Қазақстанның Ресеймен жаңа әскери келісімшарты: ол не туралы

1000

Әскери ынтымақтастық туралы келісімшарттың жобасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауына жіберілді

"Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа қол қою туралы" жарлық жобасы "Ашық НҚА" платформасында жарияланды.

Ол 1994 жылдың 28 наурызындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы келісімшарттың орнына әзірленді, сондықтан қорғаныс министрліктеріне қатысты мәселелер бойынша елдердің өзара ықпалдастығын дамытып, жандандыруы тиіс.

Жарлық жобасы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1992 жылдың 25 мамырындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімшарттың және 2013 жылдың 11 қарашасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісімшарттың ережелеріне негізделген.

Оның негізгі қағидаттары – одақтастық және стратегиялық серіктестік, мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, шекаралардың мызғымастығы, дауларды бейбіт жолмен шешу және күш қолданбау, тең құқықтық пен ішкі істерге араласпау қағидаттары, делінген жарлықтың кіріспе бөлімінде.

Жаңа әскери келісімшарт нені реттейді?

Қазақстан мен Ресей келесі мәселелер бойынша өзара әрекеттесу туралы келісімге келді:

  • тараптардың бірі жүгінген жағдайда, тараптардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскерлерді (күштерді) пайдалануды бірлесіп жоспарлау;
  • тараптардың бірі жүгінген жағдайда, аймақтық қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерге бірлесе қарсы тұру;
  • жедел және жауынгерлік дайындық;
  • әскери білім және ғылым;
  • терроризмге қарсы іс-қимыл;
  • бітімгершілік қызмет;
  • тараптардың өз аумағындағы әскери құрамаларының қызметін қамтамасыз ету,  әскерлердің (күштердің) қызметі және оларды жан-жақты қолдау;
  • екіжақты құқықтық келісімшарт базасын жетілдіру;
  • тараптардың әскери делегацияларының халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуы аясындағы өзара іс-қимылы;
  • мемлекеттік құпияны сақтау;
  • мәдениет және спорт.

Осы келісімшарт аясында Қазақстан мен Ресей әскери саладағы стратегиялық серіктестіктің  үш жылдық кезеңге арналған бағдарламасын әзірлейді.

Тараптарға қандай міндет жүктеледі?

Келісімшартта тараптардың әскери барлау саласындағы ынтымақтастығы көрсетілген, бірақ тараптардың әрқайсысы қарсы тарапқа бағытталатын барлау қызметін жүзеге асырмауға міндеттеледі. Тараптардың формасы мен мазмұнына қарамастан, осы келісімшарт шеңберінде бір-біріне берген кез келген ақпараты басқа тарапқа зиян келтіру мақсатында пайдаланылмауы қажет.

Бұл келісімшарттың басқа мемлекеттерге қарсы бағытталмағандығы және тараптардың басқа халықаралық келісімшарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне әсер етпейтіндігі аталып өткен.

Sputniknews.kz

Пікірлер
Редакция таңдауы