтын көкдолы қатындардан бір аумайды. Еркек па, еркек жынысты салдақы ма, айырып болмайды. Әйтпесе, қытайдан келіп, Сирияға кеткен қазақтар туралы әңгіме әбден жауыр болып, тізесі шықты ғой. Ондай оқиғаның болғаны шыңғырған  шындық, айдай ақиқат. Оның түп-төркінінде Серікжанның өзі тұрғанын жоғарыда дәлелдедік. Өз басындағы боқты біреуге жағу керек боп жүргенде, Д. Мәсімханұлының аузынан сондай бір пікір шығып кетті. Ал келіп, жерден жеті қоян тапқандай жалаулатқан кім? Ол мына есуас С.Бияши. С.Бияшидің айтар уәжі: «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі Дүкеннің Сирияға қытайдан келген қазақтар барды дегенін жоққа шығарды. Бізде ондай тізім жоқ деп айтты» дегеннен ары аспайды. Айналайын-ау, ол ресми орган ғой. Қайдағы бір С. Бияшиге ресми ақпаратты бере салады екен-мыс. Бұл да күлкілі жайт. Ол келмес бұрын, Қазақстанға келген қандастар мамыражай өмір кешіп жатқан еді. Сол келді де бүкіл қазақты бөлумен, жақ-жақ қылумен айналысып келеді. Оның да басты себебі бар. Кезіндегі орыстың қазақты ру-руға бөліп қырқыстырғанымен аса айырмасы жоқ Секеңнің бұл тірлігінің...

Міне, осындай-осындай шындықты Серікжан біліп тұрса да, қанша айтқышпын дегенімен ылғи айналып өтеді. Осыны оқып отырып, кеңірдегіне оқтау кіргендей қылғынары даусыз. Өйткені, шындық қашанда ащы ғой. Бірақ, ол өлмесе, өлем қапсын. Мен бейкүнә халыққа айтамын, осындай арандатушыдан сақ бол деп! Көпірме сөзді кім айтады, қолынан түк келмейтін сұмпайылар айтады. Ал қолынан іс келетін адам халқына, отанына үнсіз қызмет етеді. Жалақорлық, біреуге ор қазу, түбінде өзін жарға жығады. Арамызда арандатушы жүр, абай болайық ағайын! Туған халқымыздың жоғын жоқтап, сол жолда жан аямай еңбек етіп, күресіп келе жатқан асылдарымызды, азаматымызды қадірлей білейік жұртым! Мұндай жалақорлар ХХ ғасыр басында да болған. Коммунист әпербақандар ұлт үшін туған  Алаштың асыл текті дегдарларына да «Жапон шпионы» деп негізсіз жала жапқанын тарихтан жақсы білеміз. Соның кесірінен, мыңдаған Алаш арыстары репрессияға ұшырағанын Сіз бен біз ұмыта қойған жоқпыз. Бұл тарихтың бізге ұғындырар ащы сабағы. Ал С.Бияши Мұхтар Шахановты, Нәбижан Мұхаметқанды, Абзал Құспанды, Ахметбек Нұрсиланы, Омарәлі Әділбекті, Дүкен Мәсімханды, Рақым Айыпты, Сәуле Әбілдаханды, Серік Мұратханды,  Аятжан Ахметжанды, тағы да басқа жүздеген-мыңдаған ұлттың адал перзенттерін  «қытай шпионы» деп жар салып жүргеніне үш жылдан асып барады. Бұлардың бәрі ел үшін еселі еңбек етіп жүрген,  қоғамда орны бар, жұртқа сыйлы азаматтар. Олардың бірі әдебиетке еңбек сіңірсе, енді бірі ғылым саласында, тағы бірі бизнес саласында тер төгіп жүр, ал енді бірі оқу-ағартуды алға сүйресе, тағы біреулері журналистика, құқық саласы бойынша еліне адал қызмет етіп келеді. Ешқайсысы анау жалақор антұрған сияқты ерігіп, көпіріп жүрген жоқ. Сондықтан, оң мен солды, жақсы мен жаманды ажыратып, жан-жаққа ғылыми көзбен қарап үйренейік ағайын!

