Праймериз қатысушысы: Бізде екі мемлекеттік тіл бар

4187
Adyrna.kz Telegram

Екібастұз қаласында праймеризге қатысушы, жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Марал Карагесекованың Мемлекеттік тіл туралы пікірі жұртшылықтың ашуын туғызды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Аталған мекеме басшысы қолдаушыларымен бірге өткен дебатта бір пікірінде: "Негізінде, бізде екі мемлекеттік тіл бар" деп салды түйеден түскендей. Өзі білдей бір мекеме басшысы болғанымен қоймай, праймеризге қатысушы екенін де ескермей бұлай көсіле, кесе сөйлеуі - әлеуметтік желі қолданушыларының қарсылығына тап болды.

Жарқынбек Амантай есімді керекулік журналист жеке парақшасына: "Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар! Маңызды бір мекемені басқаратын адамның сөзі осындай болса, масқара! Шара қолдануды талап етеміз!" деп жазды.

Ал, Жанаргүл Қадырова есімді желі қолданушысы: "Мынадай саяси сауатсыз адам мемлекеттік органда, яғни, жастар бастамаларын дамыту орталығы басшысының орынтағында неге отырады? Мұндайлар қоғам үшін қауіпті! Орнынан кетсін, тілімізді мазақ қылмай!", деп пікір қалдырыпты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тіл туралы Заңын менсінбей, жұрт алдында ауызына келгенді айта беретін азаматтың басшылық орында отырып, қоғам наразылығын тудыруына не себеп?

Бұның жауабын алдағы күндерде іздейтін боламыз.

 

Пікірлер