Ипподромды көшіру кімге тиімді?

594

Жуырда "BI Group" компаниясы Шымкент қаласы әкімшілігіне қазіргі ипподромды қаланың сыртына көшіріп, орнына заманауи тұрғын үй кешенін салу бойынша ұсынысын жариялаған еді. Сол күннен бастап ипподром мәселесі халықтың пікірін екіге бөлді.

Бір тарабы қарсылық білдіріп, құрылыстың қала экологиясына кері әсері болатынын алға тартса, екінші жақ – инвестициялық жобаның қала экономикасына оң әсер беретінін айтып қолдауда.
Осы мәселеге байланысты қаланың әрбір тұрғыны салыстырмалы түрде шешім қабылдауы үшін, бейтараптықпен жасаған төмендегі зерттеуімді жариялауды жөн көрдім.

Экологияға әсері

Әрбір қаланың экологиясы – ең басты құндылықтарының бірі екендігі даусыз. Сондықтан құрылыс нысандары салынарда қаланың экологиясына әсері жайлы, арнайы сала мамандарының зерттеулері ескерілуі қажет деп есептеймін. Эколог мамандардан сұрастыра отырып анықтағаным:
1.Қазіргі ипподром 33 гектар аумақты алып жатыр;
2. 33 гектар жердің 1,5 гектары жасыл желекті алқап;
3. Бір адамның оттегіні күндік тұтыну мөлшері шамамен 600 литр.

Демек қазіргі ипподромдағы жасыл желектің бөлетін оттегісі бір күнде 150 адамның ғана қажеттілігін өтей алады. Жер асты қойнауы да зерттеліп, ешқандай қазба байлығы жоқтығы анықталған. 30 метр тереңдікке дейін жер асты суы жоқ.

Инвестициялық жоба 

Алдымен «инвестиция дегеніміз не» деген сұраққа жауап берсек. (Өйткені кейбір азаматтар инвестиция мен бюджет қаржысын әлі күнге ажырата алмай жүр – авт.)
Инвестиция – бір тұлғаның, топтың, не компаниялардың белгілі бір жобаларға өз қаржысын құюы. Бұл жерде халықтың қаржысына (бюджетке) ешқандай қатысы жоқ.

"BI Group" компаниясының ұсынған 5 жылға арналған инвестициялық жобасы:
- 6000 пәтерлі тұрғын үй салу;
- бизнеске арналған 150 нысан салу.
Бұларға 122 миллиард теңге жұмсалады.

Қалалық әкімшіліктің құзырына берілетін нысандар:
1.Жаңа ипподром – 2 млрд т;
2.Жаңа мектеп (1500 орындық) – 5 млрд т;
3.Жаңа емхана (200 адамдық) – 1,7 млрд т;
Әлеуметтік инфроқұрылымына
Үлкен плейхаб (ойын алаңы,ауланы көгалдандыру, ағаштар 20 га – авт.) – 13 млрд т.
Барлығын қосқанда 135 млрд теңге жұмсалады.

Осы қаржының 40 млрд теңгесі, яғни 30 пайызы жұмысшылардың ақысына, 94 млрд теңгесі (70 %) құрылыс заттарына жұмсалады.

Енді таразыға салып көрейік.

Ипподромның қазіргі көгалдандырылған жері 1,5-2 гектар аумақты алып жатыр. Ал құрылыс біткенде мұндай жер 20 гектарға жетеді.

Оттегімен күндік қамтамасыз етуі:
1)Қазір – 150 адам;
2)Құрылыс аяқталғанда 1500 адам.

Инвестиция жоба бойынша 6000 пәтермен қамтамасыз етеді. Бұл пәтерлердің:
- 70%-ы комфорт;
- 30%-ы бизнес санатына жатады

- 8000 адам 5 жыл бойы тікелей сол жерде тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
- 20-25 мың адам осы құрылысқа керекті материалдарды өндіруге, тасымалдауға т.б. жұмыс жасайды.

