Ахмет Байтұрсынұлының өмірі құжат деректері негізінде

5730
Adyrna.kz Telegram

"...Жүрегіне әз-ұлты үшін білім нұрды жинаған,

Кеудесіне сар даланың ұлылығын жинаған,

Жинағанын жомарттықпен өз халқына сыйлаған,

Сонда-дағы өз халқының маңдайына сыймаған...

Қасиетті, о, өр-тұлға, жан Ахаң!

Қауыштың-ау, қауыштың-ау, халқыңменен,

Оған-дағы мың тәуба!!!" - деп, Алаш көсемінің өмірі мен шығармашылығы туралы ізденісім алғаш басталғанда жазылған толғаныс еді.

Бұл 7 жол шумақты тарихи тұлғаның қилы тағдырына арналған "ҒАСЫР САҢЛАҒЫ..." атты кітабымның беташары ретінде бергенмін.

Енді осы әлеужеліде кітаптың алғашқы тарауын бөліп-бөліп ұсынатын боламын.

****

І.1. Өмірбаяндық деректер

Ахмет Байтұрсынұлы 1872-ші жылы қыркүйек айының 5-і күні Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ші ауылына қарасты Сарытүбек елдімекеніндегі дәулетті отбасында дүниеге келген [1, 2, 3, 4, 5]. Торғай даласы – қазақтың кең байтақ өлкесінің әлқиссадан әйгілі, әрі атақты жерлерінің бірі. Негізінен, бұл атау сол өңірдегі Торғай өзенінің атымен байланысты қойылған болуы керек. Торғай аңғары – Сарыарқаның оңтүстік-батысындағы Ұлытаудан бастау алып, су жылымығы Шалқардың сорына барып құяды. Ел ішіндегілер «...Қараторғай, Сарыторғай, Ұлыжыланшық» деген атауларға ие болған Торғай аңғарынының ұзындығы көл-көсір, су аяғы құрдымға құлайды» дейді екен. Осы ежелден киелі мекен Торғай атауының мәртебесі де адамзат өміріндегі әр түрлі қоғамның ауысуына орай, әрқалай өзгертіліп отырғаны тарихи деректерден белгілі.

Мемлекеттік мұрағаттардағы тарихи жылнамалық мәліметтерді негізге алсақ, алмағайып қазақ жері орыс патшалығына тәуелді болған тұста, осы Арқа даласында 1868-ші жылы «Торғай уезі» құрылып, ол уездік қала атанып, облыстық мәртебеге ие болған. Ал Кеңес үкіметі кезінде «Торғай қаласы» деп, одан «аудан» болып өзгертілген екен. Одақтас республикаларға кіндік үкімет Мәскеуден билік жүргізілген кезеңде, осы 5-ші ауылға «Южный» деген орысша атау берілген. Жаңа атауға ие болған ауыл совхоз болып ұйымдастырылып, әрі шаруашылығы кеңейтіліп, мұнда байырғы қазақ жұртымен қатар, өзге ұлт өкілдері де қоныстандырылады. Бірақ, нағыз қазақы ауылды, қазақы ортаны жерсінбеген «жат жұрттықтар» бұл өлкеде ұзақ тұрақтамайды. Бір ғажабы, осы момақан ауыл сексенінші жылдардың соңына дейін одақтан «олжалаған» орысша атауын қалтқысыз сақтап келді. Тек берегіректе, 1990-шы жылы ақпанның 26-сы күні Қазақ КСР-і Үкіметінің №78-ші қаулысымен совхозға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді [6]. Қаулыда мұнан басқа: «Көрнекті мәдениет қайраткері, ағартушы, ғалым-лингвист Ахмет Байтұрсынұлының есімін ұрпақтардың жадында мәңгі есте қалдыру мақсатында, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтына, Қостанай, Арқалық қалалары мен Торғай селосының бір-бір көшелеріне, Шымкент қаласында бір орта мектеп пен бір көшеге, Қызылорда қаласында бір орта мектеп пен бір көшеге, Семей қаласындағы бір көшеге есімін беру және ғалым қызмет жасаған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ғимаратына оның бейнесімен мемориалдық тақта ілу» жөнінде мәселелер көтеріліп, іс жүзіне асырылды. Мұндай игі шараларға негіз болған – 1988-ші жылғы қараша айының 4-і күнгі Алаш ардагері Ахаңның аяулы есімінің ақталып, халқымен қайта қауыштырған Үкіметтің шешімі болатын! [7].

