Шыдамның да шегі бар, Жамалов Халел мырза!

1553

Атырау облысы, Жылыой ауданының халқынан маза кетті. Көктемнен бері созылған карантин жұрттың күнкөрісін тұралатып, әбден қиындатқан. Осыған байланысты аудан халқы Facebook-тағы «Айтарым бар» тобында әкім Халел ЖАМАЛОВҚА үндеу тастап, мәселені шешіп беруді сұрады.

 Карантинге байланысты «Теңіз» мұнай- газ өндіру кен орнында сәуір айынан бері жұмыс тоқтады. Сәуір, мамыр, маусым айларында кейбір мекемелер жұмысшыларына жалақы төлеген. Ал соңғы үш айдан бері бұл ауданның жұмысшылар не айлық жоқ, не жұмыс жоқ дағдарып отырған жайы бар. Осыған байланысты «Айтарым бар» тобында үндеу тастаған Сарман МӘЛІКТІҢ  жазуынша, «Теңізде» жұмыс істеу - түбінде өмір сүріп жатқан елдімекен тұрғындарына бұйыра бермейтін көрінеді.

«Халық қашанғы жұмыссыз жүре бермек. Қай топты оқысаң да, жергіліктілерді алмайды «Теңізге», басқа жақтардан келіп жұмыс істеп  жатқандар деп күйініп айтып отырғандар бар. Расында, неге жергіліктілер өз жерімізде өз «Теңізімізге»  жұмысқа кіре алмаймыз, неліктен?

Басқа жақтағылар қалай жұмысқа кіріп жатыр, бұл жерде жемқорлық орын алып тұрған сыңайлы емес пе, деген ой келеді.

Жұмыссыз жергіліктілердің беретін ақшалары жоқ, сондықтан жұмысқа шақырмай ма? Бұл қалай болғаны, маңдайымыз тіреліп тұрған «Теңізге» неге  жұмысқа бара алмаймыз?

Мен аудан əкімдігінің қабылдауына кіргенімде де, осы мəселені қозғаған болатынмын.

«Шешіледі, жергіліктілерді орналастыратын боламыз» деген құр уəделеріңізді халықты алдарқатқандай неге айттыңыздар!

Аудан басшысының осындай келеңсіздікті жоюына не кедергі келтіріп тұр?

Қашанғы күтуге болады?» - деп жазады Сарман Мәлік.

Мұнай-газ өндіретін «Теңіз» кен орнына сол аймақта тұратын азаматтарды жұмысқа алмаудың астарында не жатыр? Алып кен орнының түбінде тұратын  халық жоқ-жітіктен зардап шегіп жатқанда, осы ауданның әкімі не себептен бұл мәселені шешуге ат салыспайды?

«Жұмыс керек, отбасымыздың күнкөрісі нашарлады» деп шырылдаған Жылыой ауданы халқының жанайқайын естір құлақ табылып, көмек қолы созыла ма? Аудан халқының әкім Жамалов Халел мырзадан сұрайтыны -  «Теңіздегі» жұмысына азаматтар қайта оралса және «Теңіздегі» жұмысқа ең алдымен осы жердегі азаматтар алынса деген өтініш. Жергілікті билік өкілдері халқының сұрауы мен үндеуін назардан тыс қалдырмайды деп сенеміз.

 

Мұхит ШОҚАН,

«Адырна» ұлттық порталы.   

Фото ашық дереккөзден алынды

Пікірлер
Редакция таңдауы