Несіпбек Айтұлы. Бостандықтың бір тал шашы түсер болса егер де

3672
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, яғни 22 қыркүйек - қазақтың танымал эпик ақыны, нәзік те сыршыл жыр кітаптары арқылы оқырман жүрегін баураған, халыққа танымал көптеген ән текстерінің авторы Несіпбек Айтұлының туған күні. "Адырна" Ұлттық порталының ұжымы ақынды туған күнімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейді.

Назарларыңызға ақынның әр жылдары жазған топтама өлеңдерін ұсынамыз.

 

Азаттығым

Атажұрттың қазығына байланған соң кіндігім,

Арқандаулы арық аттай шырайналған тірлігім.

Таң атқаннан күн батқанша өз басымен әуіре,

Арпалысқан бұл жалғанда ұғып жатыр кімді-кім?

 

Қанатымды шаңға малып тіршіліктің қамы үшін,

Тауық та бір, мен де бірмін теріп жеген тарысын.

Бостандықтың бір тал шашы түсер болса егер де,

Қынабынан суырылар қылшылдаған намысым!

 

Жеткен жан жоқ қуғанменен сұм дүние шетіне,

Пәни менен бақи барда бөлінесің екіге.

Азаттығым, тиер болса суық ызғар бетіңе,

Жүрегімді қалқан етем соққан желдің өтіне!

Ұлы қайғы

Өмір өтті арпалыспен, тартыспен,

Кездерім көп артық кеткен, кем түскен.

Бабалардан – маған дейін ұласқан,

Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен.

 

Қасіреттен қаны қайнап қарайған,

Күн астында күңіренген талай жан.

Бізден асып болашаққа жалғасар,

Қалған қайғы Әлішерден, Абайдан.

 

Ұлы қайғы жанымды жеп жегідей,

Жеті түнде ұлиды кеп бөрідей.

Тірлігіме сонда қатты налимын,

Иттің тісі жырымдаған терідей.

Налыма бекер

Аймалап шуақ маңдайын өпсе,

Түнерген жартас жадырар.

Тамыры сусап, таңдайы кепсе,

Жапырақ біткен жабығар.

 

Жабырқап, жұртым, налыма бекер,

Мейірімге шөлің қанбаса.

Алланың нұры бәріңе жетер,

Адамның нұры болмаса...

Асуға көз жіберсем

Айналып арман құсы қонды жерге,

Шым-шымдап шымырлайды шерлі кеуде.

Асуға көз жіберсем – қарлы боран,

Көк тайғақ, қия беткей келдік өрге.

 

Жоқ шығар таусылмас жол, таймас табан,

Артықпыз алдыңғы өткен қай қасқадан?

Не керек көп алдында кердең басып,

Болмасақ серке құрлы қой бастаған...

Тіліңнен у тамшылар

Аспан асты ашықта,

Көзіңді сал қашыққа.

Қарауытса көкжиек,

Түн келеді, асықпа.

Күйбеңдеген тұрмыста,

Түн ұзарса, күн қысқа.

Көргенің көп болғанмен,

Көңілде жоқ бір нұсқа.

«Өгіз аттай желмейді,

Өткен қайта келмейді».

Тас санасаң, құм санап,

Заман ырық бермейді.

Тағдыр дәйім күшінде,

Қасарысқан пішінде.

Бірге өлгенің өзің де,

Арман өлсе ішіңде.

Айтсаң ғана зар шығар,

Тіліңнен у тамшылар.

Тән шыдаса шыдар – ау,

Қайтып бірақ жан шыдар?!

ШӘКІРГЕ СОҢҒЫ САУАЛ

Армысың, асыл киелім,

Өзегі алтын жүйелім.

Еңкейе бермес өзгеге,

Басымды саған иемін.

Ағытсаң жырдың тиегін,

Арынды, ақпа күй едің.

Тілеген жерден табылған,

Табиғат тартқан сый едің.

Дегбіріңді алған дертіңнің

Дауасын таппай күйемін.

Өркеші атан түйенің,

Емшегі мама биенің,

Семгендей шөгіп қалдың ба,

Сықырлап тозған сүйегің?

Өзіңе өзің би едің,

Жапанға жалғыз ие едің.

Шыңғыстың шыңы болмаса,

Арқаңды кімге сүйедің?