Қазіргі уақытта бұл аймақ – Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай елдімекені, Ахмет Байтұрсынұлы ауылы деп аталады. Ауылға кірер жолдың қақпасына «Ахмет Байтұрсынұлы ауылы» деген маңдайша белгі қойылған. Осы елдегі Үмбетейдің қызынан туған, жиені Нұрмаханбетұлы Тоқтасын тарихи тұлғаға арнап, ақ-қызыл кірпіштен ескерткіш орнатыпты. Ескерткіштің оңтүстігінде 1926-шы жылы Ахметтің өзі басын көтерген ата-анасы Байтұрсын мен Күңші, үлкен ағасы Қалидың қорымы жатыр. Әулет қорымының батысында керіліп көз ұшыңда сағымдана көрінетін ауыл, адам алақанына сыйып кеткендей. Ал теріскей жақта Байтұрсынның кенже ұлы Мәшеннің қыстағының орны «мен мұндалап» талай тарихты бауырына басып жатқандай еріксіз өзіне тартады. Қыстаудың кең жазылған қолтығы түбек десе дегендей, ал ол коңыр күзде нағыз сары түбек. Сарытүбек… Атам қазақ қалай ат қоюға шебер десеңізші!

Заманында «ұлттың рухани көсемі» атанған прос-Ахаң тарихта есімі мәшһүр тұңғыш тархан Жәнібекпен түбі бір, текті атаның балалары. Қошқар ұлы Жәнібектің атасы – Көшей, бабасы – Шақшақ. Жәнібек пен Ахметті таратып алатын түп-тегіміз де, осы ұлы баба Шақшақтан бастау алады. Жәнібек батыр Шақшақтың шөбересі болса, ал Ахмет – Шақшақтың тоғызыншы тармақтағы үрім-бұтағы, яғни жалғасты ұрпағы [8, 9]. Ахметтің әкесі Байтұрсын бес ағайынды. Олар: Ақтас, Байтұрсын, Данияр (кейбір деректерде Сабалақ есімімен мәлім. Мұны негізінен, ғұрып бойынша жеңгелері қойған – Р.И.), Ерғазы, Ермағанбет (кейде Бермағамбет). Атасы Шошақ он ағайынды болса, бабасы Таңбай жеті ағайынды екен. Таңбайдың әкесі Аралбай бес ағайынды. Үлкен бабасы Аралбай Үмбетей батырдың бел баласы. Байсейіттен Үмбетей мен Сейтімбет туған.

Ахметтің ұлы бабасы – Үмбетей ру басына айналған үлкен ата. Байсейіт атадан жалғыз, оның әкесі Қалқаман Көшейұлы (5 ағайынды). Қалқаманның сүйегі – Арғын (6 ағайынды). Үлкен ата, ру атына айналған Арғын тайпасынан бері таратар болсақ: Арғыннан – Тәнбі сопы (5), одан – Елемес (1). Елеместен – Ермен (1), Ерменнен – Шағыр (3), одан – Аманжол (3), Аманжолдан – Шақшақ (3), Шақшақтан – Көшей (6) туған. Енді отбасылық әулет шежіресі бойынша таратсақ, Ахметтің руы – Арғын, оның ішінде Тәмбісопы болады. Кейде Тәмбісопыны Өткірсопы дейтін де деректер кездеседі. Тәмбісопыдан – Елемес, одан – Ермен, Ерменнен – Шағыр, одан – Аманжол, Аманжолдан – Шақшақ, одан – Қалқаман, Қалқаманнан – Байсейіт, Байсейіттен – Үмбетей туады [8, Б. 7-9; 9, Б. 21, 30, 34-35; 10].

Үмбетей үлкен ата, оның есімі өз заманында-ақ ру атына айналған. Яғни, ру басы, ел билеген тұлға, оның ел-жұрты Қостанайдың Науырызымы мен Торғайдың Ақкөлі аралығын мекендеген. Тарихи деректерге сүйенсек, Үмбетей – батыр. Ол қазақ елі мен қалмақтар соғысқан шайқаста қол бастаған. Батырдың некелеп алған жеті әйелі болғаны, әрі оның әр әйелінен бес-алты баласы, жиынтығы – 26 ұрпақ сүйгені жөнінде әулет шежіресінде толық қамтылған [9, Б. 17-21, 85-б.]. Осылайша Үмбетей батырдың әрбір ошағын ұстаған, осы от-аналарынан оның ұрпағы жалғасып, үрім-бұтағы Арқа өңіріне кең тарап, сонда қоныстанады. Елдегі көнекөздердің айтуынша, Үмбетей батыр 97-і жасында дүниеден өтеді. Сүйегі Қостанайға қарасты Науырызым төңірегіндегі Қарамайшы деген жерде. Артындағы ұрпақтары ұлы баба қабірінің басына құлпытас орнатып, тағзым етер кесене тұрғызған [9, 37-б., 10].

Үмбетейден – Аралбай туады, одан – Таңбай, Таңбайдан – Шошақ туған. Шошақтың баласы – Байтұрсын, Байтұрсыннан – Ахмет туған. Ахмет әке-шешеден төрт ағайынды. Оның өзінен үлкен ағалары: Қали (1868-1925) мен Кәкіш (1869-1924), кіші інісі Мәшен (1873-1930) болса, орталарында жалғыз қарындастары Зиляш 1876-шы жылы дүниеге келген [8, 8-б.]. Бір ғажабы, Зиляш Байтұрсынқызына топырақ, талайларға арман болған ару шаһар Алматыдағы әйгілі «Кеңсай» мұсылмандар зиратынан бұйырған.