Бастапқыда 70% құрылыс заттары жергілікті өндірушілерден алынады.
Бұл дегеніміз – 65-75 млрд теңге жергілікті өндірушілердің қазынасына түседі деген сөз.
Тұрақты жұмысшылардың айлық табысы 120 000 - 500 000 аралығында болады.

Жоба толық аяқталғанда:
1) жаңа ипподром;
2) 1500 орындық жаңа мектеп;
3) 200 адамдық жаңа емхана;
4) Үлкен плейхаб ойын алаңы;
5) 20 га көгалдандырылған аумақ пайлануға беріледі.

2500 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 1000 адам офистік кеңселерде жұмыс жасайды.
Қала бюджетіне қосымша 15 млрд теңге кіріс кіреді (салықтан – авт.).
Осы қаржыға он парк салып алуға болады.

Өзімнің қорытынды таңдауым

Шаңы шығып жатқан, қала тұрғындарына экологиялық та, экономикалық та ешқандай пайдасы жоқ (қазіргі ахуалында пайдасы жоқ деуге әбден болады - авт.), жылына екі рет ат жарыс пен көкпар, бір рет Наурыз тойланатын бұл ипподромнан, 30 000 халықты 5 жыл жұмыспен қамтып, қаламызға мегаполиске лайық көрік беретін құрылыс пен бизнес нысандарының болғанын артық көремін.

Осы орайда қарсы тараптағы ұсынып жүрген жобаларды да зерттеп көргенімді айта кетейін. Ол жерде де кафе-ресторандар, сауда орындары бар екен. Демек олардың егелері құрылыс салуы үшін, алдымен мемлекеттік акті алуы керек болады. Ол дегеніміз – жерін бәрібір біреулерге сатып жіберуі мүмкін.
Біздің жергілікті "элитамыздың" бар қиялдарының жеткен жерлері тойхана мен кафе-ресторан, дүкен соғуға дейін ғана жететінін ескерсек, елге ұсынып жүрген жоба архитекторларына "желдің қайдан" соғып жатқанында тұспалдауға болатын сияқты.

Әдетте кез-келген қаланың дамушы қала екендігінің белгісі болып, қосымша-жанама инвестициялардың ағымын бұрушы құбылыстардың бірі – әсем де көрікті, биік те ерекше ғимараттар болып келеді (Куала-Лумпур, Дубай т.б – авт.).
Сондықтан да осындай заманауи көрікті ғимараттарға инвестиция салу арқылы қаланың экономикасының дамуына серпін беретін жобалардың көп болғанын қалаймын.

Мысалы, қаладағы байлардың әрбірінің Нұр-Сұлтан мен Алматыда үйлері бар. Кез-келген осы қаланың тұрғыны байыса, сол жақтан үй алары хақ. Өйткені ол жақты дамушы өңір ретінде көреді. Және алғаным үшін ешқашан ұтылмаймын деп ойлайды. Оларға сондай сенім беретін күш – сол қаланың дамушы қала екендігінің әлгіндей "символдары".
Бұған қосымша бай кәсіпкерлер осында жиған қаржыларын сол қалалардың экономикасына салады. Яғни Шымкенттің қаржысы үнемі басқа қалаларға ағумен болады.
Жадыларыңызда болсын!
Қаржының басым бөлігі қалталы азаматтарда. Солардың қаржысы қай қалаға құйылады, сол қала дами бастайды. Немесе қай қала қалталы азаматтардың қаржысын өздеріне бұра алса, сол қаланың дами түсетініне шүбәңіз болмасын.
Бұл жоба осындай үрдістің бастамасы болса деп үміттенемін.
Алдыға стратегиялық жоспарларды ойлап, келе жатқан үлкен кризисті ескерсек, құрылыс нысанына алдағы 5 жылда 30 000 отбасыны "аштан өлтірмейтін" мүмкіндіктің бірі ретінде қарауға болады.

Пандемия басталғалы қаламызда жарты миллиондай адам тұрақты жұмысынан айрылғанын ескерсек, осындай қиын кезеңде экономикаға экологияны қарсы қоюшыларға айтарым: ораза-намаз тоқтықта!

 

Рүстем Әшетаев,
журналист

Пікірлер
Редакция таңдауы