Ішінен шыққан аппағым,

Қазандай қара күйенің.

Қалтылдай басып тұрсың ба

Құлама жардың жиегін?

Өледі екен хас тұлпар,

Ернеуге сүйеп иегін.

Толтырған бар ма айтсаңшы,

Тағдырдың тажал бүйенін?

Бұдыры болат бедерлім,

Бағасы қымбат беделдім.

Қарасы өшсе төбеңнің,

Көзімнің жасын төгермін.

Сұқсырдай судан суырылған,

Толқынның төсін сөгермін.

Кімдерді қалай қылмағы,

Қолыңда Тәңір шебердің.

Шоқтығы биік көк шоқы,

Мұжылып, міне, көнердің.

Жұртында қалған көненің,

Қаңқасы едің өнердің.

Айналсаң желге шаңдатып,

Тоқымын қақтың кемердің.

Аспанды кезсең ақ бұлттай,

Асқарға барып бөгелдің.

Оралсаң жерге опық жеп,

Кейпіне кірдің шөгелдің.

Сен де бір кезбе диуана,

Дәм-тұзын татқан көп елдің.

Үкідей ұштың үлпілдеп,

Үстінен сансыз белеңнің.

Адырдан оппа кез келсе,

Аранын жаптың тереңнің.

Үмітті қуып қаңғырдың,

Ұшында кеткен жебеңнің.

Сағымдай ағып сандалып,

Жүргенде, айтшы, не көрдің?

Соңыңа жастан мен ердім,

Соқпаққа түсіп жөнелдім.

Жебелей жортқан көк бөрі,

Сүргінге салсаң, желермін.

Желмая болсаң, жеделмін,

Жер түбін шолып келермін.

Бөртеден шыққан боз болсаң,

Қасқадан туған төбелмін.

Бедеудің белін талдырсаң,

Діңкесін құрттым көбеңнің.

Асырып бұдан не дермін,

Артымды шаңға көмермін.

Атамды айтып кайтейін,

Батаңды алып көгердім.

Ақиқат жолын нұсқашы,

Оғындай түзу береннің.

Жымына тұяқ ілдірмей

Жоғары менен төменнің,

Дулат пен Ақтанбердінің

Кенішін тауып кенелдің.

Шыңырауын көмген шегеннің,

Бұғатын бұзған бөгеннің,

Дауыл кеп діңін шайқады,

Ұялы бұтақ еменнің.

Жанардан жасың бұршақтап,

Көзінен өттің тебеннің.

Бағылан мойын желкеңді

Бұршағы қиды көгеннің.

Бұлауға түскен тобандай,

Бейнет пен сорға бөлендің.

Заманың сиқын танытты,

Меңіреу, мылқау, кереңнің.

Шалқыған көлің тартылып,

Қаңсыған шөлдей кебердің.

Шеңгелі бүріп ішіңді,

Шорланып қатқан шеменнің,

Қобызын тарттың күңіреніп,

Қапаста қайғы жегеннің.

Құтыла қалсаң кісеннен ,

Сәтінде алаң-елеңнің,

Шыға алмай шарлап шетіне

Опасыз дүние дегеннің,

Астыңа мінген ақ атан,

Апарып тасқа шөгердің.

Айтшы, сен сонда не көрдің?

Үркектей қарап алдыға,

Үмітті кері шегердің.

Сен сенбей кеткен жалғанға,

Иланып қалай сенермін?

Сен көнбей кеткен құрыққа,

Жуасып қалай көнермін?

Сен тәрк еткен арбаның

Дәртесін мен де тебермін.

Жанымды қоймас келер күн,

Қарыздың құнын төлермін.

Сен жұтқан удың жұғынын,

Мен-дағы жұтып өлермін.

Тізгінін тұлдыр пәнидің

Артқыға мен де берермін.

Керегем кедей – басқұр жоқ,

Өнегем өгей – дәстүр жоқ.

Қорадан тартар қойымды,

Аңдыған дүлей – қасқыр көп.

Амалын айтып кетпесең,

Көлденең тұр ғой кедергім.

Соңыңнан жетсем жұрдай боп,

Мақшарда саған не дермін?..

Ей, тағдырым

Аспанымда күнім жайнап тұрғанда,

Ей, тағдырым, тас түнерме, тұлданба!