Байтұрсынның кенже ұлы, қарашаңырақтың иесі Мәшеннің тауқыметті тағдыры туралы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова «...Мәшен қажының сүйегі Кереку жерінде» деген мәліметті айтқан болатын, бұл рас та болар. Өйткені, 1929-шы жылы А.Байтұрсынұлын «халық жауы» деп ұстағанда, оның жақын туыстары да қудалауға түскен. Осы тұста Мәшен қажыны өз туған елінде тұру құқынан айырған. «Мәшен Байтұрсынұлы айдауда қайтыс болған, кейін киім-кешегін қызы Шолпанға жіберген» дейді Гүлнар апай Міржақыпқызы. Өкініштісі, кейін ресми ақталғандардың қатарында Мәшен қажы болған жоқ.

Замандас әрі рухани қаламдас інісі Мұхтар Әуезов 1923-ші жылғы Ахметтің мерейтойына арналған мақаласында, оның шыққан тегі жөнінде: «...Сүйегі – Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Түбек. Ақаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты – Байтұрсын» - деген мәлімет береді [11, 18-б.]. Осындағы «Түбек» деген кісі есімінде әріптік қате кеткен болуы керек деп ойлаймыз. Өйткені, әулеттік шежіреде мұндай есім кездеспейді. Мұхтар Омарханұлы айтқан Түбек, Ахметтің аталас ағайындары ішінде Аралбайдан тарайтын Пүшек деген кісі. Пүшек пен Ахметтің арасындағы туыстық: олар үш атадан қосылатын ағайындылар.

Ахмет Байтұрсынұлының орысша өз қолымен жазған «Өмірдерегі» мен тасқа терілген «Өмірбаянындағы» мәліметтерімен қатар, басқа да мұрағаттық деректерге сүйенсек, ол 1882-1884-ші жылдары ауылдағы сауатты адамдардан, әрі көшпелі ауыл мектептерiнде 10 жасынан бастап дәрiс алған. Яғни, бала Ахметтің алғашқы тіл сындыруы қарапайым ауыл молдасының «әліпті таяқ» деп үйретуінен басталған екен. Осылайша көк аспанның астында керіліп жатқан Арқаның бетпақ сардаласындағы қазақы ауылда қазақы баланың қазақша қалыппен танымының іргетасы қалыптасқан [12]. Жалпы, қазақ жұртының қазақ даласы туралы түсінігі, өз туған жерінің, өскен ауылының өлшемімен есептелуі қалыпты табиғи құбылыс. Ал, қалада туып-өскен бала үшін «сардала» деген ұғымды көз алдына елестету мүмкін де емес. Тіпті, түсініксіз болып көрінуі әбден мүмкін. Сондықтан Ахметтей тұлғаның кіндік қаны тамған ежелгі Торғай даласының келбетін қысқаша сипаттап беруді өзімізге парыз санадық.

Торғай – еліміздің орталық аймағындағы Сарыарқаның бел ортасында орналасқан бетпақ далалардың бірі. Торғай даласы – қазақ елінің кіндігі саналатын Ұлытаумен шектеседі. Яғни, созылған сар даланың бір шеті – күншығыс жағында Жезқазғанның кең жазираларымен түйіссе, солтүстігі Ақмола, Қарағанды аумағына барып құлайды. Батысында Ақтөбенің Хромтауы қос өңірге ортақ мекен болса, оңтүстігі Қызылорданың бұйра құмымен шектесе, иін тіресіп жатыр. Бұл кең байтақ атырап алғаш көрген адамға көз тоқтамайтын ұшы-қиыры жоқ шексіз алқап сықылды. Тіпті, қу медиан, шеті жоқ шексіз көсілген дала десеңіз де болады. Ал, ауыл мен ауыл арасының алшақтығы соншалық, сарышұнақ қыс мезгілінде адамдар бір-бірімен айлап хабар-ошарсыз жататын кездері де кездеседі. Әйтеуір, ел ішінің амандығын тілеген барша жұрт, бұл өңірге кеш келетін көктемнің қары еріген шағында бір-бірімен шұрқырасып, көріседі екен.

Торғай жұртының негізгі кәсібі – аймақтың жағырафиялық ахуалына қарай, тек мал шаруашылығымен айналысады. Бұл өлкеде егін, орман шаруашылығымен айналысу сирек құбылыс... Оны ауылдың тыныс-тіршілігінен бірден аңғаруға болады. Бір ғажабы, осы көне Торғайдың сар даласында толып жатқан өзен мен көлдер көп. Көл үстінде шулаған неше түрлі әсем құстар, су ішіндегі сан алуан балықтарды қорек етеді. Көк аспанның астында керілген кең даланы қолмен отырғызғандай бидайықтың созылған сары алқабы алып жатады. Ал, жабайы жусанның иісі танауыңды қытықтап, жүрегіңе шаттық сыйлайды. Осы даланың оттығында жайылған мал да – тоқ, ол малды азық еткен жұрт та – тоқ. Табиғат ана бұл өлкенің қорғанындай, адам қолынан келетін қандай да бір қасақана жасалған қасірет болмаса, басқадан қам жемейтін жұрт та момақан.