С.Бияши өзінің осы жолғы видеооттамасында «Дүкен Мәсімханның орны парламент емес, түрме. Ол қылмыскер» деп сандырақтапты. Оның айтқанының бәрінің түп-түгел жала екенін жоғарыда дәлелдедік.

Халқымызда «өз басындағы боқты көрмей, кісі басындағы шоқты көріпті» деген мақал бар. Осы мақал дәл осы дұңғантекті бүлікшіге арналып айтылғандай. Қане, Серікжан Бияшидің бір басындағы қылмыстарын санамалап көрейікші:

  1. Қытайдағы қандастар арасына вахабистік, діни экстремистік үгіт-насихат жүргізіп, олардың жаппай түрмеге  жабылуына себепкер болуы;
  2. «Қытайдағы қазақтардың 15-40 жас аралығындағы қыздары мен әйелдерінің қытайлар тарапынан зорланбағаны қалған жоқ» деп миллиондаған қазақ қыздарының ар-намысын аяққа таптауы;
  3. Қазақтың ақын-жазушыларын «олар сасық көзендер, көр тышқандар» деп қорлауы;
  4. Көптеген белгілі тұлғаларға «қытайшыл, қытайдың жансызы, ұлт сатқыны» деп негізсіз жала жабуы;
  5. Қасиетті көк туымызды «көк дамбал» деп еліміздің рәміздер туралы заңын аяққа таптауы;
  6. Өнер адамдарын (оның ішінде әнші-күйші қыздарымызды) жезөкшеге теңеп, біреуден бір бала туып алғаннан кейін «халық қатыны болып кетеді» деп ар-намыстарын қорлауы;
  7. Қазақстандағы ұйғырлардың жиынында оларды ашық жихадқа шақыруы;
  8. Әлеуметтік желі бетінде «Ер Төстік» (бұдан да басқа фейк аттары жетерлік) деген фейк атпен аузына келгенін айтып белгілі тұлғаларды масқаралауы;
  9. Әлеуметтік желі бетінде «Ер Төстік» деген фейк атпен Елбасы Н.Ә.Назарбаевты «қалмақ шал» деп масқаралауы;
  10. Заңсыз ұйымға басшылық етіп, сол арқылы халықтан қаржы жинап оны жеке мақсатына пайдалануы;
  11. Қытайдағы ұйғырларды көшіріп әкеліп, азаматтық, жер беру керек деп ұлтараздықтың отын қоздыруы;

(тізе берсек әлі көп, қазірше осымен тоқтай тұрайық)

Осыншама қылмысқа белшесінен батқан адам бір уақ тәубесіне келудің орнына, тағы да жазықсыз жанға жала жауып, жақсының жағасынан алып жүргеніне қарап, мүмкін бұл шынымен де псих-ауру шығар деген қорытындыға келіп отырмыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін академик Сейіт Қасқабасовтың Д. Мәсімханұлы жөнінде жазған «Азамат» атты мақаласынан үзінді келтіріп аяқтайық. «Атамыз қазақта «Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір басқа. Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір басқа», - деген аталы ұғым бар. Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ «Отаным!» деп алып-ұшып елге жеткен, ата жұртына оралған 20 жылдан бері еліміздің рухани түлеуі мен дамуы жолында жан аямай еңбек етіп келе жатқан Д.Мәсімханұлы халқымыздың ұғымындағы «Азамат» деген атқа әбден лайық деп ойлаймын. Дүкен бауырыма алдағы уақытта да ерен еңбегіңмен еліңді қуанта бер демекпін».

Біздің де тілек осы. «Елім!» деп еңіреп жүрген азаматтарымызға негізсіз жала жауып, ел ішіне іріткі салып жүрген жат пиғылды сұмырайлардан сақ болайық ағайын.

   Құрманғазы Жұмағұл

Ақын, журналист

(Автор пікірі редакция көзқарасына

 сай келмеуі мүмкін)

Пікірлер