Шапағаттың шуағына шомылдыр,

Жаным жылап, жанарға жас тұнғанда.

Мұңын шағар мұңлық біткен тіл барда,

Құлақ қайсы оны бірақ тыңдарға?

Бозторғайды боршалаған қырғидай,

Жүрегімді жұлмалатпа сұмдарға.

Жүгімді артып жылжып өткен жылдарға,

Сынаптайын сырғып кетсем сын бар ма?

Орал тауын он айналып еңіреп,

Алтай тауын алты айналып тынғанда.

Жарылқарын өзі білер кімді Алла,

Құтқарарда қайғыдан да, мұңнан да.

Болмай ма екен тарыққанда бір тілек,

Құлақ кесті, қара табан құлдан да.

Көне қорғаннан табылған тас босағадағы жазу

Ей, жолаушы, жолың болсын әлдеқайда асыққан,

Сыңайың бар суыт жүріп, келе жатқан қашықтан.

Жортқан жанға бұйырады түзден ғана ырыздық,

Сәл аялдап, дәм татып кет, мынау қара лашықтан.

Тіршіліктің мұндай сәті келе бермес ұдайы,

Атыңнан түс, беліңді шеш, қонағым бол құдайы.

Пенде тұр ғой мейманына қызмет еткен пайғамбар,

Бәйек болып, мың бүгіліп, зыр жүгіріп жұбайы.

Көкшолақпен көктей өтіп қазақтың кең даласын,

Алды-артыңа қарамастан, қайда шауып барасың?

Мына жолдың бас-аяғын көзбен көрген ешкім жоқ,

Мәңгі-бақи сабылдырған адамзаттың баласын.

Күймесіне қоңыраулатып қос арғымақ жеккеннің,

Осы жолмен құйындатып өткендерін көп көрдім.

Жаяу қалып бір-біріне жете алмаған мұңлықтар,

Зар жылаған сәлем жолдап қанатынан кептердің.

Атың арып, тоның тозып сергелдеңге түстің бе,

Шалдыққанда, шөл қысқанда сусын тауып іштің бе?

Таңырқама қаны бұзық қарақшыға кезіксең,

Өмір деген қатері көп күре жолдың үстінде.

Барар жерге аман-есен тірегенше ат басын,

Көлденеңнің қырсығынан Тәңір өзі сақтасын.

Бәле-жала байқамасаң балағыңнан кіреді,

Қоржыныңда ширатылып шұбар жылан жатпасын.

Тиянақсыз бұл ғұмырда тағдыр бәрін билемек,

Қайыршы да жолға шығар құр сүлдерін сүйрелеп.

Айдалада домаланып басы қалған талайдың,

Сақалына құжынаған шыбын-шіркей үймелеп.

Сенделгенше сағым қуып сүрлеу-соқпақ ізбенен,

Сұхбат құрып, көңіл көтер біразырақ бізбенен.

Сен ғана емес жұмбақ сырлы, жолы қиын жалғанда,

Диуанадай дүние кезіп, дәтке қуат іздеген.

 

Автор туралы: Несіпбек Айтұлы  -  1950 жылы  Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012ж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), «Парасат» орденінің иегері(2004). Таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан  (2015 ж.) жарық көрген эпик ақын.
«Бас сүйектері» (1976), «Жасынның сынығы» (1977), «Найзағай» (1978), «Жүректегі жаңғырықтар» (1979) поэмалары кезінде «Жалын» альманахы жариялаған Республикалық конкурстардың жүлделерін, «Мұхтар мен Абыз» толғауы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін алған. «Мұқағали-Желтоқсан» поэмасы 2001 жылы Республикалық әдеби конкурстың жүлдесіне ие болса, «Бәйтерек» поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланды. 2004 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған Республикалық патриоттық әндер конкурсының Бас жүлдегері.«Бәйтерек»(2003), «Көз жасым» таңдамалы (2006), «Бөрітостаған» (2007), «Ерлікке ескерткіш»(2008), «Сардар»(2008), «Құланойнақ»(2009), «Арқатірек»(2010), «Наурызбай»(2011), «Ту»(2012), «Сарайымнан шыққан сөз»(2014), «Дариға, дәурен»(2018), т.б. кітаптары жарық көрді.

 

 

Пікірлер