Ахметтiң әкесі Байтұрсын 1843-ші жылы Торғайдағы ұлы Жыланшық өзенінің Ақкөлге құятын сағасының бойында дүниеге келген [8, 5-б.]. Байтұрсынның әкесі Шошақ дәулетті, ел ішінде беделді, ақылды жан болған. Ол мыңғырған малының арқасында, ауылдан алшақ жатқан қиырдағы қыш үйлерге жиі шығып, «қала өмірінен хабары болсын» деп, балаларын жанына ертіп жүреді екен. Ахметтің атасы Шошақ төрт ағайынды, оның екі ағасы – Жатай мен Кәйдек, өзінен кіші інісі – Көбек. Шошақ өмірден өткенде оның артындағы ұрпақтары оның моласының басына үлкен там тұрғызады. Бұл орын кейін үлкен әулеттің қорымына айналған. Шошақ тамының кесектері сар даланың қысқы қары мен көктем-күзгі мезгілінде толассыз жауатын жаңбыр суының шайғанына қарамастан, әлі күнге «ақшаңданып» алыстан көзге түседі [8, 8-б.; 9, Б. 35-39].

Үлкен әулет Үмбетейден тараған Шошақтың ортаншы баласы Байтұрсын Жыланшық өзенінің Ақкөлге құятын сағасын өр бойы жайлап, бәйбішесі Күңшімен бірге, туыс-ағайындарының ортасында беделді де қоңыражай күн кешеді. «Алыптан алып туады» дегендей, Байтұрсын қол бастаған бабалары: Аманжол, Шақшақ, Жәнібек, Үмбетейлерге ұқсап, бірбет әрі батыр болған деседі торғай жұрты. Ел ішінде Байтұрсын өзін өзгеге басындыра қоймайтын қасиетімен дараланған. Ол сайын далада атадан балаға мирас болып қалған Үмбетейлердің ата қонысына: жаз – жайлауда, күз – қыстауда бас-көз болып, өзі қорғаншылық еткен. Өжет мінезімен ауа жайылған мұқым ел-жұртын ұршықша дөңгелете игеріп, тұрмысқа қажетті шаруашылықты шебер жүргізеді. Оның бойынан жұртты өзіне тәнті ететін ерекше басқару қабілетін байқаған орыс оязы Байтұрсынды сол елге сардар етіп сайлайды [13]. Міне, осындай ер жүрек Байтұрсынның отбасында бала Ахмет кең дала төсінде күн мен желге қақталып, ағалары: Қали, Кәкіш және өзінен кіші інісі Мәшен, қарындасы Зиляш бауырларымен қатар өседі. Олардың жастық шағы балығы бал татыған Ақкөлдің жағасында өтеді. Ахмет кейін есейген кезінде, осы туған жерінің – «Аққұм», «Ақкөл» деген қасиетті мекендерін жырға қосып, елге деген сағынышын өлеңмен өрген...

Жаратқанның жеті күнінің қайсысы қисығынан туарын кім білген?! Қоңсы қонған әрі ағайын-туыс, үлкен ата Дәуітбайдың ұрпағы Дәуренбек Бірімжанұлымен Байтұрсынның ағасы Ақтастың арасында кикілжің туады. Ортақ мәмілеге келе алмаған ағайындардың қас-қабағы жараспай, бір-бірімен дүрдараз болады. Бұл келеңсіздік сол тұста Торғай уезін басқарып тұрған полковник Яков Петрович Яковлев деген кәрі ояздың құлағына да жетеді. «Іздегенге – сұраған» демекші, қалайда қазақтарды бір-бірімен «алауыз жасаудың» қолайлы сәтін күтіп жүрген орыс шенеунігі, ауыл арасына іріткі салып, қан қақсату үшін, маңайына жандайшаптарын ертіп, 1885-ші жылы қазан айының қара суығында Үмбетейлердің күзем-өткелі – Жыңғылдыға арнайы сапармен ат басын тірейді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Жыңғылдыға келген бетте орыс оязы Ақтасты желеу етіп, Шошақ әулетінің үлкенінен бастап, бесіктегі баласына дейін қырғидай тиеді. Полковник Яковлевтің көпе-көрнеу озбырлығына Байтұрсын шыдап тұра алмайды. Өз ауылының намысын қорғап, жазықсыз жапа шеккендерді арашалау үшін оязға қарсы тосқауылға шығады. Кеудесіне нан піскен Яковлев енді өзі сайлаған сардарын менсінбей, суық қару қолданбақ болады. Мұны байқаған Байтұрсынның бойын ашу кернеп, кенеттен қолындағы қамшысын сілтейді. Тосын соққыдан астындағы атынан ұшып түсіп, күллі жұрт алдында масқара болған оспадар басшы, ауылдың азулы да қайсар қазағының мысынан қаймығып, қасындағы жандайшаптарын ертіп, амалсыз кері қайтады. Бірақ ішіне үлкен кек түйіп қайтады... [13, 14].

Әлбетте, «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып, асығы алшасынан түсетін орыс дойырына Байтұрсынның ағасы Ақтасқа араша болып, жұрт алдында қарсылық көрсеткені қалай ұнай қойсын?! Кегі зорайған кәрі ояз қазақ аулының тағдырын «өз оңтайына» орай шешу үшін, Ырғыз бен Торғайдан келген әскери отрядтың күшімен, Байтұрсынды ағайындарымен бірге Торғайдағы абақтыға қаматады. Орыс оязы мұндай жазаға қанағаттанбай, «жығылғанға – жұдырық» дегендей, енді Шошақ әулетінің дүние-мүлкiн, қорадағы малымен қоса тәркiлейді. Соқтығыстың салдарынан Байтұрсын және оның ағасы Ақтас, інісі Данияр патша саясатының ызғарына ілініп, қуғын-сүргін ұшырайды. Туған жерден нақақтан айырылу кім-кімге де оңай соқпай, Ақтас ел ішіндегі сауатты кісілерді ортаға салып, төрешіге жүгініп, шағымданады. Оның әйелі Үбіжан да «әулеттің бас көтерер ерлерінің» амандығын тілеп, Торғайдағы өлкелік әскери губернаторға араша болуын сұрап, өтініш-хат жолдайды. Дала ережесін қаланың ақсаусақ орыс шенеуніктері қайдан ұқсын?! Әрі ортадағы түрлі сыпсыңдаған кеудемсоқтардың жымысқы саясатының салдарынан, олардың өтініштері желге ұшқандай, жол-жөнекей зымзия жұтылады...

Араға жыл салып, 1886-шы жылы Қазан қаласынан келген әскери сот Байтұрсын мен Ақтасты бiрнеше ағайындарымен қоса, «он бес жылға итжеккенге жер аудару туралы» қатал үкiм шығарады. Торғай аймақтық әскери губернатор ақ-қарасын ажыратпастан, «…Шошақов Ақтас 12-ші қазанда уезд бастығына әлімжеттік жасаған кінәсін мойындады» деп, бәле-жаланы бастарына үйіп-төгіп, бір әулеттің ошағының тас-талқанын шығарып, ойран етеді [14]. Шаңырақтың бас көтерер қожайындарынан айырылған әйелдері, шиеттей бала-шағаларымен улап-шулап қала берген. Мұндай әділетсіздікке душар болған шарасыз Байтұрсын өздерінің нақақтан-нақақ елден қуылуын, «шағымды дұрыс жеткізе алмадық-ау» деп, елді билеген «тілді» білмегеніне бармақ шайнап, опық жейді. Енді олар артында қалған бала-шағаларының бірінің қалайда орысша білім алғанын, «билеуші жұрттың тіліне» сауатты болғанын тілейді. Ағайындылар ішіндегі жолы үлкен Ақтас, арттарында қалған інісі Ерғазыға «жалғыз ұлы Аспандиярды (әулет шежіресінде Спандияр – Р.И.) орысша оқуға бер» деп аманат етеді...

Қазақта «он үште отау иесі» деген бабалардың қанатты сөзі бар. Демек, бұл жаста кешегі ойын баласының балалықпен қоштасып, ересектер санатына қосылатын кезеңі. Бала Ахмет сол қарашаның қаралы күзінде он үш жаста еді. Арада жылжып 24 жыл өткенде, тағдыр тәлкегін қараңызшы, әулетке түскен «1885-тің қасіреті» Ахметтің 37-і мүшелінде басына түсіп, ол Семейдің түрмесіне қамалады. Үйіріліп қайта соққан «қара бұлттың» қанжары, оның жүрек түкпіріндегі жарасын тырнайды. Бұл қайғы-қасірет талай жылдан бұғауланған санасына үлкен қозғау салып, адамдық намысын жаниды. Ол басына түскен қаралы сын-сағатта мүжілмейді, қайта қатая, ширыға түседі. Артындағы өзінен үміт еткен туған-туыстарына абақтыдан хат жазып, жай-күйін былайша білдіреді: «...Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам. Алданып тамағыма оны ұмытсам, Болғандай жегенімнің бәрі харам. Адамнан туып, адам ісін етпей, Ұялмай не бетіммен көрге барам?!» - деп, елде қалған анасын жұбата отырып, адамдығы алдында өзіне үлкен міндет артады [15, Б. 31-32].

Ресми «Өмірдерегінде» Ахмет: «...1885-ші жылы біздің отбасымыз бақытсыздыққа душар болды. Торғай уезінің бастығы Яковлевті ұрып-соққандықтан, әкем Байтұрсынды түрмеге отырғызып, 1886-шы жылы 15 жылға жер аударды, дүние мүлкімізді тәркіледі» - дейді [12]. Осы тағдыр-талқының әулет басына салған бақытсыздығы, оны Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қырғыз училищесіне түсуіне басты себеп болғанын жазады. Осы ресми құжатты толтыру барысында Ахметтің «ұлты» деген тұсқа «қырғыз» деп жазуының себебін таратып, шегелеп айтқанымыз жөн. Әлбетте, қазақтың қалыптасу кезеңіндегі жүйені терең білетіндер үшін ғасыр басындағы іс жүргізу ісіндегі «қырғыз» жазылымының тарихын ажырату жеңіл көрінер. Бірақ, осы күні ортамызда бұл қырғыз жазылымын «ұлты» деп түсінетін ұрпақ та кездесіп жатады. Бірде мынадай жағдай болды. Бұл 2000-шы жылдың күзі болатын. Алматы қаласындағы ғалым мұражай-үйіне Банк ісі академиясының 1-ші курс студенттері саяхат-сабаққа келді. Зал экспонаттарын қарап жүрген студенттердің бірі: «–Ахметтің ұлты қырғыз екен ғой?» - демесі бар ма?! Екіншісі: «–Жоқ, қазақ» - деді, жұлып алғандай. Алғашқысы таңданысын жасырмастан: «–Ендеше, неге мына құжатта «киргиз» деп жазған?» - деген сұрағын маған қойды. Түсіндірдім. Десе де орта мектепке арналған «Қазақстан тарихы» пәнінің оқулығында «қазақ ұлтының қалыптасуы туралы ақпараттың болмағаны ма?», әлде «мектептің жаны – мұғалім» дейтін Ахаңның айшығын қажетті талап үдесінде орындай алмай жүрміз бе деген ойға қалдым...

Шындығында, Алаш зиялыларына қатысты тарихи құжаттарды мұқият қарасаңыз, «қазақ» деген ұлт атауын оқымыстыларымыз төте жазуда (Ахаң әліпбиіндегі араб таңбасымен – И.Р.) тура, анық жазады. Ал орыс тіліндегі ресми құжаттарды толтырғанда, сол тұстағы отарлық жүйенің ұшқары саясатының салдарынан «қырғыз» деп жазуға мәжбүр болған. Кейде осы «қырғыз» атауының жанына «қара қазақ» деп жақша ішінде көрсеткен тұстары да кездеседі. Осындай қасақана жасалған қысымшылықтарға кез болған сол кезеңдегі зиялыларымыз қалайша ұлтшыл, ұлтжанды болмасын!? Орыс патшалығынан кейін, билікке басына келген Кеңестік одақтық әміршіл-әкімшіл жүйесі де қазақтарға өз ұлтының атын тура айтып, тура жазуға тыйым салған. Мұны сол тұстағы толтырылған ресми құжаттардан көптеп кездестіруге болады. Мәселен, мұрағаттарда қатталған құжаттарда «қазақ» сөзі екі тілде әр түрлі көрсетіледі. Орыс тілінде «киргиз», араб таңбасындағы қазақ тілінде «қазақ» деп жазылған. Өмірге қазақ болып келіп, оны құжат тілінде «қазақ» деп жаза алмау, ұлтты қорлаудың ең сорақысы еді. Ұлт үшін бұдан артық қысастық, бұдан артық менсінбеушілік болған ба?!

Орыс үкіметінің әміршіл билік жүйесі «қазақ» сөзін орыс ішіндегі «атты казактармен» шатастырмау үшін, өзінің атамекені, өзінің Отанында отырған қазақ ұлтын «қырғыз» деп, ал қырғызды «қара қырғыз» деп күштеп жаздырғаны тарихи деректерден белгілі. Кіріптарлық не істетпейді... Ал мұндай кемсітушілік кімге керек болды?! Әлбетте, қол астындағы аз ұлтты елдерде «бір тілде» билеп-төстеу бұрынғы патшалық жүйеге де, кейінгі кеңес одағына да өте қолайлы еді. Төңкерістен кейінгі аз санды ұлттар арасындағы пролетариат теңдігі тек сөз жүзінде болып, ал іс жүзінде «қой терісін жамылған қорқаулар» қазақ жеріне өз қалауларын еркіндігінше жүргізді. Билік жүйесіндегі осындай теңсіздіктің кесірінен, қазақ халқы ғасырлар бойына өз ұлтының атын тура айту мүмкіншілігінен де айырылды.

Тарих жылнамасына зер салсақ, Ахмет балалықпен қоштасқанда, оның туған өлкесі көне Торғай түгелдей орыс патшалығының өңешіне жұтылған уақытпен тұспа-тұс келеді. Осы бір өз атамекенінде отырып, өз еркіндігін, жерін, елін қорғай алмаған, қорғансыз әулеттің басына түскен қаралы оқиға, күллі қазаққа қасақана жасалған қысастық болатын. Ал бала күнінен мұндай әділетсіздікті көрген оның санасы тез жетіліп, өз уақытынан ерте есейтеді. Ахмет айтатын «бақытсыздық» бір шаңырақтың ғана емес, Үмбетей руының дәулетті отбастарын түгелдей шарпыды. Мұрағат мәліметтеріне сүйенсек, осы ойранда Ақтас, Байтұрсын, Данияр Шошақовтардан басқа, Таңбаев Кәйдек және оның ұлы Темірше Кәйдеков, Жантасов Қорғанбек, Тілеушин Божақан (әулеттік шежіреде Бажықан – И.Р.), Байтұтов Ыбырайлар көгендей тізімделіп, күнәлілердің қатарында көрсетілген [14]. Кәйдек пен Шошақ бір атаның, Таңбайдың бел балалары, ал Тілеуші Аташтың ұлы, атасы – Есентай. Үлкен атасы Жиенбай Үмбетейден туған. Нақтырақ таратсақ, Божақан Байтұрсынның аталас ағайын тумасы. Ыбырайдың әкесі Байтұт Үмбетей батырдың қалмақ әйелінен туған Баяндының ұрпағы болады. Осы аты аталған адамдардың қай-қайсысының да ұрпақтары, анығырақ, үлкен ата Таңбай әулетінің қуғын-сүргінге ұшырағаны соншалық, тіпті отырған қонысынан шалғай жатқан құмдақ ауылдардың біріне үдере көшеді [9, 85-б.].

Осы күні бұқаралық ақпарат құралдарының ғаламторлық жүйесінде Ахметтің әкесіз қалғандығы жөнінде мынадай мәлімет таратылып жүр: «…Его, остававшегося беспризорным, один из уцелевших родственников отдает в Тургайское двухклассное русско-казахское училище» [16]. Орыстілді орта үшін жазылған мұндай мақаланы оқыған адам, «Апырым-ай, қазақтар қандай қатыгез болған» деп ойлап, айтылған ақпаратты тура мағынада қабылдауы әбден мүмкін. Бірақ, бұл мағлұмат жалаң әрі негізсіз берілген құрғақ сөз. Өйткені, қазақ шаңырағында жетім баланың өзі қараусыз қалуы мүмкін емес. Ежелден «аға өлсе, іні – мұра, іні өлсе, аға – мұра» деген қағиданы ұстанған қазақ халқы жетімегін өзі аш-жалаңаш отырса да қаңғыртпаған, отбасымен бірге өз үйірінде асыраған. Шындығында, үлкен шаңырақта дүниеге келген Ахмет ешқашанда қамқорлықсыз, қараусыз қалған емес. Оның анасы Күңші басына түскен ауыр қасірет-бейнетке көніп, бауырындағы балаларын қараусыз тастау былай тұрсын, шашау шығармаған. Тұла бойы тұңғыштарындай емес, ортаншы ұлының бойындағы зеректік пен алғырлықты бірінші аңғарған анасы, оны оқыту үшін сауатты адамдардың алдына өзі апарған. Баласының оқуға деген ерекше ынта-ықыласын әу баста байқаған ана жүрегі, қолының қысқалығына қарамастан, «жоқтан бар жасап» оқудан үзбейді. Алғыр бала ауыл молдасынан алған оқуға қанағаттанбайды. Әрі орыс оязының әкесі Байтұрсын мен оның туған-туыстарына жалған жала жауып, жасаған қорлығына іштей күйініп, құса болып жүреді.

Сарытүбектен шалғай жатқан Торғайға кез-келгеннің бала оқытуға мүмкіндігі бола бермейді. Ауқатты деген отбасының да ілуде біреуінің ғана шама-шарқы жетеді. Айдын шалқар Ақкөл мен қыраттағы Торғайдың арасы ат-көлігі сайлаулы адамға күндік жол. Жаяу-жалпы жолаушыға қырдағы ауылдардың біріне қона жүріп, екі-үш күнде төбесін әрең көрсетеді. Төте жолмен суыт жүріп, жүз шақырымда алған жараулы аттың өзі болдыртып қалады. Ал ат үстіндегі адамға тоғыз қырдан асқан соң ғана Торғайдың төбесі көз ұшында мұнарланып көрінсе, он тоғыз қырды артқа тастағанда қыш қаланың шетіне кіресің. Бетпақтағы ақшаңқай киіз үйлерде артқа тастап, қызыл кірпіштен соғылған қаз-қатар тас үйлерді көргенде кәдімгі қалада жүргендей боласың. Мұндай қыш қалада оқу – ауыл баласының барлығының да қиялындағы қол жетпес арманы екені анық.

Елде қалған әкесінің жалғыз інісі Ерғазының үлкен әкелері Ақтастың ұлы Аспандиярды «оқуға бермек» болған ниетін сезген бала Ахмет, ағасына өзінің де оқығысы келетінін айтады. Баланың өжеттігіне ыразы болған Ерғазы, оның Торғай қаласындағы оқуға түсуіне ықпал етіп, көмектеседі. Бастарына түскен ауыртпашылыққа мойымастан, қайта өмір соққысына шираған жеңге мен қайынінісі қаражат жағын бірлесе көтеріп, Ахметтің үзіліссіз оқуына шама-шарқыларынша жағдай жасайды. Бір ауылдың арқасүйер асқар тауы, тірегі болған Байтұрсын болса туыстарымен итжеккенде айдауда, олардың «аман-сау елге оралуы» екіталай, артындағы жұртының да, жат жердегі олардың да жүрегі күпті. Десе де «үмітсіз – шайтан» дегендей, көңіл шіркін алға сүйрейді, жылт еткен үміт отын жағады. Ел жақтағылар «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп, сақылдаған суығы ұлыған Сібірге көздерін тіксе, жат жердегілер «қайран, қазақ даласы-ай, өзіңді қайта айналып көрер күн туар ма» деп күдерлерін үзбейді...

Тумысынан дарынды Ахмет Торғайдағы екі сыныптық орыс-қырғыз училищеге 1886-шы жылы 14 жасында қабылданып, бұл оқу орнын 1891-ші жылы 19 жасқа қараған шағында тәмамдайды [12]. Бес жылға жуық оқыған орыс-қазақ мектебіндегі оқытылатын пән сабақтарының орыс бағдарламасы бойынша жүргізілгеніне қарамастан, Ахметтің қоғам, ел, жер тану болмысы қазақша қалыптасады. Тіпті, оның өзі осы оқуға қабылданып жатқанда, бұрын-соңды «жат тілді» естімегендіктен, «оқудың орыс тілділігіне» көңілі қатты қобалжып, әкесінің інісі Ерғазы ағасына «ертең тілім шүлдірлеп, орыс болып кетсем қайтесіңдер?» деп, көңіліндегі қорқынышын білдірсе керек. Ауылдан алғаш рет ұзап шыққан Ахметтің бойындағы білімге деген құштарлық, оның туыстарға деген сағынышына саябыр беріп, мектеп қабырғасындағы тәлім-тәрбие мен оқып-үйренудің ережелерін бұлжытпай орындауға дағдыландырады. Білім-ілімге бар болмысымен ден қойған ол, оқу ордасындағы бес жылғы сынақтан сүрінбей өтеді.

Рухани замандасы әрі жерлес інісі Міржақып Дулатұлының «Труды Общества изучения Киргизского края» (Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының еңбектері) деген басылымда жарияланған «Ахмет Байтурсынович Байтурсынов» атты өмірбаяндық очеркі 1922-ші жылы ағартушы-ғалымның елу жылдық мерейтойы құрметіне арналып, орыс тілінде дайындалған. Бұл мақала Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорында тіркелген. 6,5 беттен тұрады, ал қолжазбаның екінші нұсқасы А.Байтұрсынұлының мұрағаттар қорында [13]. Осы басылымның мұрағатта «қатталған» екінші бір данасы – 2003-ші жылы қазан айының 23-і күні репрессия құрбандарына арналып ашылған «Саяси қуғын-сүргін тарихы мұражайының» көрмесіне экспонат ретінде қойылған еді. Өкініштісі, бұл мұражайдың ғұмыры ұзақ болмай, 2005-ші жылы жабылып қалды... М.Дулатұлының өмірбаяндық мақаласының бiрнеше рет басылым көрiп, тіпті өзге ұлт өкілдерінiң зерттеу еңбектерiне арқау болғандығы тарих белгілі. Бұл жөнінде ахметтану тараушасында кеңірек талдап, тарататын боламыз. Енді осы мақаладағы кейбір деректі мәлiметтерге тоқталамыз. Мәселен, Ахметтiң оқуға деген құштарлығының себептерi мен оның әкесінің өз ортасында қандай адам болғандығы туралы Байтұрсынның келбетін тану үшiн мақаланың кей тұстарынан қаз-қалпында үзінді береміз: «...В раннем детсве он кое-как научилься мусульманской грамоте у аульного муллы. Этим закончилось бы его образование и он остался бы на всю жизнь полуграмотным..., если бы, по поговорке «не помогло не счастье» - деп, ол заманда қарапайым ауыл малшысының баласы орталықтағы орыс мектебіне оқуға қабылдануы, мүмкін болмағандығын айтады. Дегенмен мұндай бақыт, оның «отбасына келген бақытсыздық» арқылы бұйырғанын, әрі оқу мен білімге деген шексіз құштарлықтың түп-қазығы – әлеуметтік қажеттіліктен туындағандығын жазады [13].

(Жалғасы бар. Бұл үзінді кітаптың "Ғалым ғұмырнамасы және ахметтанудың негіздері" атты І-тарауының 11-21-беттерінен алынды)

 

         

Ақпарат Имаханбет Райханның

FB парақшасынан алынды

Пікірлер